Іштегі дарынын сыртқа шығарып, шығармасына жан бітіретін адамдар таңнан кешке дейін жалақы үшін ғана қызмет ететін кей кәсіп иелерінен мүлде басқаша болады. Шығармашылықпен айналысатын ер адамдардың жарлары аса қиналмайды. Өйткені шығармашылыққа жаны жақын әйелдердің жұбайлары да өміріне өкпе артып жүрген жоқ. Егер сіз шабытымен сырласатын, музасымен мұңдасатын нәзік жанды арудың сүйіктісі болсаңыз, мына жазбаны оқып шығыңыз. Оқып қана қоймай, көңіліңізге тоқып та алыңыз.
Шығармашылыққа жақын арулардың жаны жас сәбидей болады. Сонда да оның қырық жаны бар. Мұндай арулар сырттай мықты болғанымен, іштей өте жұмсақ болады. Оларды тек алақанда мәпелеп қана ұстау керек. Самал жел үп етсе де жүректері дір ете қалады. Көздерінде жас дайын тұрады. Сондықтан самал жел тигізбей мұндай нәзік жандыларды алақанда аялап ықта ғана ұстап жүру керек. Ал егер олар қандай да бір қиын жағдайдың құрбаны болып, өмірге өкпелеп қалса бүкіл әлемнен сырт айналады. Өзін бақытсыз сезініп, тек шығармашылығымен ғана айналысып, тұйықтала бастайды. Сондықтан мұндай гүлдердің жан-қақпасын күні-түні ұйқы көрмей күзету ғана керек.
Егер сіз сүйіктіңізбен үнемі түнде бірге ұйқыға кетіп, таңертең бірге оянғанды қалаған болсаңыз, ол арманыңызды келмеске шығарып сала беріңіз. Өйткені сүйіктіңіздің өз сүйікті музасы бар. Ол муза күн мен түнді талғамай келеді де тұрады. Таңертең таңғы асыңыз дайын болмай, жағдайыңыз жасалмай жатса, сүйіктіңіздің музасы келгенін біле беріңіз. Оны шабыты келгенде шошыта көрмеңіз. Егер қарым-қатынасыңыздың мәнді болғанын қаласаңыз, әйеліңіздің музасын үркітіп алмаңыз. Муза да қанішерлер секілді. Олар да күннен қорқып, түнде ғана пайда болады. Түн ішінде жазушы жұбыңыз компьютердің пернелерімен ары-бері «секіріп ойнап» жүрсе, түсіністік танытып, ұйқыңызды жалғастыра беріңіз. «Не жазып жатсың?» деп жағаласа көрмеңіз, тек... Ол муза келгенде, тек онымен ғана оңаша қалғанды қалайды. Музаны, не сізді таңдау керек болса, ойланбастан музаны таңдауы да ғажап емес. Өйткені мұндай адамдардың өмірі шығармашылықпен астасып кеткен. Олар үшін өмір деген - шығармашылық.
Шығармашылыққа жақын арулардың жаны өте нәзік келетінін айттық. Содан болар, олардың қасында отырып қорқынышты жаңалықтар тыңдап, криминалды бағдарламалар көру мүмкін емес.
Мұндай арулар жігіттердің бойындағы рухани тазалығына көп мән береді. Олар үшін материалдық жағдай бірінші орында емес. Оларға тыныш өмір сүру үшін өзі қалағандай жағдай жасап, шығармашылығына еркіндік сыйласаңыз да жеткілікті.
Егер сіз шығармашылықтан хабарсыз болсаңыз, екеуіңізге көп пікір таластырудың қажеті жоқ. Өйткені екеуіңіздің таным-түсінігіңіз де, өмірлік қағидаларыңыз да екі түрлі болуы мүмкін.
Шығармашылық адамдар өзге адамдардың бойынан тек жақсы қасиеттерін ғана көреді. Егер оған ешкім келіп арнайы соқтықпаса, ол үшін өмірде тек жақсы адамдар ғана өмір сүретіндей көрінеді. Сондықтан сіз оған тек еркіндік беріңіз. Сонда қарым-қатынастарыңыз да қалыпты болады. Ол шекарадан асып ары бармайды. Соны түсініңіз.
Олармен қарапайым өмірде тіл табысу қиынға соқпайды. Егер ол актриса болса, онымен рөліндегі серіктесіндей болып сөйлесіңіз. Ал егер суретші болса, оның жарасады деген галстугын байлаңыз. Ал егер жазушы болса, оның шығармасындағы образдарды түсінуге тырысыңыз.
Шығармашлыққа жаны жақын әйелдерге өмірде эмоция өте керек. Бірақ ол эмоцияны тентектігіне пайдаланбауы керек. Эмоциясыз дұрыс шығарма туындамайды. Бірақ сол эмоция ұрыс-керіс туындатпауына мән беріңіз.
Тұрмыстық жұмыстардың бәрі көңіліңізден шықпай тұрса, оған оны ескертіп шаршамай-ақ қойғаныңыз дұрыс. Оған қарағанда сіз бұл іспен мұқият айналыса аласыз. Амал жоқ...
Шығармашылық адамдар үшін өздері емес, кітабын жарыққа шығармаған редактор, образына көңілі толмаған режиссер не продюсер ғана кінәлі. Шығармашыл адамдар өздерін мұндай істе ешқашан кінәлі санамайды. Егер оның өнерін не шығармасын біреу түкке тұрғысыз санаса, ол сондай баға берген адамның өзін солай санауға дайын тұрады. Оның көңілінен шығу үшін мұндай кезде әйеліңізді емес, оның шығармасын мойындамаған редакторды не режиссерді сынап үйреніңіз.
Есесіне, шығармашылықпен айналысатын әйел сізді ешқашан зеріктірмейді.
Сурет: Николай Винокуров