Жарасымдыжұп құрудың бесаспап ережесін табу қиын шығар. Дегенмен барлық бақытты жанұялар бір-біріне ұқсас келеді деп Л.Н. Толстой айтқандай, кейбір шаңырағы берік отбасыларға тән ортақ ерекшеліктер бар. Мұндай жұптарға қандай қасиеттер тән екен? Біле отырыңыздар! Бір-біріне қажет екенін сезінеді Дұрыс қарым-қатынас орнатқан ерлі-зайыптылар өзара қамқор әрі бір-біріне жақын болады. Алайда өзіңізге көңіл бөлуін сұрап, жұбайыңыздың жүйкесіне тие бермеген жөн. Өмірі керек кезде қасымда болмайсың, жұмысқа беріліп кетесің деудің орнына сен маған керексің, бүгін бірге болайықшы деген ұсыныс жасаңыз. Ал бұл сізге қатысты айтылып тұрса және шынымен жұмысбасты болсаңыз, қазір жұмыста қиын болып жатыр. Шынымен көңіліңнен шықпай жүрген сияқтымын. Бірақ ештеңеге қарамай, мені жақсы көретінің маңызды деп айтыңыз. Кінәні дер кезінде мойындайды Сәтті жұптар қандай да бір жағдай орын алғанда өз қателігін мойындап, кешірім сұрауға дайын тұрады. Олар кешірім сұрау беделді түсірмейтінін, керісінше өздеріне деген сенімді арттырып, қарым-қатынасты нығайтатынын біледі. Әрқашан да сабырлы Жанұяда жұбайымызды әр түрлі жағдайларда көреміз. Өмірде көңілді әрі мұңлы сәттер кезектесіп тұратыны белгілі. Ұсақ-түйек ұрыс-керіс те болып тұрады. Бірақ жұбайыңыздың сәл көңіл-күйі болмай, бір сәт ашуға беріліп жатса, оған бола күңкілдей кетпеңіз. Оның ашуы сәлден кейін тарайды, ал бекер ұрсысып қалсаңыз, бір-біріңіздің көңіліне қаяу түсіресіз. Бірін-бірі құрметтейді Көңіліңізден шығатын іс тындардаған кездерде алғыс білдіріп, рақмет айтып тұрыңыз. Орынды комплименттің өзі де жанға майдай жағатынын ұмытпаңыз. Жұбайыңыз үйге келгенде, күлімдеп қарсы алыңыз. Жалпы оның жақсы жақтарына көбірек назар аударыңыз. Мәселелерді дұрыс шеше біледі Жұбайыңыз ұрсысып айтқанымен, оның ар жағында өтініш тұратынын ұмытпаңыз. Дұрыс тыңдай біліңіз. Дау-дамайды ушықтырмау үшін тақырып шеңберінен шықпаңыз және басқа мәселелерді араластырмаңыз. Сондай-ақ бұрын болған олқылықтарды қайта еске салудың қажеті жоқ. Бір кездері кешірдіңіз бе, болған жағдайды ұмытыңыз және оған қайта оралмаңыз. Тағы назар аударуға тұрарлық нәрсе: Джон Готтман деген зерттеушінің айтуынша, адаммен жақсы қарым-қатынаста болу үшін позитивті сәттер негативтен 5 есе көп болуы керек. Бір рет бүлдірдіңіз бе, есесін бес рет өтеуге тура келеді. Бір-бірінің жеке кеңістігіне қол сұқпайды Екі жарты бір бүтін десек те, екі адамның бірдей болуы мүмкін емес. Әрқайсысымыздың өз қызығушылықтарымыз бар, мұның үстіне ауық-ауық достарымызбен де оңашада сыр шерткіміз келеді. Сондықтан арасында жұбайыңызға еркіндік беріп, уақытты бірге өткізуге күштей бермеңіз. Өзіңізге қызықты хобби табыңыз, спортпен шұғылданыңыз, қызықты тақырыптар бойынша клубтарға қатысыңыз. Біраздан кейін мұның өзіңізге деген пайдасын сезініп, жеке уақытыңызды қадірлейтін боласыз. Жаңа дүниелерді бірге таниды Жанұядағы ең қызықты оқиғалар жаңа нәрсені бастан кешірген кезде орын алады. Кейде ескі ережелерді бұзып, тосын шешімдер жасаған пайдалы. Арасында бұрын болмаған мейрамханаларға, мәдени орындарға барып көріңіз. Қызықты өнер көрмелерін назардан тыс қалдырмаңыз. Жай ғана үстел ойынын ойнап көру де қарым-қатынасқа жаңалық әкеліп, жұбайыңызды басқа қырынан көруге көмектеседі. Дереккөз:arular.kz