Жаныңыздағы "жағымсыз" әріптес

Жаныңыздағы "жағымсыз" әріптес
Фото: freepik.com

Жұмыс беруші үшін ұжымның өзара татулығы мен сыйластығы маңызды. Өйткені бұл жұмыс күші мен өндіріске айтарлықтай әсер етеді. Өмірде жақсы мен жаманның қатар жүретіні секілді, әріптестер арасында да уытты адам кездеседі. Олар — әдетте ұжымдық мәдениеттен алшақ, компанияның құндылықтарын кейінге ығыстырып қойып, уытты орта қалыптастыратын адамдар. Ондай қызметкерлер міндетті түрде жанжал шығарып, дау шығармауы да мүмкін. Тіпті барлық әріптестерімен жақсы қарым-қатынаста болады. Уытты қызметкер тиімді әрі пайдалы болғанымен, кез келген уақытта әріптесін жағымсыз жағдайда қалдыруы ғажап емес. Бүгін арамыздағы жасырын "жағымсыз әріптеске" тән ерекшеліктерді көрсететін боламыз.   

Пер­фек­ци­о­нист 

Пер­фек­ци­о­ни­стер қоршаған ортаға өзінің ісіне адалдығы арқылы әсер етеді. Олар әдетте тым жоғары қойылған стандартты ұстанады, бастықтың іс-қимылына байланысты өзгеріп отырады әрі жұмысты өзі қалағандай орындамаған адамнан бар ашуын алады. Олар қалыптастырған ережелер мен басқару стилі мінсіз басқарушы идеясының негізінде жүзеге асады. Жоғары жаққа жағынамын деп жүргенде, өзінен шені төмендерді байқамайды. Олардың ойымен санаспайды және қысым көрсетеді. Бұндай адам басқаратын ұжым әдетте өзара ұйымшылдықтан жұрдай болады. Перфекци­о­ни­стер өзгелерді жиі сынайды және негатив ойын еркін айтады. Ешқашан өзгенің кеңесіне құлақ аспайды. 

Перфекционистерге тән қасиеттер:
- уақыттың басым бөлігін жұмысқа арнайды;
- тапсырмаларды бөле білмейді, өйткені біреу тура өзі сияқты орындай алатынына сенбейді;
- барлық нәрсені қадағалап отыруға тырысады;
- қателікті өзгеден көреді және бәріне дұрыс жұмыс істемеді деп айып тағады.

Бүлікші

Бүлікші — ылғи ережеге қарсы шыққанды жаны сүйетін адам. Олар қабылданған шешімді, атқарылған жұмыс пен қалыптасқан ережелерді сынап жүреді. Мұндай адамдар әдетте өзгелермен еркін тіл табысады, әріптестерімен байланысқа оңай шығады. Бар іс-қимылы өз ойы әлі толық қалыптастырып үлгермеген жасөспірімге ұқсайды. Егер ол адаммен жақын араласа бастасаңыз, олардың өзін басқара алмайтынына көзіңіз жетеді. Оларды ерекше пікірлері емес, ережеден ерекшелену ойы басқарады. Бұның бәрі билікпен де тығыз байланысты — бастықтар артық білетін адам болмауы тиіс. Оған ешнәрсе ұнамайды: бастық, жобалар, әріптестері, жалақы, кеңседегі кофе, кеңсе сыртындағы кофе, мансаптың жоғарылау мүмкіндігі және олардың жоқтығы да оның көңілінен шықпайды.  

Бүлікшіге тән қасиеттер:
- Ережені мойындамайды;
- Тілімен "шағып" алатын әдеті бар;
- Өзгенің сынына шыдай алмайды;
- Бүлікші ретінде жұрттың назарын өзіне аударады, кейін тәуелділікке айналуы мүмкін;
- Жауапкершіліктен және шешім қабылдаудан қашады.

Ертегіші

Мұндай адамдар тың идеяларды ортаға тастайды. Бірақ ешқашан жүзеге асырмайды. Оларда барлық іс сөз жүзінде ғана болады. "Ертегіші" қызметкер креатив болуы мүмкін, бірақ жауапкершілікке келгенде бәрін тастап қаша жөнеледі. Оларға сеніп тапсырған жоба сәтсіздікке ұшырайтыны анық. Олар жұмыс істемеу үшін түрлі сылтау табуы мүмкін.

Ертегішіге тән қасиеттер:
- өзінің орнына жұмыс істейтін адам іздейді;
- өзгелердің назары мен мақтауына зәру;
- өздері ешқашан жұмысты өз бетімен бастамайды;
- оның мінсіз идеяларын ұғуы үшін қоршаған ортаға әлі ақыл жетіспейді деп санайды.

Рак жасушасы

Рак жасушасының психологиясы ешнәрсе бермей тек алудан тұрады. Мұндай қызметкерлер бір қарағанда айтарлықтай мәселе тудырмайды. Ұжымдық оқу бағдарламарына қатысады, іссапарға барады, шаралардың бірін жібермегеніне қарамастан, беретіні аз, тиімсіз қызметкер. Жұмыс беруші оған өз энергиясын, уақытын, білімін беруі мүмкін. Дегенмен атқарған жұмысы өнімді болмайды. Сонымен қатар, рак жасушасының психологиясы бойынша олар әлемге ешнәрсе беруге міндетті емес, бірақ қоршаған орта оның сұранысын қанағаттандыруы тиіс.

"Рак жасушасына" тән қасиеттер:
- ұжым ресурсын белсенді түрде пайдаланады: мерекелік бас қосудан қалмайды, оқиды, іссапарға шығады; 
- өз ойы болмайды;
- жауапкершіліктен қашып, өзгенің көлеңкесінде болуды жақсы көреді;
- жағдайы жақсы жерді ғана таңдайды;
- өзінің бас пайдасын бәрінен жоғары қояды;
- жүйеге ылғи ренішін білдіреді. 

Нар­цисс 

Мұндай қызметкер әдетте жалғыз жүреді. Оған ұжымға сіңісу өте қиын. Олар топтық жұмысты жаны сүймейді, жеке жұмыстарды ғана жақсы көреді. Әріптестерін бағалай алмайды.

Нарцистерге тән қасиеттер:
- топтық жұмысты ұнатпайды;
- әріптестерімен тіл табысуы қиын;
- өз қажеттілігін топ пен компания қажеттілігінен жоғары қояды;
- бәрін өз дегеніндей жасауды құп көреді;
- тәкаппарлық қасиеті бар.

Өсекші

Кеңсе өмірінде ұжым арасындағы достық пен өсек арасында көрінер-көрінбес шекара барын ұмытпаған жөн. Ұжым арасындағы өсек топтық жұмыстың өнімділігіне әсер етеді. Өсекшілер жұмыс туралы емес, әріптестері туралы әңгіме бастаған сәтте-ақ кеңсе іші аласапыранға айналады. Бірін-бірі көре алмау, жанжал туындауы да мүмкін. Мұндай жағдай тумауы үшін қызметкерлерге өзара әңгімелесуге (түскі ас кезінде)  жетілікті мүмкіндік берген дұрыс. Ал жұмыс уақытында бар уақытын толықтай жұмысқа арнауын талап етіңіз. 

Өсекшілерге тән қасиеттер:
- өзгелерді талқылағанды жақсы көреді;
- дөрекі;
- жұмыс уақытын бос әңгімеге арнайды;
- логика мен ойды эмоциялар басқарады;
- бірнеше адам болып топтасады.

Про­кра­сти­на­тор

Мұндай адам басты мақсаты мен уақытында орындалуы тиіс жұмысты ұмытып, алаңдататын өзге нәрсе тауып алады. Яғни уақытты текке өткізеді. Әлеуметтік желіде сағаттап отыруы мүмкін, тапсырыс берушімен жұмыстан басқа нәрсені талқылауы мүмкін. Олар дедлайн мен келісімшарт уақытын ұмытып кетеді. Про­кра­сти­на­то­рды ұжымда бәрімін тез тіл табыса білетін адам ретінде жақсы таниды. Жақсы кеңес береді және әріптестерімен оның жеке өмірін еркін талқылай алады. Мұндай қызметкер кез келген компанияда кездеседі. Олар әрдайым жұмыс істеп отырғандай кейіп танытатындықтан оларды бірден аңғару қиын. Егер қызметкеріңіздің жұмысты уақытында орындамайтынын бір рет байқасаңыз, онда оған көз жұма қарамаңыз. Нақты дедлайн қойып, тапсырмалар беріп, оларды тапсыруды талап етіңіз. Сол кезде ғана іске кіріседі.

Про­кра­сти­на­то­рларға тән қасиеттер:
- жұмысты кейінге қалдыру;
- дедлайнды ұмыту;
- жұмыс сапасы нашарлығы;
- әрқашан қолы бос емес, бірақ немен айналысып жатқанын айта алмайды.

Агрес­сор

Қызметкерлер арасында агрессор — ең уыттысы. Онымен тіл табысу қиын, ол әрқашан мазасыз, ешнәрсеге көңілі толмайды. Ол ашуға бірден бой алдырады, сондықтан келіспеушілік болып тұрады. Олар өзін қоршаған ортаны сыйлай білмейді, өзгенің жағдайын түсінуге қауқарсыз. Оның үстіне, олар тиімді қызметкерлер қатарына жатпайды. Көбіне айналасындағы адамдардың өмірін улаумен болады. Мұндай қызметкердің үстінен өзге әріптестері жиі шағымданады.

Агрес­со­рға тән қасиеттер:
- мазасыздық;
- ашушаңдық;
- басшылыққа, әріптертері мен тұтынушыға сыйластық білдірмейді.

Құрбан

Бұл қатарға жататын адамдар әрдайым психологиялық зақым алғанын анық көрсетіп жүреді. Көбіне бұл психологиялық зардап пен жұмыстың байланысы болмайды. Мұндай қызметкердің ешнәрсеге зауқы болмайды, үйіндегі мәселелерге жиі шағым айтады, денсаулығының мәз емес екенін де көрсетеді. Құрбан қызметкерлерде жұмысты атқармауға, компанияның ұжымдық өміріне араласпауға себеп жетіп-артылады. Егер басшылық оның жағдайын түсінуге тырыспаса, ол адамның моральдық құндылықтарына күмән келтіреді. Сізді қатыгез деп кінәлауы да мүмкін.

Құрбанға тән қасиеттер:  
- қиындықтан арылмайды;
- оларды аяуы тиіс және сондай мағынадағы әңгімелерді жиі көтереді;
- өзгелердің пікірін елемейді, өзінікін ғана дұрыс санайды;
- ешкімді тыңдамайды;
- жұмысты соңғы орынға қояды.

Т. Есқали