Әрбір адам осындай жан азабын тартады десек, қателеспейміз. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір-бірімізді ренжітіп алып жатамыз. Кешірім де сұраймыз, «кешірдім» деп те жатамыз. Дегенмен шынымен кешірдіңіз бе?
Егер әлгі адамды «кешірдім» дегеннен кейін де сол адамға ренішіңізді досыңызға, құрбыңызға, тағы басқа жақындарыңызға айтатын болсаңыз, онда оны кешірмегеніңіз.
Кешіру − адам үшін ғана емес, өзіңіз үшін де қажет. Себебі болған келеңсіз жайтты қайта-қайта елестете беру энергияңызды, денсаулығыңызды құртады, тіпті онкологиялық ауруларға да ұласуы мүмкін екендігі жөнінде соңғы кезде мамандар жиі айтып жүр.
Сонымен қалай кешіруге болады?
Лиз Бурбо, Александр Свияш, Луиза Хей сияқты психолог-жазушылар әртүрлі кешіру техникаларын ұсынады. Бұлардан басқа бүгін мен сіздерді психоаналитиктер қолданатын «үш хат» деп аталатын техникамен таныстырғым келеді.
Бірінші хат. Алғашқы хат өзіңізді ренжіткен адамға арналады. Мұнда сіз оған деген өкпе-назыңызды, көңіліңіздегі ренішіңізді түгелдей ақ қағазға түсіресіз.
«Неліктен, не мақсатпен... сүйттіңіз?» деген формада сұрақтар қойыңыз.
Хат бір сағатта не бірнеше күн ішінде жазылуы мүмкін. Оны адресатқа жіберудің қажеті жоқ, ойша жолдайсыз.
Екінші хат. Сол кісінің хатты алып, оқығанын елестетіңіз. Оқып болды-ау дегеннен кейін, өзіңізді оның орнына қойып, соның атынан өзіңізге жауап хат жазасыз. Реніштің себебін, неліктен туындағанын түсіндіруге талпынасыз. Бұл хат бірінші хаттан ұзақ жазылуы мүмкін. Әбден жазып біткеннен кейін уақытша бір жерге салып қойыңыз. 1-2 күн өткеннен кейін, оны пошташының есік қағып, әкеліп бергенін елестетіп, хатты оқисыз.
Үшінші хат. Соңғы хатта сізді ренжіткен адамды кешіргеніңізді және өзіңіздің де одан кешірім сұрайтындығыңыз жазылады.
Сәттілік тілейміз!
Автор: Фариза Әбілова
Сурет: wallsgeneration.ru
Оқи отырыңыз:
"Оны ұмытамын" десеңіз...
Психологқа кімдер барады?
Жігіттерге қандай қыздар ұнайды?