- Негізгі бет
- Психология
- Жаным, сен менің...
Жаным, сен менің анам сияқтысың!
Жігіттерге қыздар тарапынан жаға қоймайтын қылықтарды айта кетсек. Бұлар жігіттерге кейде ұнауы да мүмкін. Тек анасындай тым қамқор болып, жасанды қылық жасайтын қыздардың бары да жасырын емес.
Бәрін қазбалап сұрау
Жігіттердің көбі асты-үстіне түсіп, жағдайын жасағанды ұнатады. Үнемі әлденені есіне түсіріп, ұмытпауын ескертіп жүретін қыздарды керек ететін жігіттер де жоқ емес. Бірақ анасының аузынан күн сайын естіп жүрген оларға кейбір қыздар тарапынан айтылатын ескертпелер аса ұнай бермейді. Қыздар өздерінің мұндай сөздерді қалай көп айтатындығын кейде аңғармайды да. Енді бір сәт ойланып көріңіздерші. Сіздер де мына сөздерді (не осыған ұқсас сөздерді) жиі айтасыздар ғой:
- "Жан, сен қайда болдың?"
- "Хабарламаға бір сағаттан соң жауап жаздың ғой. Не болды сонша?"
- "Бүгін қаншада ояндың?"
- "Таксиге қанша теңге бердің?"
- "Өткенде менімен таныстырған жолдасыңның қызы бар ма?"
- "Анау қыз сенен көз алмайды ғой. Танысың ба?"
- "Мына бөтен нөмір қоңырау шалыпты ғой саған. Кім ол? Не дейді?"
Шектен шыға еркелету не алдау
Көптеген қыздардың пікірінше, жігіттерді алдап өмір сүру керек. Қыздар, олар аңқау емес.
- "Менің жаным ұрыспайды"
- "Жан, сен мықтысың ғой"
- "Өзі сондай ақылды"
- "Сенің миың көп қой"
- "Менің жанымның күші көп"
- "Ертегі айтып берейін бе?"
Дәл осылай баладай еркелету көп жігіттің жанына жаға қоймас.
Тінту не тыйым салу
Үйге барса, анасы, үйден шықса, сіз... Қалтасын тінтіп, телефонын шұқылап, жеке почтасына барлау жасап мазасын жиі алатындар да аз емес. Одан қала берсе, әкесі мен анасындай балан үйрегін көрсете тұрып тыйым салады келіп.
- "Енді бұлай жасаушы болма!"
- "Осыдан кейін тағы қайталайтын болсаң, менімен қоштаса бер!"
- "Шылым шеге бермеші!"
- "Менен басқа қыздың нөмірі тұрмайтын болсын тізімде"
- "Почтаңның құпия санын айтшы"
- "Неге еркінсіп жүрсің?"
Жиі ескертпелер жасау
Дегенмен, мұндай ескертпелер кей жігіттердің жанына майдай жағады екен.
- "Басыңды жусаң, қалпақ киіп шық. Суықтап қаларсың"
- "Қолшатырыңды ала шық, жаңбыр құйып тұр"
- "Жеткен соң маған хабар бер. Уайымдап қаламын"
- "Неге сонша ұзақ хабарсыз кеттің? Бір нәрсеге ұрынып қалды ма деп қорықтым ғой"
- "Жаным, кілтті ала шығуды ұмытпа!"
- "Дәрілеріңді уақытылы ішіп жүр"
- "Тамағыңды жеп ал, суып қалады"
Мұндайды ұнатпайтын жігіттер де жоқ емес. Егер сіздің ескертпеңіз оған қай жағынан болса да пайда беріп жатса, онда ол мүлде басқа әңгіме. Бірақ онсыз да түсінікті әрі естен шықпайтын нәрселерді қайта-қайта ескертіп айта бергенді сізді жігітіңіз іштей болса да жақтырмауы әбден мүмкін.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: mail.ru
А. Әбілхан