Жаным, неге ұрысқақсың?

Неге ғашықтар бірін-бірі сүйе тұра ұрысуға дайын?! Неге олар ұрыс десе бір иықтарын беріп тұрады?! Осы мәселені зерттеп, әйтеуір бір шешімге келген редакциямыздың жігіттер қауымы ұрысуға әкелетін ең басты 9 факторды назарларыңызға ұсынбақ. Ал ғашықтар арасындағы жанжалдың арты неге алып келетінін айтудың керегі де шамалы – үзіліп кетуге дайын жүйке тамырлар, ақырудан шаршаған дауыс және т.б. Осының бәрі сізге азғантай болсын пайдасы бар ма? Күн сайынғы жанжалдан шаршадыңыз ба? Ұрысты қалай айналып өтуді білмейсіз бе? Мүмкін қандай да бір ережелерді ұстану керек шығар?

Ең танымал ұрыс сылтауларын анықтау үшін апта бойы Массагеттіктер тұтас бір "ғылыми-зерттеу" жүргізді. Және басты 9 себепті айқындады. Бәлкім қыздар қауымына осы 9 қағида сүйіктісімен ренжісуден аулақ болуға септігін тигізер?


Ұрыс себептерінің тоғыздығы:

1. Кешігу

Қыздар, незігі, тумысынан эмоционалды халық қой. Мәселенің мән-жайына бармай жатып шатақ шығара салуға дайын. Неге осы байғұс жігіттер қызын қақаған қыстың аязында 1 сағат күтсе де шатақ шығармайды? Өзімізше тағы: дені дұрыс қыз болса міндетті түрде кешігу керек деп қоямыз...

2. Сыйлаған сыйлықты, керек десең өзіңді де құрбысының жігітімен салыстыруға дайын

Еркектердің өмірдегі ең ұнатпайтын, жындары қозатын нәрселердің бірі - ол салыстыру. Мейлі жақсымен, мейлі жаманмен салыстыр, еркек атаулыға мүлдем ұнамайды және ешқашан ұнап көрген емес. Сондықтан осындай сұрақпен қыздар тағы жанжалдың себепкері болады. Қыздар, бес саусақ бірдей емес, сондықтан тағдыр қосқан жігітіңізден айрылмаңыз, оны қоштап жүріңіз, сонда ғана жігіт сізді көкке көтереді.

3. Жігіт басын бұрып, басқа қызға қараса ғашықтар арасындағы Үшінші Ұлы Отан соғысы басталды дей беріңіз

Ал, қарады қызға, не болды? Осыған бола ұрыс шығару керек пе? Жігітіңіз сол мезетте сізді тастап, жаңағы қызға жүгіріп кетті ме? Қыздар сіздерге жігіттердің құпиясын ашайын, айналадағы қыздарға қарау - бұл әншейін еркектердің рефлексі, бар болғаны сол. «Жаным мен сені қызғанамын ғой» деген қыздардың сөзі еркектердің мың естісе миға кірмейтін нәрсесі, сонда қандай қызғаныш? Керісінше басқалар қызғансын...

4. Ұялы телефонды, электронды поштаны т.б. тексеру.

Егер де «екінші жартыңыз» сізді тексеріп жатса, бұл сізбен ұрысуға дайын екені айдан анық. Былайша айтқанда өзінен-өзі тырнақ астынан кір іздеп жүр деген сөз. Өйткені қыз міндетті түрде поштаға немесе телефонға хат ретінде келген әріптесіңіздің туған күніңізбен құттықтау сөзін тауып алып, соған бола ұрыс шығармақшы болады. Біздің ойымызша бұған бір ғана тосқауыл бар: бірден қызға  «ұрысқың келіп тұр ма?» деу керек.

5. Еркелетудің, жан аяушылықтың, нәзіктікті білдірмеудің кесірінен туатын жанжал

Иә, «девушки любят ушами» деп орыс халқы бекер айтпаған. Күн сайын айтылған сөздің қадірі болмайды, сол себепті жігіттердің көбі «мен сені жақсы көремін» деген сөздерді сағындырып айтуға тырысады. Бір жағынан бұл еркектердің кінәсі де шығар, бірақ осы үшін шатақ шығарудың қажеті жоқ.

6. Берілген сыйлықтарға ренжу...

Иә, қыздардың бұл ренішімен келісуге болады. Сыйға келгенде еркектердің фантазиясы, талғамы нашарлау. Кейбір жағдайда қыздар сыйлықтың арзан болғандығына ренжіп, оған қоса дау шығарып жатады. Қанша дегенмен жігіттердің барлығы байдың баласы емес қой... Өздеріңіз айтпап па едіңіздер ең бастысы ілтипат көрсету деп?

7. Жігіттен туған-туыстарыңыз жайлы жақсы ойда болуын талап етесіздер

Дұрыс, егер кімде-кім сіздің туған-туысқандарыңызды ренжітіп, келеке қылып жатса - дау, дау тұрмақ соғыс ашыңыз. Егер логикалық түрде қарайтын болсақ қандай жігіт сүйіктісінің туғанын балағаттап, оларды жамандайды? Егер сізбен болашақта отбасы құрмақ ойы болса, керісінше туыстарыңызға жағып қалуға тырысады.

8. Ұсақ-түйек әңгіменің әсері (қыздың дүкен аралағаны, қандай киім сатып алғаны, не істегені жайлы т.б.)

Бұл бөлімде қыздарға айтарым тек өзіңізге қызық тақырып бойынша емес, ортақ әңгіме құруға тырысыңыз. Себебі еркектерді өмірдің ұсақ-түйектері еш қызықтырмайды. Оған көзіңіз жетпесе, ұрысып көріңіз, "шындықты мас адам ғана айтады" демекші, ұрыс кезінде сүйіктіңізге қандай қылығыңыз ұнамайтыны жайлы шындықты бір біліп қаласыз.

9. Бөтен қыз телефон соқты - бұл да ұрысудың бір сылтауы

Құдай-ау, жігітке сіздің көзіңізге шөп салудың не қажеті бар? Біреу қатты ұнап жатса, сізбен ажырасып басқасына бара салады ғой... Сондықтан бөтен, сіз танымайтын қыздар телефон соғып жатса, қайдан білесіз шынымен сыныптастары немесе әріптестері шығар...

Жоғарыда берілген ұрыс факторлары, әрине көбіне әйелдерге тән, дегенмен – әйелдердің өздері егер жаңа өсірген тырнақтары сынып қалса, шашын бояған түсі ұнамай қалып жатса т.б. ұрыс-керістің ошағы болып жатады. Сондықтан талқыланған пункттар дұрыс па, бұрыс па, өздеріңіз шешерсіздер.

Форумда талқылау

Суреттер pickuperov.net, knigge.ru сайттарынан алынған.