- Негізгі бет
- Психология
- Жаным, неге топассың?...
Жаным, неге топассың?
Ұрыс... Иә, әлбетте ұрсысу - ғашықтардың қолдарынан келетін ең абзал істерден емес. Сонда да, сүйіктісімен бір рет те ұрсыспаған жан жоқ шығар. Редакциямыздың жігіттер қауымы жазған мақаланы оқып, төбе шашымыз тік тұрды. Олардың ойынша, жанжалды бастайтын тек қыздар екен. Сонымен, қыздардың берер жауабын қабыл алыңыздар.
1. СЕБЕПСІЗ кешігу. Бізді сағаттап аязда күтеді екен... Өтірік! Бір сағат күтсе жақсы, кетіп те қалатындары бар. 40 минутқа кешіге аламыз, рас, сонда да әр кез олай емес. Біз шынымен уақытында келуге тырысамыз! Сонда, олар бізді кездесуде сұлу, әдемі көргісі келмейді ме? Біз екен ғой сонда жынды, кездесуге дайындалып, шаш сәндеп, боянып, не киерімізді жарты күн ойланатын. Осындай дайындықтан кейін, кездесу орнына барғанда, жігіт келе қоймаса, қалай шатақ шығармасқа? Кешігуінің себебі не болды? Басқа қыз ба? "Сүйікті" достары ма? Себебінің дені дұрыс болса бөлек, кешіруге дайынбыз. Мысалға, жол апаты, дүлей апат...
2. Салыстыру. Бір рет Айгүлдің жігітін одан сұлу, байырақ дедіңіз бе, болды... Енді шындығында солай болса, қайтейік? Бұған өкпелеудің қажеті жоқ. Бәрібір сол өзіміздің жігітімізді сүйіп, соның қасында емеспіз бе? "Онда Айгүлдің жігітіне бар кет" деп айтудың не қажеті бар? Ол маған ұнап тұрса, баяғыда сені тастап, құрбымның жігітін алып кетпеймін бе?
3. Жігіт басын бұрып, басқа қызға қарауы. Жігіттердің қасынан сұлу қыз өтсе, бастарының 360 градусқа бұрылу дарыны - табиғи рефлекс пе? Сылтау тапқан екенсіздер. Ал біз сұлу жігіт көрсек, тіпті сол Айгүлдің жігіті болсын, не жаңа корей сериал кейіпкері болсын, шатақ шығаратын кім? Біз тек олардың сұлулығына, ақылдығына, байлығына(!), адалдығына қызығамыз. Қызыға отырып, осы қасиеттердің сізден табылуын армандаймыз!
4. Ұялы телефонды, электронды поштаны т.б. тексеру. Жо-жоқ, олай емес. Біз тек сіздердің өмірлеріңіздегі жаңалықтарды біліп отырғымыз келеді. Ал егер сіздің ұялы телефон не электронды поштаңызда әріптес не қыз достарыңыздан келген хабарлама болса, оған кім кінәлі? Өздерің емес пе? "Өшіру" функциясы жайлы ештеңе білмейсіздер ме?
5. Еркелетудің, жан аяушылықтың, нәзіктікті білдірмеудің кесірінен туатын жанжал. Өздеріңіз айтқандай, "девушки любят ушами". Сіз күнде тамақ ішіп, шай ішпейсіздер ме? Одан тамақтың қадірі кемімеген шығар. Сол сияқты бізге де сіздердің еркелету мен нәзік сөздеріңіз күнделікті қажет.
6. Берілген сыйлықтарға ренжу... Иә, әрине ең жақсы сыйлық - ілтипат. Сонда да қиялыңызды қосып, ғаламторды шарлап, неге қызды таңқалдыру әдістерін іздемеске? Ақшаңыз тапшы болса, қолдан сыйлық істеуге де болады. Өз қолдарыңызбен істелген тарту бізге гауһар тастардан да қымбат! Ой! Қызып, артық айтып жібердік-ау. Әлбетте, гауһар тастар қымбатырақ...
7. Жігіттен туған-туыстарыңыз жайлы жақсы ойда болуын талап ету. "Егер сізбен болашақта отбасы құрмақ ойы болса, керісінше туыстарыңызға жағып қалуға тырысады." Демек, әпкемді есуас десе, маған үйленетін ойы жоқ па???!!!
8. "Ұсақ-түйек" әңгіменің әсері. Біздің әңгіме ме ұсақ-түйек пе? Сәнді трендтер, сатылымдар, опа-далаптар жайлы тыңдағыңыз келмейді ме? Ал бізге футбол, балық аулау, саясат жайлы тыңдау қызық деп ойлайсыз ба? Жігіт екенсіздер, екі жаққа бірдей қызық тақырыпты өздеріңіз іздеңіздер.
9. Бөтен қыз телефон соқты. Бұл - нағыз шектен шыққандық. Өздеріңізге айна беріп көрсетсе ғой, сол қыздармен қалай сөйлесетіндеріңізді... Күлімсіреп, дауыс өзгертіп, "Қалың қалай?", "Иә, сөйлесе аламын" дейсіздер. Біз бөтен жігітпен сөйлесейікші, біткен жеріміз сол болады.
Жігіттерді тыңдап, олардың айтқанына құлақ түреміз деп санайық. Сонда да, қандай себеп болмасын, тіпті тырнақ сынса да, аянышпен қарап, бұл мәселені дауға апармау сіздердің қолдарыңызда.
P.S. Қызыңыз шынында осы пункттердің бәрінен жанжал шығаратын болса, одан тез арада қашуыңызға кеңес береміз!
Форумда талқылау.
Сурет misseva.ru сайтынан алынды.
С. А