Отбасы – Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, қатарға қосатын маңызды мекеме. Қазақта: «Отан отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Шынында да, адам баласы үшін Отаннан кейінгі қасиетті ұғым – отбасы болса керек. Данышпанның да, ғалымның да ең алғашқы тәлімі мен тәрбиесі осы мекемеде қаланған. Мемлекеттің мықты болмағы оның дана басшысына байланысты болғаны сияқты, отбасының берекесі ері мен әйеліне байланысты екені даусыз. «Үйлену оңай, үй болу қиын» десек те, отбасын құрған әрбір жан үйленерде бақытты болам деп емес, жарымды бақытты қылам деген мақсатпен үйленсе, көп қиындықтың басы шешілер еді. Отанымыздың тұғыры мықты болуы үшін Отанды құрайтын отбасы мықты болуы қажет.
Статистика мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстандағы әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталады екен. Әсіресе, мамандар 2013 жылдың алғашқы екі айында ажырасу саны едәуір өскенін мәлімдейді. Осы екі айдың өзінде 21,6 мың неке құрылса, 8,2 мың отбасының шаңырағы шайқалғаны тіркелген. Бұл деген сөз, елімізде тірі жетімдердің саны да күн санап артып келе жатқанының айғағы. Ажырасудың негізгі себептері тұрмыстық жағдайдың төмендігі, өзара түсініспеушілік десек те, отбасын құру атты маңызды қадамға аяқ басқан әрбір жан өзін алдыда күтіп тұрған кез келген қиындыққа дайындауы керек емес пе еді?! Сондықтан да, ажырасудың негізгі себебі әрбір адамның өзінде жатыр.
Даналықтың мектебі болған ата-бабаларымыз: «Адамның басшысы - ақыл, шолушысы - ой, жетекшісі - талап, қорғаушысы - сабыр, сынаушысы - халық, таусылмайтыны - арман, ең қымбаттысы - ар сақтау, бәрінен ардақтысы - өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі - сыйластық» деген екен. Шындығында да, отбасы берік болуының негізгі қағидасы адам бойындағы осы қасиеттерге негізделсе керек.
Бір-біріне құлай ғашық болған, көргенді әрі тәрбиелі екі жас құрған отбасында дүниеге келген балалардың болашағынан зор үміт күтуге болатындығын Жүсіп Баласағұни айтқан. «Үйлену оңай, үй болу қиын» екендігін, яғни өмір заңына сәйкес ер мен әйел бас қосып, бір шаңырақ астында тіршілік кешу мәселесінің өте маңыздылығын ғұлама Жүсіп Баласағұн да, одан тоғыз ғасырдан кейін өмір сүрген ұлы Абай да аса көрегенділікпен пайымдап, жастарға келелі ақыл - кеңестерін айтып кеткен. Қай заманда болмасын «Халық әрдайым бақытты отбасы туын көтерудi армандап, мақсат еткен, өйткенi, отбасы – нағыз бақыттың кілті».
Тарихтан да, ақын-жыраулардың жырларынан да қызға қатысты айтылатын «ару» деген ұғымды көп кездестіреміз. Бұл сөзді бүгін де қолданамыз. Біз тек қыз деген атауға синонимді түрде қарастырамыз. Себебі, түсіндірме сөздікте «асқан сұлу, керім, кербез, көрікті, сәнді, әдемі» деген анықтама берілген «ару» ұғымы – отбасылық өмірге қазақ жастарын даярлауға қажетті ұлттық құндылық. Бұл сапаға болашақ отбасындағы жұбайлық өмірге даярлайтын қыздарымыз лайық болуы қажет.
Осы күнгі біздің білімді қыздарымыздың бойында тәртіптілік, төзімділік, т.б. жақсы қасиеттер болғанымен, оны мінез толымсыздығы арқылы жеткізе білмейді. Яғни, қылықтылық жетіспейді. Сондықтан, қылықтылық – аса қажет, отбасылық өмірге өзін бейімдейтін қыздар меңгеруге тиісті біліктілік болса керек.
Қазіргі таңда балабақшадан бастап, ер баламен қатар отыру, бірге жүріп, бірге ойнау еркіндігі бар. Біздің қоғамда бастауыш сыныптарда байқалмағанымен, өсе келе қыз балалар биязылық, ибалылықтан гөрі еркіндікті меңгеріп кетеді. Еркіндік және ұл балаға қарағанда тән-тұрпаттық дамудың ертелігінен де өздерін ересек сезінеді. Ұлдарға үлкендік таныта, үстемдік жүргізе бастайды. Ер балалар физиологиялық дамуы жағынан да кешеуілдеуі бар, қыздардың үстемдігінен басылып қалады. Жоғары сыныптарда тіпті, сабаққа да, қоғамдық жұмыстарға да белсенділігін шектейді. Демек, қыз бала тәрбиесіндегі осы талапты сақтамау арқылы, қыз тәрбиесін ғана емес, ер бала тәрбиесін де ақсатып отырғанымыз жасырын емес.
Жаһандануға бет бұрған қалпымызда қазақ отбасында және білім беру жүйесінде тәрбиеге ұлттық мазмұн беруге басымдылық танытарымыз айқын. Демек, қазақтың ұрпақ тәрбиесіне қатысты ұлттық құндылық сапаларын қалыптастырудың психологиялық мүмкіндіктерін ескеріп, тәрбие өлшемін басшылыққа алуға болады деген тұжырымға тоқталамыз.
Отбасы тәрбиесiндегi басты көңiл аударар мәселе тән саулығы мен жан саулығын қалыптастырудан тұратындығын аңғарамыз. Бiр-бiрiнен бөлiп алғысыз бiрлiкте қарастырылатын бұл мәселелер көптеген сыртқы фактордың ықпалымен жүзеге асады. Оны өз мақсат-мүддемiзге сай бағыттап, бейiмдеп отыру үшiн тәрбиенiң әртүрлi әдiс-тәсiлiн қолдану керек.
Үйленетін ер адам өзінің мойнына үлкен жауапкершілік артылғанын толық сезінуі керек. Ер адам – отағасы, отбасының асыраушысы, әйелі мен балалары үшін негізгі жауапты адам. Бала шағасын тамақтандырып, киіндіру, баспанамен қамтамасыз ету оның міндеті. Сондықтан жалқаулық, бейқамдық сияқты қасиеттерден барынша арылып, еңбекқорлық, шыдамдылық пен төзімділікті серік қылғаны абзал. Сол сияқты тұрмыс құруға шешім қабылдаған әйел – үйдің берекесі, отбасының ұйтқысы, ардақты ана және адал жар болу жауапкершілігін толық сезінгені жөн.
Шындығында да, отбасы берік болуының негізгі қағидасы адам бойындағы осы қасиеттерге негізделсе керек. Әрдайым ақылын басшылыққа алса, ой таразысына салып шешім қабылдап, бақытты отбасын құруға талаптанса, ең мықты қорғаушы – сабырды серік етіп, арын бәрінен де қымбат санаса және ең бастысы өмірін ардақтап, оны сыйластықтың бал шырынымен сусындатса, міне бұл – отбасы бақытының кілті болар еді. Ал бақытты отбасы болашақта ұлы тұлғаларды дүниеге әкелуге қабілетті болмақ.
Автор: Абилбакиева Ғалия
Сурет: amur.kz