"Жаңа жыл мерекесі таяп қалды. Ал мен саған әлі не сыйларымды білмеймін. Сен көп нәрсені: ойыншықтарды, көйлек немесе мазмұны жақсы кітаптарды ұнататыныңды жақсы білемін.
Бірақ биыл мен саған тозбайтын және мәңгілікке жаныңда болатын сый жасағым келіп отыр. Әр жыл сайын мені есіңе салатын ерекше сыйлық болсын деп едім.
Не сыйласам екен... Көп ойланып, маған оңай шешілмеген жұмбақтың жауабы, болашағыңа азық болатын өмірлік шындықпен бөліскенді жөн көрдім. Бұл сый - шын жүрегіммен табысталатын сыйлықтардың бірі. Егер осы сыйлығымды ықыласпен қабыл алып, оны керегіңе жаратсаң, өмірдегі барлық жетістіктің есігі айқара ашылады. Тағдыр дайындап қойған қиындықты жеңіп, қуаныш пен жеңістің тәтті дәмін сонда шын сезінесің.
Саған ешкім ешнәрсе қарыз емес.
Қалайша? Бұл қағида менің өмірімді қалай жеңілдетеді дейсің ғой?
Иә, сен бұл нәрсені әзірше түсінбеуің мүмкін. Балапаным, бұл дүниеде сен үшін ешкім өмір сүрмейді. Әркім өзі үшін, өз бақыты үшін өмір сүреді. Сен осы нәрсені неғұрлым ерте түсінсең, соғұрлым өмірің жеңіл әрі бақытты ғұмыр кешесің. Мені біреу бақытты қылады деген ойдан ерте арыласың. Расымен, ешкім де сені дәл өзіңдей бақытты қыла алмайды.
Сені жақсы көріп, ұнатуға ешкім міндетті емес. Егер сені айналаңдағылар бағалап жатса, өзіңнің жеткен жетістігің деп біл. Және қай қырыңды ұнататынын бақылап, соны әрі қарай дамытуға тырыс. Саған көңіл бөліп, сені бағалаған адамға дәйім риза бол. Демек, сен ол қадірлейтін қымбат жандардың қатарындасың. Сенің тарапыңа жасалған игі істердің барлығы саған біреу міндетті болғаннан емес, жүрек қалауымен жасалған дүниелер деп түсін. Сондай-ақ сені ешкім сыйлауға, құрметтеуге міндетті емес. Кей адамдар саған жылы шырай танытпауы да мүмкін. Бұл да есіңде болсын. Сені аса жақтырмайтын адамдардан алыс жүруге тырыс. Алайда сен де оларға дәл солай жауап қайтарудан аулақ бол.
Қызым, тағы да айтайын, саған ешкім ешнәрсе қарыз емес.
Сен өзің үшін жақсы адам болуға тырысуың керек. Сол кезде ғана жаныңдағы адамдардың саған деген көзқарасы түзу болады. Барлығы сенімен тілдесуге, жан дүниесімен бөлісуге асығады. Бірақ біреудің басындағы қиыншылықты өзіңе меншіктеп алуға асықпа. Әр адам өзі үшін өмір сүретінін ұмытпа!
Сені қоршаған адамдардың құрметін, махаббатын, сенімін ақтауың қажет. Соны түсінгеннен соң, өмірден таңғажайып нәрсені күтіп жүре бермей, өзің әрекет етесің. Ешкім саған өміріндегі оқиғаны, ойын, сезімін айтып, бөлісуге міндетті емес. Ал егер саған айтып, ашылып жатса, сен адамның сеніміне кіріп, оны тыңдауға лайықсың деген сөз. Жәй ғана, сол үшін де сен өзіңді бағалауыңа, өзіңді-өзің мақтан тұтуыңа болады. Бұлардың барлығын қалыпты жағдай деп қабылдаудан аулақ бол. Барлығының құнын білуге тырыс.
Мен саған айтқан дүниелерімді әрине, кеш түсіндім. Маған ешкім ешнарсе қарыз емес екенін ұққан кезде, арқамнан ауыр жүк түскендей болды. Менің өмірдегі кезіккен сәтсіздіктерім «маған барлығы міндетті» деген қағиданың кесірінен еді. Расымен, жайдан-жай мені ешкім құрметтеуге, сүюге, маған үйретуге міндетті емес. Осыны толық түсінген соң, нағыз досты, шынайы махаббатты, іскер кәсіпкерлер мен көп клиент таптым. Барлығы алға жылжып, өзімді нағыз бақытты адам сезіндім. Өмірімнің жартысына дейін түсінбей, қиналғаным үшін мен тек өзімді ғана кінәлай аламын. Осы қателігімді сен қайталамаса екен деп жаратқаннан тілеп, мына хатты сенің қолыңа табыстағым келіп отыр. Әр мереке сайын мені есіңе алып, өзіңе жаңа нәрсе ашарыңа сенімдімін.
Зор махаббатпен әкең!"
1966 ж. 25 желтоқсан.
Хат иесі: Гарри Браун
Сурет: tn.new.fishki.net