Кейде өмірімізде орын алып жатқан жағдайлар бізді күйзеліске ұшыратады. Ол армандардың орындалмауы, үміттің үзілуі, адамдармен түсіністіктің жоғалуы, т.б. болуы мүмкін. Сондай кезде "шіркін-ай, сыйқырлы таяқша болса екен ғой... өмірді қайта бастаушы едім" деп қиялданамыз. Алайда, жаңа өмірді бастау үшін сыйқырла таяқшаның керегі жоқ.
1. Қазіргі өміріңізге сырт көзбен қарап, оның қандай екенін қағаз бетіне жазыңыз. Тек жақсы жақтарына ғана емес, өзіңізге мүлде ұнамайтын жақтарына да көңіл бөліңіз. Тіпті, қағазды екіге бөліп, бір жағына өзгеріссіз қалдыруға болатын, ал екінші бағанға өзгерісті талап ететін нәрселерді тізіңіз. Жаңа өмірді бастамас бұрын қазіргі өміріңіз қандай екенін жақсы білуіңіз керек.
2. Ендігі қадам, сізге осы өмірден не керек екенін анықтау. Ол үшін "мен дүниеге не үшін келдім?", "маған қандай нәрсемен айналысқан ұнайды?", "не нәрсемен айналысқанда мен өзімді жақсы сезінемін?", т.б. сұрақтарға жауап беру керек. Көптеген психологтардың адамдарға ұсынатын жақсы әдістерінің бірі – 10 жылдан кейін сіздің өміріңіздің қандай болатынын елестету. Бұл жерде өмірдің әрбір қырына мән беру керек: 10 жылдан кейін қай қызметте боласыз? Қай жерде тұрасыз? Қандай нәрсемен айналысасыз? Бұның бәріне нақты жауап беру керек. Бұл сіздің жаңа өміріңіздің жоспары десе болады.
3. Жаңа өмірдің жоспарын құрғаннан кейін, оған жетуге көмектесетін мақсаттар қою керек. Мақсаттар уақыт мерзімі бойыша шектеулі болғаны дұрыс. Мысалы, сіз 10 жылдан кейін өзіңізді бизнесмен ретінде көрсеңіз, оның қандай бизнес болатынын анықтап алу керек. Оны бөлек мақсат ретінде жазып қойған дұрыс: бизнестің концепциясын 2 айдың ішінде анықтау. Ал егер бизнестің идеясы дайын тұрса, онда "2016 жылы ЖШС ашу" деген мақсат қойса болады. Дәл сол сияқты, салмақ тастағысы келетін адамдар "2016 жылы 5 кг салмақтан арылу" деген мақсат қойса болады.
4. Жаңа өмірдің жобасы мен жоспары дайын болса, енді ескі өмірмен қоштасуға кірісейік. Алдымен, өзіңіз тізіп жазған жағымсыз әдеттерге көз жүгіртіп, сізге ең көп кедергі келтіретін әдетті анықтаңыз. Ол жалқаулық болуы мүмкін, адамдарға "жоқ" деп айта алмау болуы мүмкін. Анықтап алғаннан кейін, одан құтылу жолдарын қарастырыңыз. Бұл жерде нақты бір дұрыс шешім болмайды. Түрлі адамдарға түрлі әдістер әсер етеді. Әлеуметтік желілердегі мақалаларды, психологиялық кітаптарды оқыңыз.
5. Ескі әдеттерден арылу үшін өзіңізге ережелер тізімін жазып алсаңыз болады. Оларды бұзуға болмайтынын есте сақтаңыз. Психологтар бұл жерде де жақсы кеңес береді. Ережелерді бұзбау үшін өзіңізді мотивациялау керек. Мысалы, "бір апта бойы ерте жатып, ерте тұрсам, сүйікті мейрамханама барып, ұнаған тағамға тапсырыс беремін" деген мотивацияны қолдансаңыз болады. Ескі әдеттерді өзгерту ауадай қажет екенін ұмытпаңыз.
6. Жаңа адамдармен араласыңыз. Бізді қоршаған адамдар біздің өмірімізге, мінез-құлқымызға қатты әсер етеді. Көп жағдайда біз оны байқамаймыз. Сондықтан, сізді алға жетелейтін адамдарды тауып, солармен көп уақыт өткізуге тырысыңыз. Оларды таныстарыңыздың көмегімен іздеп, немесе әлеуметтің желілерде тауып, парақшаларына жазылып, араласып көріңіз.
7. Алдыңызға қойған мақсаттарға сай кітаптар оқыңыз. Ол табысқа жету жолдары, отбасын құру әдістері, немесе түрлі психологиялық кітаптар болуы мүмкін. Керек жерлерін қағазға жазып отырыңыз. Немесе ережелер тізіміне қосып қойыңыз.
8. Уақытты бағалаңыз. Әлеуметтік желілерді тек керек кезде қолданған дұрыс. Уақытты үнемдеу үшін, өзіңізге лимит қойыңыз. Мысалы, күніне 1 сағаттан артық емес.
9. Басқа адамдарды да, өзіңізді де кешіріп үйреніңіз. Көп жағдайда өткен реніжтер алға қарай жылжуға кедергі болады. Бейсаналы түрде өзімізге өзіміз шектеулер қойып жатамыз.
10. Күн сайын өзіңізге есеп беріңіз. Жаңа мақсаттар, ережелер, шектеулер, жоспарлар құрып алып, ескі әдеттеріңізді тастамасаңыз, жаңа өмірдің ескі өмірден ерекше болуы екі талай. Концентрация қажет. "Бүгін өмірімді өзгерту үшін не істедім?" деген сұрақты ұйықыға кетер алдында өзіңізге қоюды әдетке айналдырыңыз.
Дереккөз: comode.kz