Жаңа өмір бастауға не кедергі?

Өмірді жаңартуға кедергі келтіретін жағдайлар.

Ескі уайым

Өткеннен таңба болып қалған сары уайымнан құтылу оңай іс емес. Біз үнемі жаңа бағытқа бұрылу үшін ескі уайыммен ұшырасып жатамыз. Бірақ та болған іске болаттай берік болып, жаңаша күн кешу үшін сары уайымнан құтылуға тырысу керек. Адам басындағы бос уайым оның денсаулығына айтарлықтай зиян келтіреді. Өтіп кеткен нәрсе жайында уайым жегеннен өзгеретін дым да жоқ. Болуға тиіс нәрсе болды, бояуы сіңді. Біз ол жайында қанша уайымдасақ та, көшкен көш қайта қайтпайды. Біз тек уайымды жемейміз, уайым бізді жейді. Жаңа жолға түсіп алып, жаңа өмір бастау үшін ескі уайыммен қоштасыңыз.

Өкініш

Әлемде өткеніне өкінбейтін пенде жоқ шығар, сірә... Дәл ескі уайым сияқты өкініштің де жаңа өмірге жаға қоюы екіталай. Адамдар бүгінгі өмірінде бәріне ойланбастан бел буады да, соңынан соры қайнап өкініп жатады. Өкінішпен өткен өмірдің мәні бар ма? Доғарыңыз! Салыңыз су кетпесін. Әлі де сізді бір бақыт күтуде.

Үміт үзу

Адамның алдында өрге жетелеп отырар үміті мен арманы болмаса - өлгені. Болашақтан үміт үзсеңіз, жаңа өмірдің есігін ашуға бел бумай-ақ қойыңыз. Үкілеген үміттің өмірдегі маңызы зор. Бақыт құсы басыма қонар деп үміттеніңіз... Мен де бір шаттыққа лайықпын деп үміттеніңіз... Өмір әлі тоқтап қалған жоқ. Ал сіз әзірден-ақ үміттен жұрдайсыз. Жаңа өмірдің бақытты кейіпкері болғыңыз келсе, үмітім сөнбесе екен деп үміттеніңіз. 

Сенімсіздік

Бір жамандықтың артынан бір жақсылықтың қылтиып шығарына сенбейсіз бе? Бірақ түннен кейін күннің қайта шығарын мойындайсыз. Бұл өмір тек бақытсыздыққа толы деп, сіздің де бір бақытты күніңіздің келеріне сенбейсіз бе? Бірақ қара түспен қатар ақ түстің барына шүбә келтірмейсіз. Әрдайым жақсылыққа сену керек. Сенім бар жерде махаббат та, шаттық та, әділдік те болады.

Дайындаған: Әбілхан Ақерке 

Сурет: facebook.com