- Негізгі бет
- Психология
- Жаңа өмір бастау...
Жаңа өмір бастау үшін...
Көптеген адамдар өмірін өзгерту үшін, жаман әдетті қою үшін, жаңа істі бастау үшін жаңа жылды асыға күтеді. Енді, міне, қой жылы да келіп жетті. Бірақ, көбісі әлі жаңа өмірді неден бастау керек екенін білмей, жабығуда.
Назарларыңызға осы бағытта көмекші болатын жаднама ұсынамыз:
1. Қандай іске икеміңіз бар? Өзіңнің қандай іске икемді екеніңді білсең, сол бағытта жылжып, мақсатқа жетуге ұмтыласың. Осыған орай әр күнің мәнді, мағыналы, қызықты өтетіні сөзсіз. Сондықтан, жақсылап ойланып көріңіз, сіздің қандай іске икеміңіз бар?
2. Мақсат қою. Мақсат бар кезде біз қай бағытта жүру керектігін нақты білетін боламыз. Ал мақсатсыз адамның өмірі мәнсіз, қызықсыз өтеді. Сондықтан, қағаз бетіне өз армандарыңызбен байланысты мақсаттарды тізіп, жазыңыз.
3. Дамуға ұмтылыңыз. Өткен жылы жоспарлаған, бірақ іске аспаған істерді еске түсіріңіз. Шет тілін үйренгіңіз келді ме? Тоқымамен, тігінмен айналысқыңыз келді ме? Мүмкін, көлік айдауды үйреніп алғыңыз келеді? Өз қалауыңызбен таңдалған жаңа білім тезірек меңгеріледі. Дамуды, білім алуды тоқтатпаңыз!
4. Бір орында қалып қоймаңыз. Әр күніңіз бірқалыпты не қызықты өтуі – өз қолыңызда. Өміріңізге, киім киісіңізге, жүріс-тұрысыңызға бір өзгерістер енгізсеңіз, көңіл-күйіңіз жақсарып, күш-қуатыңыз арта бастағанын байқайсыз.
5. Айналаңыздағы адамдарға назар аударыңыз. Адамдармен қарым-қатынас – ең құнды нәрселердің бірі. Жақындарыңызбен достарыңызға уақыт бөлуді ұмытпаңыз. Кез келген адамнан жаңа бір нәрсе біліп-тануға болады. Сондықтан, адамдар да біздің дамуымызға бірден бір себепші болып саналады.
6. Бос уақыт. Егер бос уақытыңызды белсенді, қызықты өткізсеңіз, қысқа мерзімді демалыстың өзі де күш-қуат береді. Еңбектенумен қатар демалып та алу керектігін ұмытпаңыз. Үздіксіз жұмыс істеу немесе сабақ оқу миды шаршатып, әлсіздікке алып келеді. Бұл орайда Хобби туралы ойланыңыз. Ол сіздің көңіл-күйіңізді көтеріп, көңіліңізді аулайды.
7. Белсенді өмір сүру. Күш-қуатыңыз тасып тұрған кезде көп нәрсеге ұмтылып, біраз ойды іске асыруға талаптанған жөн. Белсенді адамның жоспары, істері, армандары көп болады. Өмірі қызықты, есте қаларлықтай болып өтеді. Белсенді адам өзін жаңа белестерге жетелейді. Өз өміріңізді, әрбір күніңізді басқаруға дағдыланыңыз.
8. Сезімге беріле біліңіз. Кез келген іске кірісерде, оны бар жан-тәніңмен істеуге тырысыңыз. Егер сіз бір бастамаға шын жүректен, сеніммен кіріссеңіз, ісіңіз де сәтті болады. Өз сезіміңізден ұялмаңыз, оны шеттетпеңіз.
9. Тар жол, тайғақ кешу. Өмірде кездесетін қиыншылықтарға төтеп беруге жүрексінбеңіз. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші, өзіңізге сеніп, мәселелерді шешуге тырысыңыз. «Әрбір мәселенің шешімі бар» деген жалған сөз емес. Әрбір қиындықтың нәтижесі сіздің тәжірибеңіздің өсуі мен шыңдалуыңызда. Өмірде кездесетін қиындықтар сізді ширықтырып, жаңа белестерге ұмтылуға итермелейді.
10. Өзгелерге көмектесіңіз. Өзгелердің мәселесін шешуге көмектесу сіздің бақытты, өміріңізді мәнді ете түседі. Себебі, бір айтылған «рақмет» адамның өзіне деген сүйіспеншілігін арттырады.
Өміріңізді өзгертуді бүгіннен бастаңыз!
Сурет: Макс Галаев, Джамиля Серикпаева
Оқи отырыңыз:
Жаңа өмірді бастайтын сәт келді
Өмірде табысты болғыңыз келсе...
Жаңа жылға арналған арман-тілектеріңіз қандай?
Ф. Абилова