Отбасының берекесі мен тыныштығын күзетіп, әйелі мен бала-шағасының махаббатынан айырылмаған ер адамды бағы жанған күйеу деп айта аламыз ба? Әрине! Бақыты бес елі ер адамның тағы қандай сипаты бар?
Өз әйеліңіздің не қалайтынын айтқызбай білуге тырысыңыз.
Әйел адам өз керегін айта берсе де сүйкімінен айрылады. Оны айтқызбай білетін ер адамдар болса қандай керемет десеңізші! Әйел адамның жанына не жағатынын оның эмоциясынан-ақ білуге болады. Әйелінің болмысын түсінбейтін ер адам болмайды, түсінуге ерінетін ер адам болады. Көңілі қалаған нәрсені айтқызбай жасайтын ер адамнан әйелі сүйсінбей қайтсін!
Әйеліңіздің езуінен күлкі кетпеуі үшін көңіліне кірбің салмауғы тиіссіз.
Кейбір жігіттер әйелінің жыламағанын, үнемі күліп жүргенін қалайды. Сәл бұртия қалса, күліп жадырап жүр деп ашу шақыратын да жігіттер бар. Айналайын, көкелерім, әйел адам құлтемір емес. Егер оның күліп, жадырап жүргенін қаласаңыз, оны жылатпаудың жолын жасаңыз. Оның күліп жүруіне жағдай жасаңыз. Әйтпесе көңіл-күйді көтеріңкі етіп жүру әйел үшін түк те емес. Әйел адамның сұлу жүзі тек бақыттан ғана бал-бұл жайнап тұруға міндетті.
Әйеліңіз сізді әлі де дәмді тағамдармен қуантуы үшін сәтті шыққан әр тағамын мақтап отырғанды әдетке айналдырыңыз.
Әйел адам өз ерінің көңілінен шығып, асқазанына жағу үшін қандай тамақ болса да жасап үйренуге тырысады. Оның дәмді дайындалған тағамын сүйсініп жеп, соңынан жылы сөзбен рақметін айту ғана керек. Сонда сізді алда дастарханда бұдан да көп, бұдан да дәмді тағамдар күтетін болады. Өйткені ерінің тарапынан мақтау сөз есту әйелді қуаттандырады, шабыт береді. Сонда ғана ол өзіне, өзінің шеберлігіне сенеді. Өз қолының шеберлігін мойындаған әйел адамның ас үйінен үнемі жағымды иіс кетпейді.
Бала-шағаңыздың махаббаттың не екенін дұрыс түсініп өсуі үшін әйеліңізді сүйіңіз.
Ес жиып, етегін қымтай бастаған балаңыз бен қызыңыздың махаббаттың не екенінін сіздерге қарап ұғынғаны жөн. Сіздердің бір-біріңізге деген ықыласыңыз бен қарым-қатынасыңыздан, сыйластық пен сүйіспеншіліктеріңізден үлгі алып, шын мәнінде махаббат дегеннің ұлы ұғым екенін біліп өссін.
Әлемдегі ең тыныш, әрі ең жайлы орынды отбасыңызда орнатыңыз.
Сүйікті жары мен сүйкімді балапандарының қасына келіп, солардың шуынан жанына тыныштық табатын ер адамның бәрінен де мәртебесі биік. Шаршаған кезде шулы клубтар мен күдікті орындардан тыныштық тапқысы келетін еркектердің үйінде береке де, мереке де болмайды. Үйінің тыныштығын өзі де үйінде отыратын (жұмыс пен шаруадан тыс уақытта) ер адам ғана күзете алады. Сонда әйелі мен бала-шағасының да көңілі орнында болады.