Жан жарым болшы, аяулым!

Жан жарым болшы, аяулым!

Сүйіктіңізбен кездесіп жүргендеріңізге аз уақыт өткен жоқ. Бірге болған уақыттың ішінде оның сізге жақсы жар бола алатындығына көзіңіз әбден жетті. Ата-анаңыз да сіздің шаңырақ көтергеніңізді қалап, немере сүйгісі келетіндіктерін күн сайын есіңізге салып тұрады. Өзіңіз де бойдақ өмірден, кір жуу, тамақ жасау жұмыстарынан мезі болдыңыз. Уақыт созып қажеті не? Бәрінің де шешімі – отбасын құру. Ал отбасының іргетасы – ер мен әйел екенін жақсы білесіз. Ол үйленумен қаланады.

Үйлену туралы ұсыныс – екі тараптың да «өмір» атты кітабында алтын әріптермен безендіріліп жазылатын ең маңызды, ең жауапты сәт. Бір қарағанда «Маған тұрмысқа шығасың ба?» деп айта салу оңайдың-оңайы болып көрінеді. Алайда, бұл сәтті мәңгі естен кетпестей етіп өткізгеннің еш артықшылығы жоқ. Салтанатты рәсімнің ерекше болуы нәзік жанды, романтикаға құштар болып келетін қыздың жауабына да әсер етеді. Бұл тарихи оқиғаны өздеріңіздің балаларыңызға аңыз етіп айтып отырсаңыздар да керемет емес пе?

Дәл қазір санаңызға «сүйіктіме жүрекжарды тілегімді қалай, қайда, жеткіземін?» деген ой сап ете қалды. Ол үшін сізге арналған кеңестерімізді оқып шығуыңызға тура келеді.

• Ұсыныңызды төбеден жай түскендей қойып қала салмаңыз. Біршама уақыт бұрын оған болашақ отбасыңызды қалай елестететіндігіңіз, отбасылық өмірге деген жоспарларыңыз, ортақ балаларыңыз туралы әңгіме айта жүріңіз. Қысқасы, оның да кетәрі еместігіне көз жеткізіп алған жөн.

• Отбасылық өмірдің негізгі нышаны - неке жүзігі. Сондықтан, неке жүзігін таңдауға аса мән беріңіз. Көпшілік жастар неке жүзігін үйлену тойында таққанды жөн көріп жатады. Дегенмен, сіз дайындалып жүрген салтанатты рәсімге жүзіктің қатысқаны нұр үстіне нұр болмақ. Жүзікті таңдауға қыздың жақын құрбысынан, немесе туыстарынан көмек сұраңыз. Немесе зергерлік дүкен қызметкерлерінің кеңестеріне жүгініңіз.

• Рәсімді өткізу үшін ыңғайлы орын таңдап алыңыз. Ол жер екеуіңіздің алғаш танысқан орындарыңыз, табиғат аясы, теңіз жағасы, мейрамхана болуы әбден мүмкін. Өйткені, көп жастарымыз мұндай ұсынысты әлеуметтік желілерде (агент, фейсбук, вконтакте) отырып-ақ айта береді. 

• Қыздар қауымы тосын сыйларды қатты ұнатады. Оған өзіңіздің көзіңіз де жеткен болар. Сондықтан, естен кетпес тосын сыйды ұйымдастыруға бар күшіңізді салыңыз. Қиялыңызға қиял қосу мақсатында сізге тосын сыйлардың бірнеше үлгілерін ұсынбақпыз.

1. Қызға ұсыныс жасаудың үлгілерін кез келген романтикалық фильмдерден көріп алуға болады. Әдемі мейрамхана... Дәмді тағамдар қойылған ақ дастархан... Қораптағы жүзік... Раушан гүлі... Әуезді әуен... «Жан жарым болшы, аяулым?» деген жүрекжарды сөздерді сіз айтып тұрсыз... Мұндай көріністен кейін қарсылық білдіретін қыздар қатары өте сирек.

2. Бұл жолғы ұсынысты күтпеген жерден ұйымдастыру керек. Мәселен, сүйіктіңізге шағын флешмоб ұйымдастырыңыз. Флешмобқа қатысушы әрбір жігіт қызыңызға раушан гүлін сыйға тартсын. Ақырында, қолында жүзігі бар сіз пайда боласыз да, «Жаным, сен менің Жібегім боласың ба?» секілді әдемі сөздерді немесе ақындардың сұлу жырларын оқып шығасыз... Кез келгеннің жанын тебірентер мұндай ұсынысты жасаған азаматты үлгі етушілердің көп болатыны анық.

3. Көпшілік алдында жасалатын ұсынысты ұнататындар бар да, ұнатпайтындар бар. Сондықтан, мұндай әрекетке бармас үшін, қызыңыздың бұған деген көзқарасын біліп алғаныңыз дұрыс болмақ.

Қызды көпшілік көп жүретін ортаға шақырыңыз (университет алдына, саябаққа, алаңға, арбатқа т.б.). Қыздың келгенін тексеріп алыңыз да, алдын ала дайындаған әдемі сөздеріңізді микрофон арқылы айтыңыз. Сөз арасында қыздың жақсы қасиеттерін, әлемдегі ең сұлу екендігін, сіздердің қарым-қатынастарыңыздың қысқаша тарихын айып кетуге болады. Соңында, сезіміңізді білдіріп, келісім беруін сұраңыз. Немесе қыз тұратын үйдің балконының астына әдемі шырақтарды жүрек пішіндес етіп орналастырып, достарыңызбен ән айтып, қыздың атын атап шақыруға болады. Қыздың басы көрінісімен, оған деген ықыласыңызды білдіріп, жарыңыз болуға қалай қарайтындығын сұраңыз.

Әрине, үйлену туралы ұсыныс жасаудың белгілі бір формасы, ережесі, шекарасы жоқ. Бәрі де адамның қиялына, сезіміне, жан дүниесіне байланысты. Бастысы, ата-анаңызға ибалы келін, балаларыңызға аяулы ана, өзіңізге сенімді серік болар жар таңдауда қателікке ұрынып қалмағаныңыз жөн.

Суреттер:lucky-bride.ru,blog.teamo.ru,tolkosvadba.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева