Жан-жақты жігіт қандай болады?

Жан-жақты жігіт қандай болады?
Фото: amur.kz

«Жігітке жеті өнер де аз» дейді біздің дана қазақ. Ер азаматтың кез келген кәсіп пен өнерге епті болуының пайдасы көп. Жігіттер қауымы қандай істерге шебер болып, қандай білімді үйренсе ғана «жан-жақты жігіт» атанады? Мұндай атқа қандай ер азаматтар лайық? Жан-жақты болу үшін жігіт бойына қандай қасиеттерді  жинауы керек?

Білімді болуы керек. Білімді тек ұстаздар мен оқу орындары ғана бермейді. Білім үйретуші ең жақсы ұстаз – өмір. Он бір жылдық мектеп – білімнің іргетасы. Жоғарғы оқу орындарындағы білім – орта тұсы. Соның арасында түрлі кітаптар оқып, тіл байлығыңызды ретке келтіріп аласыз. Мамандығыңызға сай оқулықтар оқып, өз ісіңіздің білікті маманына айналасыз. Онымен қоса ел танып, жер көру де, адамдармен араласып, олармен дұрыс қарым-қатынас орнату да, бір көрген жанды бірден тани білу де, жаңалықтардан хабардар болып отыру да, саясатқа құлақ түріп, әлем елдерінің хал-жағдайымен танысып отыру да – білім. Жан-жақты жігітке керек қасиеттің ең пайдалысы да – осы.

Спортпен дос болуы керек. Ер адамға қашанда ел қорғаны болып, жақындарының жан тыныштығын күзетуі үшін денсаулық керек. Ал денсаулықтың мығым, өмірдің салауатты болуы үшін спортпен дос болу керек. Спортты өз өмірінің айнымас бөлшегі санайтын жігіттер дұрыс жолда. Уақытылы денені шынықтырып, сол арқылы күш жинайтын жігітті кім ұнатпайды? Спортттың бірнеше түрін меңгеретін жігіттер қыздардың көбіне ұнайды, айтпақшы. Жігіттің спортқа жақын болуы өзіне жақсы. Біріншіден – дені сау болады, екіншіден – шылым мен ішімдіктен ары болып салауатты өмір салтын ұстанады, үшіншіден – өзін кез келген кезде бөтен жұдырықтан қорғап қала алады.

Шаруаға епті болуы керек. Қолына шеге ұстай алмайтын, ұстаса да балғамен шегені емес, қолын ұрып ала жаздайтын, шаруашылыққа келгенде ақсап қалатын жігіттер де арамызда жоқ емес. Ер адам болған соң үй шаруасындағы ауыр жұмыстарды өзі атқаруға міндетті. Әйелдер қауымы үйдегі майда-шүйде тірліктердің ғана басы-қасында жүруі керек. Нәзік жандыларды ауыр жұмыстарға жегіп қойып, өзі үй шаруасына келгенде қашқақтайтын жігіттерді, өкінішке орай, жан-жақты жігіттердің қатарына қоса алмай қиналамыз. Сондықтан, «Мен мұндай жұмыстарға жоқпын» деп қаша бермей, үйреніңіз. Өйткені, сіз де бір үйдің ерісіз.

Махаббатқа шорқақ болмауы керек. Күнделікті өмірде көзіне көзілдірік тағып алып, кітапханадағы кітаптарды «жеп қоя» жаздап үңілетін, білмегенінен біліп-түйгені көп аса ақылды да, білімді жігітер қыздармен қарым-қатынас орнатуда әлсіз болады. Мұндай жігіттер қыздардың көңіліне аса жаға қоймайды. Жігіт қарсы жынысты адаммен жұптасып, ұрпақ жалғастыру өмірдің айнымас заңы болғандықтан, түбінде қыздармен дұрыс қарым-қатынас жасап, өзіңізді махаббатта сынап көруіңізге тура келеді. Қыз көрсе беті қызарғанша ұялып, кірерге тесік таппай қысылатын ер азаматтардың көбі өзіне сергелдең сезімдерді керек қылмайды. Өйткені, мұндайлардың рухани күші мықты болғанымен, өзіне деген сенімділігі аз болады. Қыздардың көңілін тауып, өзіңіздің жан-дүниеңізге сай келетін қызды іздеу де – білім. Сондықтан, жан-жақты жігіт атына лайық болу үшін сүйіп көру керек екенін түсінгеніңіз дұрыс.

Жалғасы...

А. Әбілхан