Біздің әрекеттеріміз өзімізге білінбей, бірте-бірте әдетке айналып жатады. Мысалы, көзімізді қайта-қайта жұму, тырнақ тістеу, тісімізді қайрау, аяқ дірілдету сынды жағымсыз әрекеттер өзімізге құдды бір жүйке жүйемізді ретке келтіріп жатқандай сезіледі. Дегенмен, сырт көзден мүлдем басқаша пікір естіп жатамыз. Ал осы әдеттердің біздің санамызда қалай пайда болғаны туралы, олардан қалай құтылуға болатыны туралы білгілеріңіз келсе, мына кеңестерімізді ескере жүріңіздер.
Іс-әрекет қалай дағдыға айналады?
Біз бір нәрсені үйренген кезде, миымыз үлкен мөлшердегі ақпараттарды қабылдай бастайды. Оған қоса, қабылдау, сезіну, көңіл-күй сынды қасиеттердің жаңа беттерін толықтырып жатады. Уақыт өте келе, жаңа іс-әрекетті үйрену кезінде істің мән-жайын түсіне бастап, автоматты түрде қолыңыз машықтанып кетеді. Ал ақыл-ойыңыз қимылыңызды «жаттай» бастайды. Мысалы, алғаш рет велосипед тепкен сәтіңізді есіңізге түсіріңізші. Сол сәттегі қимылыңыз бен уайымдағаныңыз әлі есіңізде болар. Әйтсе де, қазір велосипедке еркін отырып, автоматты түрде аяғыңыздың қозғалысын алмастырып, қалаған жеріңізге бара аласыз.
Бұл үрдіс «есте сақтау» деп аталады. Есте сақтау кезінде жадымыз жаңа қабаттар «жамылады». Бұл қабаттар келесіде сол қызметтерді атқаруға көмектеседі. Ол уақыт өте келе әдетке айналады.
Әдетке айналған әрекет қалай жұмыс істейді?
Әр әдет қарапайым әрекеттерден және аяқ астынан туындайды. Алдымен, миыңызға белгілі бір іс туралы автоматты түрде хабар барады. Содан соң, іс-әрекетке көшу бағдарламасы жүзеге асады. Ол физикалық және ойлау қызметтері арқылы жасалып, қандай болса да нәтиже көрсетеді. Нәтиженің ыңғайына қарай іс-әрекет қайталана түскеннен кейін барып, әдетке айналады.
Жаман әдетті жақсы әдетке қалай айналдыруға болады?
Ең бастысы, жоғарыда аталған ережеден аттамау керек. Яғни, «миға хабар жеткізу – іс-әрекет бағдарламасы – нәтиже». Жаман әдеттен арылу үшін осы ережелерді басты назарда ұстау қажет. Ол үшін миыңызға хабар беру кезінде мұқият ойланыңыз. Миға жеткен дұрыс хабарлама жақсы нәтижеге жол аша түседі.
Мысалы, жұмыстан шаршаған соң, бой жазу үшін бір демалысыңызды түнгі қалада достарыңызбен демалуға арнадыңыз делік. Ол күні жаңа достар тауып, көңіл көтердіңіз. Ал ертесіне шаршап, жұмыс күнінде сергектіктен айырыласыз. Бірақ бұл демалыс сізге ұнауы мүмкін. Себебі, бұл мынадай нәтиже көрсетеді:
Достарыңызбен уақыт өткізіп, бас қостыңыз; Жаңа адамдармен таныстыңыз; Көңіліңізді көтердіңіз.Келесі демалысыңызда да сондай сәтті жібергіңіз келмейді. Бұл қайталана беріп, әдетке айналып кетуі мүмкін. Бұның алдын алу үшін сізге мынадай кеңес береміз: ол үшін миыңызға берілген хабарламаны өзгертуге тура келеді. Мәселен, түнгі қалада қыдырғаннан гөрі табиғат аясына жаңағы достарыңызды ертіп, велосипедпен серуенге шығыңыз. Байқасаңыз, жоғарыда көрсетілген нәтиже өз қалпында қалады. Достарыңызбен де бас қосып, оларға еріп келген сіз танымайтын адамдармен де танысып, көңіліңіз көтеріледі. Осылай қайталанып, әдетке айналса, өзіңізге де, өзгелерге де пайдалы болады.
Бұл жай ғана бір мысал деп қараңыз. Демек, жаман әдеттен арылу үшін дұрыс ойланып, жақсы нәтижеге ие болу керек.
Жақсы әдетті қалай қалыптастыруға болады?
«Миға хабар жеткізу – іс-әрекет бағдарламасы – нәтиже» жүйесі ерік-жігерге де қатысты. Егер сіз үнемі «бүгін кешке жүгіріп келейінші» деген тілегіңізді орындай алмай жүрсеңіз, осы қағидаға сүйеніп, жүзеге асыруыңызға болады. Ол үшін миыңызға ақпарат берудің алдында өз-өзіңізге күш қосуыңыз керек. Мысалы, «жаттығудан кейін міндетті түрде көптен бері көре алмай жүрген жаңа киноны көремін» деп ниеттеніңіз. «Бір айналып жүгірмесем, ешқандай да кино көрмеймін» деп, өз-өзіңізге талап қоя біліңіз. Уақыт өте, бұл жаттығудың қалай әдетке айналғанын өзіңіз де байқамай қаласыз.
Ұқсас жазбалар:
Тойымсыз адамның толассыз сұрақтары
Қандай досқа сенуге болмайды?