- Негізгі бет
- Психология
- Жалтақ адамға жеті...
Жалтақ адамға жеті кеңес
Тағдыр тауқыметін ерте тартқан немесе әлдекімнен зілді сөз естіп, таяқтың дәмін тартып өскен адамдар жалтақтыққа бой алдырады. Олар өз еркімен қандай да бір істі бастауға, жүргізуге қанша күші мен қайраты жетіп тұрса да, жүрексінеді. Қандай да бір күш оның жасаған еңбегін бүлдіріп, қиратып тастайтындай жан-жағына жалтақтықпен қарайды. Жалтақ адамдардың басқа адамдарға қарағанда табысқа және жеңіске жетуі аз болатыны да сондықтан. Жалтақтыққа ауру деп қарап, мұнымен қалай да күресу керек. Әйткенмен ол аурудан құтылуға болады. Ол үшін мына кеңестерге жүгініп көріңіз.
1. Ең алдымен өзіңіздің не жасай алатыныңызға сырт көзбен қарап көріңіз. Ол үшін, әрине, бір істі бастау керек. Адам өзіне сырт көзбен қарай алса, онда ол өзінің қандай да бір шаруаға ебі барын байқайды.
2. Сын айтылса, қорықпаңыз. Сынның астарында зіл жатуы мүмкін деген ойдан қашыңыз. Егер сіздің ісіңізге сын айтыла бастаса, демек сіз ендігі сырт көздің көңіліне іліктіңіз деген сөз. Олар сіздің өзгелермен бірге қатар өмір сүріп жатқаныңызды, жалпы осы өмірде бар екендігіңізді біле бастады. Олар сіздің де қолыңыздан бір нәрсе келетініне көз жеткізе бастады деген сөз.
3. Өз-өзіңізді табалай бермеңіз. "Менің бұл өмірде ешкімге керегім жоқ", "Менің қолымнан түк келмейді", "Мен ештеңе жасай алмаймын", "Байлар қандай рахат өмір сүріп жатыр", "Мен осылай жүріп, бір күні өлемін де қаламын"... Мұндай көңілсіз ойларыңыздың күл-талқанын шығарып, өзіңізге деген жеккөрушілікті жермен-жексен етіңіз. Сіз өзіңізді қалай қабылдасаңыз, жұрт та солай қабылдайды.
4. Жұрт үшін өмір сүрмеңіз. Өзіңіз үшін өмір сүріңіз. Тірі болғаныңыз үшін ғана күн кешіп жүрмін деп ойламаңыз. Жұртқа үнемі ұнай беруге тырыспаңыз. Егер адамдар сізді ұнатқысы келмесе, алтын болсаңыз да ұнатпайды. Жұрттың сөзіне басылып, бұғып, өз-өзіңізді ғана іштей мүжи бермеңіз.
5. Жасаған ісіңізбен мақтанып үйреніңіз. Қолыңыздан келетін нәрсені көрсетсеңіз, онымен мақтана білу арқылы жалтақтықтан арыласыз.
6. Өз наныңызды адал еңбекпен жеңіз. Сіздің аузыңыздағы наныңызды ешкімнің тартып алуына қақысы жоқ. Өз еңбегіңізбен келген нәрсені еркін иемденіңіз. Ол үшін біреуге қарыздармын деп ойламаңыз. Кез келген адамның ырысы, несібесі барын ұмытпаңыз.
7. "Біреуге ұнамай қалсам ше?", "Мені жақтырмай қалса ше?", "Осы тірлігім үшін сөз естіп қалмаймын ба?" "Бекер жасаған екенмін..." деген қорқыныштарға бой алдырмай, тәуекелшіл және батыл, сонымен қатар еркін және тәуелсіз болып үйреніңіз.
Әрине, айтуға әрқашан оңай. Бірақ бес күндік өмірде біреудің сөзінен, біреудің көзінен, біреудің өзінен қорқып, көлеңкесіне жалтақтап күн кешіп өмір сүру сізге де ұнамайтын болар?.. Ендеше, мұнымен дәл қазірден бастап күресіңіз.
Сурет: nastol.ru
А. Әбілхан