- Негізгі бет
- Психология
- Жалғыздықтың кері әсері...
Жалғыздықтың кері әсері тимес үшін...
Егер адам өзін ұзақ уақыт жалғыз сезінсе, денсаулығы сыр беруі мүмкін. Сондықтан бұл сезімге көз жұмуға болмайды. Оның орнына мәселенің шешімін табу керек.
Адамдардың көпшілігі жалғыздықпен отбасысы, достары немесе туыстары жоқ адам қиналады деп ойлайды. Негізінде көпшіліктің ортасында жүрген немесе баласы бар адам да өзін жалғыз сезінеді. Жалғыздықтың өзіңізге кері әсері тимес үшін мына кеңестерге құлақ түріңіз.
Жақсылық жасаңыз
Өзіңізді жалғыз сезінуге қандай жағдай итермеледі? Қолдаудың болмауы, түсініспеушілік, немқұрайлық немесе шектеулік – бұл себептер адамды керексіз сезіндіреді. Өзіңізді керексіз сезінуден арылу үшін еріктілерге қосылыңыз. Мысалы, табиғатты қорғау, ағаш отырғызу, қайырымдылық кеш өткізу, жетімдерге көмек көрсету және ауыр ауруға шалдыққан адамдарға қаржы жинаумен айналысатын еріктілерді әлеуметтік желілер арқылы табу оңай. Еріктілер қатарына қосылып, олармен кездесіп, жақсылық жасауға аралассаңыз, өзіңіздің әлемге қаншалықты керек екеніңізді бірден түсінесіз.
Оңаша қалудан қорықпаңыз
Мүлдем өз-өзіңізбен қалмасаңыз, ол жан саулығына негативті әсер етеді. Жалғыздықтан қорқатын, үнемі бос болмауға тырысатын адамдар бір күні жан дүниесін негативті сезімдермен және әсерлермен толтырады. Бәрінен де адамның өз-өзімен қала алмауы, жан дүниесіне қарауға қорыққаны қауіпті. Сондықтан өзіңізді шаруамен жүктемей, оңаша қалуға, медитация жасауға тырысыңыз.
Негативті іште сақтамаңыз
Мысалы, кейде әйел күйеуінің ұнамайтын әрекетіне көз жұмып, ол нәрсені ойламауға тырысып, бәрі жақсы секілді түр жасағанымен, іштей дұрыс еместігін біледі. Сондықтан уақыт өте оны ешкім естімейтіндей, түсінбейтіндей көрінеді. Оның күйеуі жақсы адам болуы мүмкін. Бірақ әйелі ашық ештеңе айтпаса, оны қалай естиді? Сондықтан жан дүниеңізді негатив пен наразылық жинайтын жерге айналдырмаңыз. Себебі, үндемеу және іштегіні сыртқа шығармау – жалғыздыққа әкелетін жол. Бұл наразылығыңыз бар адаммен ұрыса кету деген сөз емес, сабырмен өз ойыңызды айтып, бір шешімге келуге шақырыңыз. Серігіңізден көмек сұрауға қорықпаңыз.
Жалғыздықтың жағымды тұстарын іздеңіз
Өзіңізді жалғыз сезінсеңіз, жалғыз болу сізге қандай мүмкіндіктер ашатынын ойлаңыз. Жан дүниеңізді ретке келтіріңіз және мақсаттарыңызды ойлаңыз. Арманыңызға жетудің жоспарын құрыңыз. Біліміңізді арттырыңыз, дамыңыз. Жаңа нәрсе үйренуден қорықпаңыз. Нақты қызығушылығыңыз болса, курстарға барыңыз. Сол кезде қызығушылықтары ортақ адамдармен араласасыз.
Көзқарасыңызды өзгертіңіз
Ең басты кеңес – жалғыздыққа деген көзқарасыңызды өзгертіңіз. Оны сізге берілген жаза ретінде қабылдауды доғарыңыз. Жалғыздыққа сізге берілген еркіндік ретінде қараңыз. Кейде адамның өз-өзімен қалуы да пайдалы. Жалғыз қалу өзіңізді дұрыс түсінуге көмектеседі. Ол жүрісіңізге, арманыңызға және ұмтылысыңызға анализ жасауға мүмкіндік беретін уақытша ғана жағдай.
Жалғыздық туралы оймақтай ойлар
А. Жапатова