Жалғыздықта өмір сүру қиын, алайда қысқа мерзімде жақын дос тауып, махаббатыңды кездестіру оңай емес. Егер басыңызда осыған ұқсас мәселе болса, мұңая бермеңіз, кішкене күш салсаңыз жағдайды тез өзгерте аласыз.
Мінезіңізді саралаңыз
Сізге жаңа адамдармен танысуға не кедергі? Кейде бұған мінездегі ұялшақтық, ал кейде түрлі комплекстерден шыққан өз-өзіңе сенімсіздік кедергі болады. Сыртқы келбетіңізді жақсартуға тырысыңыз, шаштаразға барып, жаңа шаш үлгісін жасатыңыз, немесе сұлулық салонына барып, бет-әлпетіңізді тазартыңыз. Спорт жаттығуларын жасап денеңізді ретке келтіріңіз. Бұл сізге адамдармен қарым-қатынас жасауда сенімділік береді.
Мұрныңызды көкке көтермеңіз. Өзіңіз жайлы тым жоғары пікірде болып, мінсіз адамды күтпеңіз. Қарапайым және ашық жарқын болсаңыз адамдар өздері-ақ сізге тартылады.
Бүкпесіз өмір сүріңіз. Туыстарыңыз, достарыңыздан мыңдаған шақырым шалғайда болсаңыз да оларға әрдайым хабарласып, жылы қарым-қатынас жасауға тырысыңыз. Досыңызға, не құрбыңызға қоңырау шалып, халін білуге күніне бірнеше минут жеткілікті. Осылайша жалғыздық сезімінен арыласыз және адамдар сізбен достығыңызды қадір тұтатын болады.
Жан-жағыңызға қарай жүріңіз. Кез келген жерде жаңа таныстық орнатуға болады: күнделікті азық-түлік алып жүрген дүкенде, автобуста, саябақта, тіпті көшеде де. Анықтап қарасаңыз, қарама-қарсы жыныстың көзінде сізге деген қызығушылықты байқауға болады. Көз қысу, жымию немесе бұрылып қарау сынды белгі берсеңіз жеткілікті, өтіп бара жатқан адам өзі-ақ танысуға талпыныс жасайды.
Іске кірісіңіз
Бұған дейін сіздің қызығушылығыңызды оятқан, танысқыңыз келген, бірақ қандай да бір жағдайларға байланысты таныса алмай жүрген біреу бар ма, ойланып көріңіз. Бұл достарыңызбен ортақ танысыңыз, немесе әріптесіңіз, параллель курста оқыған студент болуы мүмкін.
Ең қиыны алғашқы қадам жасау. Алайда, барлық адам махаббат пен достықты қалайтынын ұмытпаңыз. Таныстығыңыз жаңа деңгейге көтерілмесе де жақсы дос болып қалуыңыз әбден мүмкін.
Танысуға қолайлы орындарға барыңыз. Қыздар ашық күнде саябаққа немесе жағалауға серуендеуге барса, өтіп бара жатқан жігіттер байқап қалуы мүмкін. Ал, жігіттер көлігі болса сұлу қыздарды жеткізіп салу арқылы таныстық орнатса болады. Көлігі болмаған жағдайда автобуста ұнатқан арудың аялдамасында түсіп қалып, танысуға талпыныс жасағаны игі.
Егер шынайы өмірде танысуға тіпті батылыңыз жетпесе, қазіргі заман технологиясын, яғни ғаламторды пайдаланыңыз. Оның ішінде әлеуметтік желілердің атқарар қызметі зор. Жеке хабарламалар арқылы ұнаған адамыңызға хат жазып, танысуға талпынып көруіңізге болады. Бірақ әлеуметтік желілерде басы бос емес қыздар мен жігіттер көп екенін ұмытпаңыз, сол себепті кейде дөрекі жауаптар алсаңыз немесе мүлде жауап алмасаңыз салыңыз суға кетпесін. Арнайы танысу сайттарына тіркеліп, әдемі суреттеріңізді іліп, анкетаны шынайы толтырыңыз. Бәлкім, сіз іздеген адам дәл осы жерден табылып қалар?
Бірақ, жалғыздықтан құтыламын деп, кез келген күле қараған адамның артынан еріп кете бермеңіз. Бір қарағанда жүзі жылы көрінген адамның ішінде қандай пиғыл мен ниет жатқанын әлі білмейсіз, сол себепті әңгімелесуші адамды біраз зерттеп, ойының түзулігіне көз жеткізген соң ғана жақын қарым-қатынасқа көшкеніңіз жөн.
Сурет: wday.ru
Дайындаған: Анар Мұстафина