- Негізгі бет
- Психология
- Жалғыздық жапа шектірсе......
Жалғыздық жапа шектірсе...
«Өмірдің бір қызығы бала деген». Сол «қызыққа» жеткізетін қадам – махаббат. Ал сіз өз адамыңызды кездестіре алмай жүрсіз бе? Еш қапа болмаңыз. Жалғыздықтан да жақсылық көре біліңіз.
Құрбыларыңыз отырысқа шақырса, танымайтын жер деп тартынбаңыз. Тек таныстардың арасында ғана жүрсеңіз, өз жартыңызды кездестіретін мүмкіндік азая түседі. Жаңа таныстықтан қашпаңыз. Араласатын ортаңыздың ауқымын кеңейтіңіз.
Бірақ ешкімді іздемеңіз. Сіздің жалғыздықтан жапа шегіп жүргеніңізді көрген құрбыларыңыз тезірек біреуге қосуға асық болады. Сіз де солардың ыңғайына қарай, жүрген жеріңізде «осы менің тағдырым емес пе екен» деп елегізіп жүруіңіз мүмкін. Көп күткен аз алады. Іздемеңіз, ол сізді іздеп табады, күтпеген жерден кезіккен махаббат тәтті болады. Екі құрлықта жүрсеңіз де, тағдыр қосады.
Жалғыздықтан ләззат алыңыз. Оның не қызығы бар дейсіз бе? Сіз жұптық өмірге қадам басқанда бәрі өзгереді, тек өзіңізді ойлауды тоқтатасыз. Қалаған жеріңізге емін-еркін бара алмайсыз, еріксіз үйге асығып тұрасыз. Басыңыз бос кезде қыдырып, еркіндіктің дәмін сезініп қалыңыз.
Бірақ жалғыздыққа үйренбеңіз. Өзінің жалғыз екенін ойлай-ойлай адам күйзеліске түсіп кетуі де мүмкін. Ондай сәтте оңашада ойлануды қалап, жақындарынан да, достарынан да алшақтап, жеке кеңістігіне ешкімді кіргізгісі келмейтін әдет пайда болуы мүмкін. Жалғыздықтың салмағын одан сайын ауырлатпаңыз. Болашақта бәрібір қоғамнан іргеңізді аулақ сала алмайсыз. Жалғыздыққа бойыңыз үйреніп кетсе, көпшілік ортаны, шуды жақтырмайтын болып кетесіз де, қайта адамдармен араласу қиындау болады.
Сіз бір емес, екі адам болған кезде, бюджет те қысқара түседі. Сыңарыңызға еш ақша жұмсамадым деген күннің өзінде, автоматты түрде өзіңізді күтінуге ықыласыңыз артып, косметика алуға, сыйлық жасауға көбірек ақша жұмсайсыз. Қазір қаражатыңыз жеке басыңызға ғана жұмсалатын кезде өзіңізді жан-жақты дамытыңыз. Жүзуге, биге, фитнеске, тіл үйренуге, түрлі шеберлік сабақтарына, жаңа ғылымдарды игеруге курстарға қатысыңыз.
Өзін жалғыз санайтын жанның тағы бір белгісі – агрессияға бейім болады. Кейде көрінгенмен ұрысып, кез келген сөзді жүрегіне жақын қабылдап, қалай ашуға берілгіш болып кеткенін өзі аңғармай қалады. Санасында түйсігі бар жандар босқа ашуланып тұрғаныңызды көріп, мұның себебі күйзеліс екенін бірден ұғып қоюы мүмкін. Өзгелердің күлкісі мен аянышына айналмас үшін, өзіңізді барынша қолда ұстап, сабыр сақтаңыз.
Жалғыздығыңыз жылдан-жылға ұзап бара жатыр ма? Бес-алты жыл болған шығар? Мүмкін, ес білгелі ешкіммен кездеспеген де боларсыз. Уайымдамаңыз. Айналаңызға қараңыз, сізден де басқа жалғыз жандар қаншама? Жастай жарынан айырылып, бір-екі баласына өмірін арнап, ешкіммен көңіл қосқысы келмейтін адамдарға қандай қиын екенін, жағдайы сізден де мүшкіл адамдар көп екенін ойлап, шүкіршілік етіңіз.
Ең бастысы, жалғызбын деген ойдан арылыңыз. Мұны ұмытыңыз, ешқашан ойыңызға алмаңыз. Адамның ойы да өзін басқаратынын ұмытпаңыз. Сіз жалғыздықты үнемі ойлай берсеңіз, ол да сізден кетпей қояды. Жай ғана өмірден қуаныш көре біліңіз, бақытты болыңыз. Көп күткен ең жақсысына, ең лайықтысына жолығады.
@. @assel_assanova