Көпшілік баланы жақсы көреді, әсіресе өзінің баласы болған жағдайда. Мұнымен қатар бала дегенде төбе шашы тік тұрып қашатындар да бар. Дәл осындай жанға арналған бірнеше кеңесіміз бар.
Кімнің үйіндесіздер?
1) Өз үйіңізде болсаңыз, жағдай нашар. Өйткені балалар бейтаныс үйде, әрі ата-анасы жоқ жерде қатты қорқады. Сондықтан бұл жағдайда ең бастысы – психологиялық және физикалық қауіпсіздік. Алдымен оларды үй ішімен таныстырып, артынша бірігіп жасайтын іс таңдаңыз. Оларды үйге кіре салысымен «Ботақаным сол, келе ғой!» деп асықтырудың қажеті жоқ, айналасына зер салуға мүмкіндік беріңіз.
2) Ал егер балалардың үйінде болсаңыз, барлығы ойдағыдай деп ойлауыңызға болады. Олар өздері үйреніп қалған кеңістікте болуды ұнатады. Олармен жақсы қарым-қатынаста болғыңыз келсе, дауысыңызды бәсеңдетіп, асықпай сөйлеңіз.
Балалар сізден қорқа ма, әлде абыржып тұр ма?
1) Кішкентай адамға қарап жымиыңыз. Олар «Ер Төстік пен айдаһар» мультфильмін көріп қойған болар. Сол жердегі айдаһар мен жалмауыз кемпірді сомдап жатудың қажеті жоқ.
2) Біреуге ұнағыңыз келсе, олардың қалауын орындаңыз. Олармен бірге мультфильмді қарап қоймай, оны талқылаңыз. Сұрағына жауап беріп, өзіңіз сұрақ қойыңыз. Өкінішке орай, балаларға монитордың алдында 30 минуттан артық отыруға болмайды. Сондықтан мұны тіл табысудың құралы деп біліңіз.
Сізге қанша баланы қарауға қалдырды?
Біреу болса, тіпті, жақсы. Он адамға қарағанда, бір адаммен келіссөз жүргізу оңай. Бірақ, сіздің басты міндетіңіз – оған жаңа жерге бой үйретіп алуға мүмкіндік беру. Алғашында үйдегі жұмыстарға көмектесуін сұраңыз, артынша жаңа ойынды өзі-ақ ұсынады.
Екі балаға қарау – оңай шаруа емес. Ситуацияны бірден қолға алмасаңыз, үйіңіздің астаң-кестеңі шығып, мысығыңыз жұмсақ ойыншыққа айналады. Кішкене балалар үй жасап ойнағанды, бір-біріне қонаққа барғанды жақсы көреді.
Үшеу немесе көп. Балаларды бір-бірімен жақсылап таныстырып, оларды командаға бөліңіз. Жарысып орындайтындай тапсырма беріңіз. Немесе:
1) Қолдарына қағаз бен қалам беріп, кешкілік картиналар көрмесіне дайындалыңыз. Балаларының туындысын көрген ата-анасы риза болып қалатын шығар.
2) Егер асханаңыздың былғанғанын көңілге алмайтын болсаңыз, оларға тұшпара немесе печенье жасатыңыз. Бұл тағамдарды жеп отырған кезде уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қаласыз.
Ал сіз жалғыз өзіңіз бала қарап көрдіңіз бе?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: rudaki.ru
Басты сурет: Нұрғиса Елеубеков (photooner.kz сайтынан алынды)