- Негізгі бет
- Психология
- Жалған сезімге бой...
Жалған сезімге бой алдырдыңыз ба?
Қарым-қатынас әртүрлі себепке байланысты қиындауы мүмкін. Бірақ тек кездесіп жүрген адамыңызды шын ұнатқан кезде ғана сезімнің жалғасуын тосу керек. Бәрі түсінікті және қарапайым сияқты. Алайда неге кей адамдар қарым-қатынасты пендешілік себеппен бастайды? Біздің 8 себебімізді оқып, қарым-қатынасыңыздың қаншалықты мінсіз екенін біліп көріңіз.
1. Жай ғана жігітіңіз бар болуын қалайсыз
Қандай болса да, жігітім болса дейсіз. Бұл, бәлкім, келешегі жоқ қарым-қатынасқа тап болудың басты себебі болар. Қарым-қатынасқа зәру болған кезде бос қарым-қатынасқа жеңіл көндігесіз. Торыққаннан кіммен болса да кездесуге дайынсыз. Осы жолмен табылған жігіт сізді бақытты етуі екіталай. Өмірдің мәні – біреумен қарым-қатынаста болу емес. Егер біреумен кездесу үшін ғана қарым-қатынас құрсаңыз, ойланғаныңыз дұрыс. Жаныңызда біреу бар, бірақ жаныңыз тынышталмаса, несі жақсы?
2. «Жоқ» деуге ыңғайсызданасыз
Бұл жігіт сіздің соңыңыздан бірнеше ай бойы жүгірді. Ол сізді шынымен ұнататын сияқты және жақындарыңыз екеуіңізден жақсы жұп шығатынын, оған бір мүмкіндік беруіңіз керектігі жайлы айтады. Бірақ, бірдеңе дұрыс емес... Сіз оны ұнатпайсыз. Алайда, көпшіліктің қысымымен, өзіңізді кінәлі сезінгендіктен соңында берілесіз. Шынымен жақсы жігіт қой... Ал біз сізге жоқ дейміз! Жай ғана жақсы адам болғаны үшін және оған ұнағаныңыз үшін біреумен қарым-қатынас құру – жөн емес.
3. Біреуді қызғандырғыңыз келеді
Бұл көбіне бұрынғы жігітіне немесе жек көретін қас құрбысына ойындағыны дәлелдеу үшін шалыс басылатын қадам. Біреуді қызғандыру үшін біреумен жүру – тым жаман идея.
4. Достардың арасында жұпсыз болып жалғыз жүргіңіз келмейді
Қажет емес қарым-қатынасты бастауда ең көп таралған тағы бір себеп. Барлық құрбыңыздың жігіті бар, ал сіз әлі жеке өміріңізді құра алмай келесіз. Бұл да бірінші кездескен адаммен қарым-қатынас құрып, қателікке ұрынуға әкеп соғуы мүмкін. Әдетте махаббатты аңсаған жүрек екінші адамның адамгершілік қасиеттері жайлы ойлануға мұрша бермейді.
5. Қайғылы махаббатты ұмыту үшін біреумен кездесе бастайсыз
Біреуді ұмыту үшін басқа біреумен қарым-қатынас құру керек деген қағида бар. Бірақ бұл әрдайым ұтымды болады деу қиын. Қоштасу – ауыр және жағымсыз екені рас, бірақ қаншалықты ауыр болса да шыдап, лайықты қорытынды жасау қажет. Ал жаңа қарым-қатынасқа уақыт өте келе дайын боласыз.
6. Қарым-қатынастан материалдық жағдайыңызды жақсартып алғыңыз келеді
Жағымсыз естілгенімен, мұндай жағдайлар да жиі кездеседі. Ол есептеріңізді шығарып беруін, киноға шақырып, қымбат сыйлықтар ұсынуын қалайсыз. Егер одан бар қалайтыныңыз материалдық жағдайға әкеп тірелсе, пайдакүнем қыздардың әлеміне қош келдіңіз! Бүгін біреуді пайдалансаңыз, ертең сізді біреу пайдаланарын есте ұстаңыз.
7. Ол ата-анаңызға ұнайтындықтан кездесіп жүрсіз
Әрқашан өзіңізге ұнайтын адаммен ғана қарым-қатынас құрыңыз! Ешкімнің ықпалына берілмеңіз! Бұл тіпті анаңыз болса да, жүрек қалауына құлақ түріңіз.
8. Ол жігіт сұлтаны болғаны үшін кездесесіз
Оны көргенде өзге қыздар таңғалады. Сіздің жолыңыз болды, елдің сүйіктісі, жігіт сұлтаны дәл сізді таңдады. Бірақ шынымен жолыңыз болды ма? Ол көптің сүйіктісі болғаны үшін ғана онымен кездесу керек пе? Оны шынымен ұнатасыз ба әлде жұрттың ықпалымен сүйсіне қарайсыз ба? Мәселені ушықтырып алмас үшін осыны шешіп алғаныңыз жөн.
Г. Берік