Терістеу, жоққа шығару кезеңі он шақты күнге созылатынын айтқанбыз. Адам бұл кезеңнің аяғында қайтқан адамның енді келмейтінін, оны біржола жоғалтқанын түсінеді. Содан соң «ол неге мені тастап кетті?!» деген өкініш те, күйзеліс те, ашу да пайда болады, яғни ашу, ыза кезеңі басталады.
Бұл кезеңде адамның Эгосы бас көтереді: «Неге? Неге? Барлық адам бақытты, мен ғана бақытсызбын! Неліктен?» деген сұрақтар аза тұтушының жанын жейді. Жан-жағындағы адамдардың басу айтқаны, жұбатуы, ақылы, кеңесін құлағына да ілмейді. Өйткені ол бұл кезеңде бүкіл әлемге, тағдырына, өзіне ызалы болады. Өзгелер күліп-ойнап жүргенде оның бұлайша қайғырып жатуын әділетсіздік деп ойлайды. Өзгелердің басында мұндай қайғы жоқ, сондықтан оларға айтқанға оңай деп санайды.
Осындай аффект жағдайында үйдегі ыдыс-аяқты сындырып, адамдарға жөнсіз тиісіп, дүние-мүлікті бүлдіруі мүмкін. Себебі ол үшін дүниенің ешқандай құны болмайды. Сондықтан мұндай кезде аза тұтушыны жалғыз қалдырмаған дұрыс, оның жағдайына түсіністікпен, кешіріммен қарау керек.
Жиналған ашу-ызаны, теріс энергияны шығару үшін боксшының ұрғылайтын снарядына ұқсас нәрсенің болғаны абзал. Қағаз жырту, спортпен айналысу да пайдалы. Ашу-ыза сыртқа шықпай, жинала берсе, адам жүрек ауруына шалдығады. Әсіресе тұйық адамдар сезімін сыртқа шығара алмай, іштей булығып қалуы мүмкін. Сол себепті қайғырушының көңілін сәл де болса басқа жаққа бұратын амал қарастырған жөн.
Тарихта қайғыдан қан құсып жатқан ханды да орнынан тұрғызатын небір шешендер болған. Сол сияқты оның жанды жерін дөп басатын сөздерді тауып айтқан пайдалы. Бұл кезеңнің уақыты әр аза тұтушының мінез-құлқына, темпераментіне байланысты өтеді. Тез сөйлеп, тез қимылдайтын адамдарда жылдамырақ, асықпай қимылдайтындарда, уайымшыл жандарда баяу өтуі мүмкін.
Жалғасы бар...
Сурет: iso.500px.com
Оқи отырыңыз:
Психологқа кімдер барады?
"Оны ұмытамын" десеңіз...
Сіз өз балаңызды суицидке итермелеп жүрген жоқсыз ба?