Ең алғаш жақын адамының дүниеден озғанын естігенде кім болса да төбесінен зілтемірмен соққандай есеңгіреп қалады. «Жоқ! Жоқ! Мүмкін емес, мүмкін емес!» деген сөздерді қайталай беруі мүмкін. Әсіресе, ата-анасын, жарын, баласын, бауырын, жан досын жоғалтқандар үшін аспан мен жер қабысып қалғандай болады.
Мұндай жағдайда «Енді қалай өмір сүрем?» деген қорқыныш сезіне бастайсың. Қайғыдан қан жұтып тұрған адамның санасы ащы шындықты қабылдағысы келмейді. Психологтар бұл кезеңге болған жайтты терістеу, жоққа шығару кезеңі деген анықтама береді.
Кейбіреулер бір нүктеге қарап, телміріп қалады. Басқалардың айтқан жұбату сөздеріне елең етпейді. Мұндай адамды жалғыз тастамай, тапсырмалармен жүктеген жөн.
Қайтыс болған кісіні жерлеу, оның жаназасын шығарып, үшін, жетісін беру сияқты рәсімдер адамның көңілін сәл де болса алаңдатып, жақыныңды соңғы сапарға құрметтеп шығарып салуға атсалысып жатқандығың да жаныңа медет болады. Сол себепті отбасына барынша көмектесу қажет.
Қазақ салтында әйелдер жоқтау айтып, жаназаға келгендермен көріседі. Мұны психологтар қолдайды. Себебі жоқтаушы жиналған үлкен қауымға жылап, қайтқан кісі туралы өз ойын, қайғысын білдіріп, шерін тарқатуымен біраз жеңілдейді.
Әрине, біреудің, әсіресе жақын адамыңның көз жасын көру екінші адамға ауыр тиеді, өзін қоярға жер таппайды. Дегенмен, көз жасын төгіп, қайғыру – табиғи құбылыс әрі қайғыру арқылы жан күйзелісін бәсеңдетеді. Әйтпесе іште қалған шер өзекті өртеп, жанды жеп, психикасы әлсіз адамдар қайғыдан өліп те кетуі мүмкін. Туған-туысқандардың кіріп-шығып, отбасына басу айтып, мезгілімен тамақ ішкізіп (материалдық жағын айтпағанда) осы кезеңде үйде жүргені де үлкен демеу.
Терістеу, жоққа шығару кезеңі он шақты күнге созылады. Адам бұл кезеңнің аяғында қайтқан адамның енді келмейтінін, оны біржола жоғалтқанын түсінеді.
Жалғасы бар...
Сурет: Николай Киреев
Оқи отырыңыз:
Психологқа кімдер барады?
"Оны ұмытамын" десеңіз...
Сіз өз балаңызды суицидке итермелеп жүрген жоқсыз ба?