- Негізгі бет
- Психология
- Жақындарыңызды қуантып жүріңіз...
Жақындарыңызды қуантып жүріңіз
Әлемде тек сыйлықты алғанды жақсы көретіндер емес, мұнымен қатар оларды бергенді жақсы көретін адамдар бар екен. Көпшілігіміз алдын ала дайындалмай, сыйлықты алуға сол күні баратынымыз анық. Егер сыйлық таңдаудан қиналатын болсаңыз, Массагеттен не сыйлауға және қалай сыйлауға көмектесетін кеңестерімізді оқыңыз.
Тоқтыға не сыйлаймыз:
Тоқты (21.03-20.04)
Қошқарлардың жан дүниесі от, металлмен тығыз байланысты. Сол себепті жігіттерге сыйлық жасасаңыз, жаңа оттық пен авто аксессуар алыңыз. Ал қызға сыйлық таңдасаңыз, түрлі әшекей бұйымдарды таңдаңыз. Кішкене қошқарларға ақыл-ойды дамытатын конструктор, ашық түсті киімдер мен қызғылт, күлгін, түсті көйлектер сыйлаңыз.
Торпаққа не сыйлаймыз:
Торпақ (21.04-20.05)
Торпақтар үй шаруасына қажет болатын ыдыстар, жиһаздарға жапқыштар, ас үйге қажетті құрылғылар секілді дүниелерді жақсы көреді. Негізінен ерлерге қолтырауын терісінен жасалған әмиян, әйелдерге косметика сыйлаған жақсы. Кішкене торпаққа бір қорап толған тәттілер, ойыншықтар, бояулар, пластилин секілділер сыйласаңыз бақыттан басы айналады.
Егіздерге не сыйлаймыз:
Егіздер (21.05-21.06)
Егіздер өздерінің аты айтып тұрғандай бір адамнан екі сыйлық алуға қарсы емес. Алайда бұл бірдей сыйлықтар болмауы керек. Оларға жұмыс үстеліне қажетті бұйымдар, сатылымда жақсы өтіп жатқан аты әйгілі кітаптар, эстрадалық әуені бар дискілер, барлығының назарында жүрген жаңа дүниелер ұнайды. Осы жұлдызда туылған балалар өте қозғалғыш келеді. Сол себепті оларға велосипед, самокат, ролик, коньки, шана, шаңғы деген спорттық бұйымдар сыйлаңыз қуанып қалады.
Шаянға не сыйлаймыз:
Шаян (22.06-22.07)
Шаяндар антиквариаттар мен күміс бұйымдарды жақсы көреді. Күмістен жасалған антиквариат сыйласаңыз, тіпті, керемет болады. Үй ішіне жайлылық сыйлайтын төсеніштер, кілемдер, дастархан, үй ішінде киетін аяқ киім, электрлік самаурын секілді дүниелер көңілдеріне жағады. Шаяндар басқа жұлдыздарға қарағанда сыйлық сыйлаушыны ескеріп, оларға ерекше алғыс білдіреді. Бұл жұлдыздағы әйелдер табиғи тастарды, ал балалар калейдаскоп, жұмсақ ойыншықтарды жақсы көреді.
Арыстанға не сыйлаймыз:
Арыстан (23.07-23.08)
Есіңізде болсын арыстандар арзан әрі майда сыйлықтарды ұнатпайды. Олардың көңіліне жағамын десеңіз, сыйлық сатып аларда ақшаңызды аямаңыз. Алтын сағат, қымбат тастар, картиналар, ескерткіштер оларға артық болып көрінбейді. Кішкене арыстандар көлемі үлкен жұмсақ ойыншықтар мен қуыршақтарды жақсы көреді. Арыстандар өзгелерге де сыйлық жасағанда ақшаларын аямайды.
Бикештерге не сыйлаймыз:
Бикеш (24.08-23.09)
Бикештер пайдалы сыйлықтарды жақсы көреді. Ұста құралдарын әдемілеп орап, бантик байлап қойсаңыздар ер адамдардың көңілі босап кетері анық. Ал әйел адамдар ыдыстарға қуанып қалар еді. Жас жеткіншектерге анықтама, атлас, компьютер, қыз балаларға ақшалай сыйлықтар ұнайды.
Таразыларға не сыйлаймыз:
Таразылар (24.09-23.10)
Таразылар айнасындағы барша дүниелерге талғаммен қарайды. Сол себепті оларға сыйлық таңдауда мұқият болыңыздар. Арнайы тапсырыспен жасатып жатсаңыз, нұр үстіне нұр болады. Әйел адамдар мен ер адамдарға әшекей бұйымдар, ал кішкене таразыларға Мұрат Мұтырғанов секілді таңдаулы сайықмазақтар қатысқан шоу ұнайды. Олар үшін бастысы талғаммен әрі арнайы солар үшін ғана таңдалған сыйлықтар.
Сарышаяндарға не сыйлаймыз:
Сарышаян (24.10-22.11)
Сарышаяндардың мінезі қыңырлау келетіндіктен, оларға жағу өте қиын. Дұрысы өз сыйлықтарын өздеріне таңдатыңыздар немесе алдын ала шет жағасын сұрастырыңыздар. Тоқылған жемпірлер, құпияға толы сыйлықтар ұнауы мүмкін.
Мергендерге не сыйлаймыз:
Мерген (23.11-21.12)
Мергендер тосын сыйды жақсы көреді, сол себепті не істесеңіз де білдірмей жасаңыз. Олар үшін сыйлықтың бағасы мен сапасы емес, тек шын жүректен сыйланғаны маңызды. Мергендер спорт пен саяхатты жақсы көретіндіктен, саяхатқа арналған сөмке, жолдама, көлік, велосипед, самокат, ролик дегендерді қорықпай сыйлай беріңіз.
Таутекелерге не сыйлаймыз:
Таутеке (22.12-20.01)
Таутекелер жаратылысынан сыншы келеді. Сізге білдірмегенмен сыйлығыңызды іштей сынайтынын біліңіз. Сол себепті оларға былғары кітапша, органайзер, алтын жалатылған «Паркер» сыйласаңыз болады. Таутеке әйелдер мен ерлер былғары сөмке, белдік, киім дегендерді жақсы көреді. Ал кішкене таутекелер жасына қарамай үлкендер ұстайтын телефон немесе сағаттарды ұнатады.
Суқұйғыштарға не сыйлаймыз:
Суқұйғыш (21.01-19.02)
Суқұйғыштар өзі қызығып жүрген сыйлықтарды алғанды ұнатады. Олардың сыйлығы ерекше болуы керек. Сол себепті ер адам болсын, әйел адам болсын соңғы шыққан ұялы телефондар мен сөмкелер сыйласаңыз болады. Білім құмар суқұйғыштар бестселлерлерді ұнатады. Мұнымен қатар тұрмыстық техника, дискі, әшекей мен сәнді киімдерді сыйласаңыз болады. Және де электронды ойыншықтар мен ойындар да ұнап қалады.
Балықтарға не сыйлаймыз:
Балықтар (20.02-20.03)
Балықтарға жылылық сыйлайтын тоқылған жемпірлер мен қолғаптар ұнайды. Олар үшін романтикалық кеш пен қарлы далада қыдыру ең тамаша сыйлық болатын еді. Ал кішкене балықтар таңғажайыптарға құмар келеді. Сол себепті Гарри Поттердің сиқырлы таяқшасын, сүйікті кейіпкерін, жақсы көретін фильм мен мультфильм дискілерін сыйласаңыз болады.
Қыз балалар мен әйелдер қауымының сыйлық пен қоса гүлді жақсы көретіндерін ескеріңіздер. Бастысы кімге қандай сыйлық жасасаңыз да талғаммен таңдап, шын жүректен сыйлаңыз.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: вк желісінен
Қ. Бүйенбай