- Негізгі бет
- Психология
- Жақын құрбыңыз жігіт...
Жақын құрбыңыз жігіт тауып алса...
Бірінші кезде, әрине, құрбыңыз үшін қуану керек деп ойлайсыз. Олай болмаса, несіне дос болып жүрсіздер. Алайда, іште небір эмоциялар тасып жатады, көбіне қуантарлық емес.
Құрбыңыз бақыттан басы айналып, жігітінің керемет адам екенін айтудан жалықпайды, ал осы кезде сіз не сезінесіз? Ия, қызғанасыз. Сіздің жақын адамыңызды тартып алғандай күй кешесіз. Осы уақытқа дейін керемет өмір сүріп келіп едіңіздер, енді «ол» келді де, бәрін құртты. Енді не істемек керек?
Оның орнына өзіңізді қойып көріңіз
Мысалы, сіз өмірлік махаббатыңызды таптыңыз делік, көп уақытыңызды оған арнамайтын ба едіңіз? Әлбетте, құрбыңыз жаңа қарым-қатынастан бақытты болып жүр және бар айтары да сол болмағанда кім болады? Дос – достықпен, алайда махаббат та адам баласына керек сезімдердің бірі.
Сезімдерді ретке келтіріңіз
Дәл қазір нақты не сезесіз? Құрбыңызды қызғанасыз ба, әлде оның бақытын қызғанасыз ба? Неге дәл сондай махаббат менде болмайды деген ойдан арыла алмай жүрсіз бе? Егер солай болса, бар мәселе құрбыңызда емес, өзіңізде.
Шекараны анықтап алыңыз
Құрбыңызбен күнделікті өткен уақыт, бірнеше сағат телефонмен сөйлесу – соңында сол адамға байланып қалуға ұшыратуы мүмкін. Бір күн сөйлеспей қалғанда өзіңізді жайсыз сезініп, онсыз өмірдің мәні кететіндей болса, онда ойланыңыз. Сіз өз өміріңізбен өмір сүрмей жүрсіз. Өзіңіздің жеке өмірі бар тұлға екеніңізді ұмытпаңыз.
Бұрыннан жоспарлап жүрген ойларды іске асырыңыз
Құрбыңызды ойлап, көп уақытыңызды сонымен өткізіп жүріп, қолға ала алмай жүрген ісіңізге кірісуді бастаңыз. Жеке басыңыздың дамуына әсер ететін курстарға жазылып, өзіңізге көп уақыт бөліңіз. Бұл да жеке өміріңізді түрлендіріп, сізге де махаббат әкелуі мүмкін.
Өткенді қайтарамын деп ойламаңыз
Кейде құрбыңыздың жігіті туралы әңгімелері сізді шаршатып, жігіттің қылықтарына, не құрбыңызға сын айтамын деп, жеккөрінішті болмаңыз. Жігітінің кемшіліктерін айтып, оның көзінше қараламаңыз. Құрбыңыз мәңгілік сіздің жаныңызда болмайды, жалпы мәңгілік ештеңе жоқ. Жай ғана көніп, жағдайға мойынсұну керек.
Қажет болса қателіктерін айтыңыз
Бір жаққа шығуды жоспарлап, кейін құрбыңыз жігітім жібермейді деп, не басқа жаққа шақырды деп сылтауратуы мүмкін. Үндемей кете бермей, ренішіңізді білдіріңіз. Дәл соңында шешімін өзгерте салатындай сіздің уақытыңыз бен жоспарларыңыз бес тиын болғаны ма? Құрбыңыздың қателіктерін айтудан қашпаңыз, бәлкім осыдан кейін ол да ойланар.
Оның жігітін пайдаланыңыз
Кейбір кездері «жігіттік» көмек қажет болса, көмектесуін сұраңыз. Бәлкім, басы бос достары бар шығар, таныстыруын сұраңыз. Жалпы құрбыңыздың жігітімен достасып алсаңыз артық етпейді.
Көніңіз
Жан құрбыңыз арманындағы жігітті жолықтырған соң, жан құрбы болудан қалуы мүмкін. Қыздар жеке өмірін құруға өте қатты мән береді, ол үшін тіпті жан құрбысын да ұмытуы ғажап емес. Егер құрбыңыздың сіздің өміріңізге қызығушылығы азайса, телефон соғуды қойса, кездесулерге келмеуді шығарса, ойланыңыз, бәлкім онымен қоштасатын сәт келген шығар.
Суреттер: allwomens.ru, kolyan.net
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina