Жақсы естелік ауруды жазуға көмектеседі – қытай ғалымдары

Жақсы естелік ауруды жазуға көмектеседі – қытай ғалымдары
Фото: fotokto.ru

Қытай ғалымдары жақсы естелік адамның жан жарасымен қоса тән жарасын да жазатынын анықтады. Бұл жайлы Медикфорум порталы жазады.

Медицинада адамның жақсы естеліктерді есіне түсіріп елестетуі психологиялық аурулардан ада болуына, көңіл-күйін жақсартуға жағымды әсер ететін жолдардың бірі екені бұрыннан белгілі. Адамның физикалық ауруларын да жазуға қолдануға болатыны анықталған. Алайда оны дене ауруларына қалай қолдануға болатынын, амалын таппай жүрген еді.

Мұны Қытайдың ғылым академиясының мамандары эксперимент жүргізу арқылы тапқан.

Тәжірибеде ғалымдар ерікті адамдардың басына термосенсорлы құрылғылар тағып, алдына балалық шағында ұстаған заттары мен ойыншықтарын, басқа да естелік боларлық дүниелерін көрсеткен. Сонда естелік адамның ностальгия сезімін қозғап, бұл өз кезегінде мидың гипоталамус бөлігін белсенді ететіні байқалған. Мидың гипоталамус бөлігі – сана-сезімге жауап беретін орталық. Ол белсенді қосылған кезде, адамның ауруы басылғандай күй кешеді екен.

"Алайда өте ауыр ауруларға бұл әдіс көмектесе алмайды", - деп түсіндіреді қытай ғалымдары.

 

Қ. Слямбек