Жақсы әдет жеңсе, өле-өлгенше қалмайды

Жақсы әдет жеңсе, өле-өлгенше қалмайды
Фото: massaget.kz

Психологияда көп айтылатын сөз бар: адамның екінші болмысы – оның әдеті. Рас сөз. Қазақ та бұған қатысты тауып айтқан: адам – әдет құлы. Тұлғаның көргені мен білгені, түйсініп ой қорытуы әдетке тікелей байланысты. Мысалы күнде ерте тұруды әдетке айналдырған адам сергектік, бос уақыт, саяхат, ермек, жаңа білім атаулымен дос болады. Адамға кей әдет туа бітті дариды. Оны гендік тұрғыда өзгерту мүмкін емес. Алайда жаңа әдетті бойға дарыту әр адамның өз ерік-жігеріне байланысты. Жаңа әдетті қалай қалыптастыруға болады?

1. Жаңа әдетті немесе дағдылы істі 30 күн бойы үздіксіз сақтаймын деп өзіңізге уәде беріңіз. Сол арқылы ми 30 күндік бағдарламаға ыңғайлана бастайды. Бірақ бұл дегеніміз әдет 30 күнннен кейін жоғалады деген сөз емес. Себебі әдеттің берік орнығуы үшін 20 күн де жеткілікті. Онда 30 күн бойы сақтаймын деген уәденің керегі қанша? Миға салмақ салмау үшін. Әдетті үйреніп, сақтау ниеті пайда болғанда ми оны өмір бақи деп қабылдайды. Бұл үрдіс адамға әдетті дарытпайды, оған мойынсұнып бағындырады.

2. Кішкентай қадамдардан бастаңыз. Миыңыз, ағзаңыз әлі бейімделмеген әдетті біртіндеп меңгеру керек. Егер ол глобал деңгейдегі мәселе болса, сіздің қалауыңыз да қашып кетеді. Мысалы ағылшынша еркін көсілемін деп мақсат қойсаңыз, сағат сайын кітап кеміріп, минут сайын сөз жаттаудың қажеті шамалы. Бұл зейін мен қызығушылықты жояды. Одан да ағылшын тіліне күніне 20-30 минутыңызды арнаңыз. Соны тұрақты іске айналдырыңыз. "Тасты тесетін тамшының күші емес, оның тұрақтылығы".

3. Өз рәсіміңізді жасаңыз. Дағдылы іске кіріспес бұрын белгілі рәсім жасап алу артық болмайды. Мысалы жаттығу алдында 5 рет терең дем алыңыз. Кей жағдайда бұл абсурд болып көрінуі мүмкін. Бірақ рәсім жасау концентрация үшін аса маңызды. Тіпті бұл процестің психологияда "триггер" деген өз атауы бар.

4. Еске салып тұратын ілмектер жасап қойыңыз. Көру арқылы есте сақтау қабілеті мен фокустың қалыптасатыны белгілі. Егер денеңізді тік ұстауды әдетке айналдырғыңыз келіп жүрсе, бөлмеңіздегі қабырғаға соны еске салып тұратын сөздерді, суретті іліп қойыңыз немесе смартфоныңыздың басты бетіне сондай сурет орнатыңыз.

5. Өзіңізді марапаттап қойыңыз. Бұл алғашқы кезде жақсы көмектеседі. Мысалы  әдетке айналдырғыңыз келген шаруаңыз біткен сайын өзіңіздің жақсы көретін тәттіңізді сатып алыңыз.

Massaget.kz