Жақсы әдет - жақсы отбасының белгісі

Бүгін біз сіздермен бақытты отбасылардың әдеттері жайында сөз қозғамақ ниеттеміз. Біздің ұсынғанымыз сырт көзге қарапайым қағидалар болып көрінуі әбден мүмкін. Бірақ біз бақыт жайлы айтқанда салмақты сөз қозғауға міндеттіміз. Отбасы құру көптің қолынан келеді, ал бақытты отбасының отағасы мен отанасы болу көптің бағына жазылмайды. Отбасыңыздың іргетасын қалаған тұстан бастап оған жауапкершілікпен қарап үйрену керек. Сонымен, бақытты отбасы мүшелері нені әдетке айналдыруы керек?

Жалғыз жатпау


«Бір жастықта қартайыңдар» деген тілекті естігеніңіз бар шығар? Ерлі-зайыптылардың қашанда бірге жатуының маңызы ерекше. Ыдыс-аяқ сықырлап қалған күннің өзінде де, аздаған түсініспеушіліктер орнаған кездің өзінде де төсегіңізді ала қашып, серігіңізсіз жастыққа бас қоймауға тырысыңыз.

Ұйықтар алдында бір-біріне кем дегенде он минут бөлу

Сізге таңертең жұмысқа ерте тұру керек болса да, қанша ұйқы қысып бара жатса да, күні бойғы шаруадан басыңыз қатып шаршасаңыз да біріңізге біріңіз уақыт бөліңіз. Бүгінгі өткен күн жайында және ертеңгі жоспар жайында талқылаңыздар. Жұмысбасты ерлі-зайыптылар демалыс күндерді есептемегенде тек кешкі уақытта ғана көрісетіндігі белгілі. Бірін-бірі сағынысып келген жұптар сөйлесуге шамасы да келмей ұйықтап қалса да түсінікті жәйт. Бірақ сіздерге ой бөлісіп, сырласудың еш зияны жоқ. Ұйықтар алдында кем дегенде он минутты бір-біріңізбен кеңесіп сөйлесуге қиыңыз. Ауыр күн болса, оны айтыңыз. Біріңізді-біріңіз қолдап, бір-біріңізден жылы сөз аямаңыз.

Қол ұстасып не қолтықтасып жүру


Қоғамдық ортада қол ұстасып жүру көптің назарын өзіне аудартудың әдісі болмағаны жөн. Болмаса тек кішкентайлар ғана немесе кішкентай баласы мен анасы ғана қол ұстасып жүреді екен деп те ойламаңыз. Сүйесіз бе? Онда қолыңыз өзі-ақ сыңарыңыздың қолына қарай тартып тұрады. Қол ұстасу «Біз біргеміз», «Біз ажырамаймыз» дегенді білдірсе, әйелінің күйеуінің қолтығына қолын салып жүруі оған сенім артуының белгісі. Егер жарыңыз қолын сіздің қолтыңызға қысқанын қаласа, онда әбден қуана беріңіз. Демек ол сізді өзіне қамқоршы сезінеді. Әйткенмен қол ұстасып жүруді ұнатпайтын жұптарға тағар айыбымыз жоқ. Тек жүректері бірге болсын.

Байланыста болу


Сүйіктіңіздің жанында екеніңізді білдіріп, оны сағынғаныңыздың белгісі ретінде үнемі байланыста жүріңіз. Әлеуметтік желілермен де, телефон арқылы да байланысты үзбеңіз. «Мен сені сүйемін» деп жазып жіберуге де ерінбеңіз. Ол қуанып қалады. Бірақ тым қатты бір-біріңіздің мазаңызды алып жібермеңіз. Жұбайыңызбен байланысқа шығудың да өз жөні болады. Тынымсыз қоңыраулармен және «Қайдасың?» деген сансыз сұрақтармен еріңізді үркітіп алуыңыз әбден мүмкін.

«Қайырлы таң» тілеу


Мұның да орны ерекше. Тәтті ұйқысын қимай орнынан әрең тұрып келе жатқан жартыңызға жылы шыраймен «Қайырлы таң» тілеңіз. "Күнінің сәтті өтуін" де тілеу артық етпейді. Қалай ұйықтағандығын, ешқандай ауру атаулы мазаламағандығын сұрап та қойыңыз.

Бірге ас ішу және әйелі еріне ас дайындауы


Ерлі-зайыптылардың бірге ас ішуі де маңызсыз емес. Әйткенмен олардың үнемі бір дастархан басында тамақтана беруі кейде мүмкін болмай жатады. Бірі үйде, бірі түзде жүріп тек кешке не таңертең ғана бастары қосылады. Осы кезде әйелі еріне қолынан келгенше дәмді тағамдар ұсынғаны жөн. Таңертеңгі қанбаған ұйқының қабағын дәмді тағам ашады. Дәл сол сияқты, кешке үйіне шаршап келген ері әйелінің қолынан шыққан дәмді ыстық тағаммен көңіл күйін көтереді.

Өздері ғана түсінетін ортақ қалжыңның болуы


Жақсы отбасы – кішкентай ғана ұйым. Олардың өз ұраны, өз құпиясы және өздері ғана түсінетін қалжыңы болуы керек. Сіздің отбасылық әзілдеріңізді біреудің түсінуінің бес тиынға да қажеті жоқ. Бастысы – соны еске алып, бір күліп алғанның артықтығы жоқ. Тек екеуіңіз түсінсеңіз жетіп жатыр. Заттай сыйлық сыйлау мен күлкі сыйлаудың орны екі бөлек. Сізді күлдіре алатын адам – еңбегі бар адам. Көңіл-күйіңіз болмай тұрғанда, жымиюыңызға себепкер болған адамды қалай жақсы көрмейсіз?

Өз отбасыңызды өзіңіз жасайтыныңызды ұмытпаңыз. Бәрін де басынан ретке келтіріп үлгеріңіз. Отбасылық «мәзіріңізді» толықтыра беріңіз!

Ал сіздің отбасыңызда басқа қандай әдеттер бар?

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Сурет: felomena.com, mail.ru