Кейбір адамдар итті жеті қазынаның бірі тұтып, жандарынан тастамай алып жүрсе, енді біреулері оларды көре салысымен, тұра қашады. Мұның себебі неде деп ойлайсыздар? Біреулердің жанынан жақсы иттер табылып, басқаларының жолында қабаған түрлері ғана кездесетін болғаны ма?
«Бес саусақ бірдей емес» деген сөз рас. Алайда психолог мамандар бұл сұраққа толығырақ жауап береді. Олардың айтуынша, мұның барлығы бала күніңіздегі қорқынышқа тығыз байланысты. Қорқыныш, үрей, фобия сынды қасиеттер сіз анаңыздың құрсағында жатқан кездің өзінде пайда болады. Сәби күніңіздегі қорқынышыңыз есіңізде болмаса да, одан алған қорқынышыңыз мәңгілік есіңізде қалуы мүмкін. Кішкене қорқыныш өсе келе фобияға айналады.
Ананың алған әсері іштегі балаға тікелей әсер ететіндіктен, мұндай жағдайлардан аулақ жүргені дұрыс. Бұл үшін жануарлардың өзін қорқытатын арнайы құрал бар. Соны жүкті әйелдер міндетті түрде алып жүруі керек.
Баланың қорқынышынан арнайы мамандарға жолығып, арылуға болады. Әдетте емдеу үшін энимелтерапия қолданылады. Яғни жануарлардың көмегімен емдеу терапиясы. Әрине бірден фобиядан сауығып, үлкен иттермен дос болып кетеді деген ой тумау керек. Аулада асырауға болатын күшіктен бастаған дұрыс.
Кішкене күшіктің өсіп-жетілуін бақылап, қорқыныштан арыла бастайсыз. Ал оны қолға үйрету арқылы есіңізде сақталған жаман естеліктерді ұмытасыз. Қандай істе болмасын, ең алдымен өзіңізге деген сенімділік пен жігер қажет.
Иттердің көмегімен қорқыныштан, ұяңдықтан, аз қозғалудан арылуға болады. Олар өздігінше бір емші әрі адал достар. Осыған көзіңіз жеткен соң, фобияңыздан толықтай арыласыз.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: fact.ru