Бала күнімізде арманымыз асқақ еді. Өз басым ұшқыш болуды қатты армандағам. Бірақ, ит болуды армандайтын сәбилер де болады екен.
Тау ішіндегі жалғыз шағын қыстақта бастауыш мектеп мұғалімі болып жұмыс жасайтын досымның үйіне бардым. Ондағы тұрғындардың тұрмыс жағдайы тым нашар болатын. Айдаладағы қыстақ алғаш келген адамға ертектегідей үрейлі әсер береді екен. Бірақ, ондағы балалар тым тәрбиелі. Білімге деген ынтасы да зор. Әрине мұны досымның еселі еңбегінен бөле қарамадым. Ол үшін мұның өзі үлкен медет еді.
Кешкісін досым білтелі шамның түбінде отырып, оқушыларының үй тапсырмасын тексерді. Әңгіме айта отырып, емтихан қағаздарын көріп отырмын. Барлық емтихан етектей үлкен бір бет қағазға жазылыпты. Алдыңғы жағы математикалық есептер, ал екінші бетінде мақала. Мақала аты – «Менің арманым» екен. Бала күнімізде бізге де мұғалім апай осындай мақала жазуды тапсыратын еді. Олардың арманы да біздің сонау бала күніміздегідей асқақ екен. Бірі мұғалім боламын десе, екіншісі ғалым болғым келеді дейді. Балалық күндерім еске түсіп күліп те алдым. Кенет, бір мақаланың бірінші сөйлемін оқып әрі күлкім келді, әрі таң қалдым. "Менің ит болғым келеді" деп бастапты.
"...Әкем жақында қайтыс болды. Үйде тек анам екеуміз ғана қалдық. Таулы қыстақтың кеші тым қараңғы. Басқалардың айтуынша, мұнда сайтан бар екен. Мен сайтаннан қорқам, анам да қорқады. Кеш болса сыртқа шыға алмай қаламыз. Әкем қорықпайтын еді. Бірақ, ол енді қайтып келмейді. Достарымның айтуынша, үйде ит болса, сайтан кіре алмайды екен. Бірақ, біздің үйде ит те жоқ. Егер ит болсам қандай жақсы болар еді деші. Мен түнде есік түбінде үй күзетсем, анам мүлде қорықпай, алаңсыз ұйықтай алатын еді..." Ары қарай... Жүрегім шаншып қоя берді. Түнімен ұйықтай алмадым. Әрине сайтаннан қорыққаным үшін емес. Таң ата таулы қыстақтан кетуге асықтым".
Авторы: Жияң Лю
Дайындаған: Қайсар Қауымбекұлы
Сурет: subscribe.ru