Өмірімізде сан алуан жағдайлар болып тұрады. Кей кезде белгілі бір мәселенің шешімін таба алмай жүреміз. Сондай кезеңдерде бізге үнемі интуиция көмекке келеді. Ал ішкі дауысты ести білу әркімнің қолынан келе бермейді. Сондықтан сізді интуицияны дамыту жолдарымен таныстырамыз.
Нейробиология бойынша интуиция – логикалық негізділіктің жеткіліксіз кезінде қандай да бір мәселені шешуге көмекке келетін ішкі дауыс.
Логика өзінің шешімін қабылдағанша, интуиция бізге дайын жауабын беріп отырады. Бірақ көп жағдайда біз «бұл – ақымақтық», «бұл менің қолымнан келмейді» және тағы басқа ойлармен оны қайтарып тастаймыз. Егер сіз интуицияңызды дамытқыңыз келсе, ең алдымен, оны қабылдауыңыз керек. Оған сенім білдіре отырып, үйреншікті әрекеттерден бас тартуға және көпшіліктің пікіріне қарсы шығуға дайын болуыңыз керек.
Бұл тұрғыда ең бастысы, тілек пен интуицияны ажырата білу. Тілек – сіздің қалауыңыз болса, интуиция – бейсаналық анализдің, саралаудың нәтижесі.
Интуицияны дамытудың мынадай жолдары бар:
Сезімтал болыңыз
Өзгенің «ойын оқи білу» – фантастикалық қиялдан туған түсінік емес, адамдардың күнделікті істейтін ісі. Ғалымдар біздің миымыз басқа адамдардың бет әлпетін, сезімдерін, әр қилы симптомдарына еліктеп, көшіретінін дәлелдеді. Бұл сөйлеу, көру, ассоциативті және тағы басқа физиологиялық облыстарда бар «айналы нейрондардың» әсерінен болатын құбылыстар. Сол себепті, егер біреу саусағын қыстырып алса, біз де өзімізді жағымсыз сезінеміз. Сондай-ақ біреу қиын жағдайға түскенде оны түсіне алу қабілетіміз бары рас. Психологияда бұл құбылыс интуитивті коммуникация деп аталады. Бұл жалпы анализге кіретін құбылысқа жататынын айта кету керек. Психолог маман Иохим Бауердің айтуы бойынша, айналы нейрондар болмағанда интуиция да болмайтын еді. Бұл, меніңше, интуицияның сезімтал адамдарда жақсы дамығандығының себебін айқындайды.
Түстеріңізге назар аударыңыз
Эксперт София Бирнхамның пайымдауынша, түс те, интуиция да бейсаналықтан туындайды, сол себепті олардың табиғаты бір деп санауға болады. Кейбір түсті зерттеуші мамандардың айтуынша, дәлірек айтқанда Геннадий Ковровтың теориясы бойынша, аян беретін түстер – ұзаққа созылған ақыл-ой процесінің нәтижесі. Дәлел ретінде химияның атасы Менделеевтің түсін келтіруге болады. Өңінде Дмитрий Иванұлы жеткілікті ақпаратты саралап, жинап қойған еді, ал миы соның бәрін түсінде орындарына келтіріп көрсетті. Бұл тұрғыда айта кететін жайт, түстеріңіздің мағынасын іздеу қажеті жоқ, бар болғаны оларды дұрыс қабылдай білу. Әрбір көрген, есте қалған түстер жайлы терең ойға батудың қажеті жоқ. Мұндағы мақсат - интуицияңыздың сізге жіберетін сигналдарын дұрыс қабылдай білу. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, ол түс арқылы келуі де мүмкін немесе оқуға, жұмысқа бара жатып, кенеттен ойыңызға сап ете қалуы да мүмкін.
Негативтен аулақ болыңыз
Әсерлі сезімдер, әсіресе, негативті эмоциялар ішкі дауыс тұрмақ, сананың синалдарын жоқ қылады. Психологтардың айтуынша, ашу мен ыза ішкі дауысыңыздың сіздің ойыңызға салып тұрған маңызды, пайдалы дүниелерді түгелдей ығыстырып тастайды. Ал позитивті эмоциялар, керісінше, интуицияның қабілеттілігін арттыруға зор пайдасын тигізеді екен.
Үнемі тек жақсы заттар жайлы ойлап, армандарыңыз бен мақсаттарыңыздың орындалуын елестетіп жүруіңіз керек. Интуиция – сіздің өміріңіздегі көмекшіңіз екенін ұмытпаңыз.
Дайындаған: Фариза Әбілова
Сурет: fotokanal.com