Интроверттің 4 түрі

Карл Густав Юнгтің пайымдауынша, интроверсия – психологиялық энергияы ішке бағыттаушы адамдардың жағдайы. Әйгілі психологтің айтуынша, интроверт пен экстраверт адамдар қоршаған ортаға бейімделуімен ерекшеленеді. Ұзақ уақытқа дейін интроверсияны адамның даму барысында болған қателік немесе психологиялның бұзылуы деп қабылдаған. Дегенмен, қазір зерттеу жұмыстары арқылы интроверсия тек адамның іс-әрекетінде ғана емес, миының қызметінде де байқалатынын біліп жүрміз. Интроверттердің бәрі бірдей емес екенін де жақсы білеміз.

Соған қарамастан, қоғамда қалыптасқан интроверт адамның үлгісін көрсететін таптауырынның барын естен шығармаған жөн. «Көшеде кездескен кез келген адамнан интроверт деген кім деп сұраңызшы. Басым көпшілігі жиі ойланады және жалғыздықты жаны сүйеді деген жауап береді»,–дейд Уэллсли-колледжінің (АҚШ) психология профессоры Джонатан Чик (Jonathan Cheek).

Енді адамдар арасындағы интроверттің қалыптасқан үлгісін сипаттап берейік:
• Қоғамнан қашады және жалғыз болуға ұмтылады;
• Ол жиі күлімдейтіндер қатарынан емес;
• Көңілді адамдардың ортасын жақтырмайды;
• Кітап оқуды жаны сүйеді;
• Ұялшақ, адамдармен достасу қиын.

Джонатан Чик және оның әріптестері интроверттің бірнеше түрі бар деген қорытындыға келді. Олар: қоғамдық, ұстамды, толғануға бейім, беймаза. Оларды Юнг айтқан бір ғана қасиет байланыстырады – психологиялық энергияны ішке бағыттайды.

Интроверсияның 4 түрі:
Қоғамдық:
Интроверттің бұл түріне жататын адамдар өзгелермен тез тіл табысады, сөзшең, тіпті мылжың болуы да мүмкін. Бірақ, тек белгілі бір ортада ғана бұл қасиеттерді көрсетеді. Олар өзін қоршаған адамдарды зерттейді, кейін олармен араласады. Олар жалғыз жұмыс істегенді дұрыс санайды. Одан бөлек, қоғамдық түрге жататындар жалғыз ұзақ уақыт өмір сүре алса да, қоғамда болып, адамдардың ортасында оларды бақылағанды жөн санайды.

Толғанысқа бейім:
Ылғи терең ой үстінде жүретін бұл интроверт түріне жататын адамдар уақыттың басым бөлгін өз ойын, ішкі әлемі мен өзіне жүргізетін сараптамаға жұмсағанды дұрыс санайды. Олардың ішкі сезімталдығы (интуиция) жақсы жұмыс істейді. Белгілі бір нұсқаулықтар бойынша іске асатын жұмыстарды атқару оларға қиынға соғады. Олар көбіне шығармашылық жұмыспен айналысқанды жөн санайды.

Беймаза
Қоғамдық интроверттерге қарағанда, олар жалғыздыққа ұмтылады. Оларға өзге адамдардың ортасында болған аса қатты ұнай бермейді. Адамдармен сөйлесу барысында ылғи түсінспеушіліктер, ыңғайсыз жағдайлар туындауы әбден мүмкін. Бұл белгілі бір ережеге бағынатын ортада ғана өмір сүре алатын адамдардың қатары. Олар өзгерісті жақсы көрмейді. 

Ұстамды:
Ұстамды интровертке қарап, оның жайбасарлығына таңғалуыңыз әбден мүмкін. Олар алдымен ұзақ ойланады, кейін іске кіріседі. Оларға өзіне келу үшін біраз уақыт керек. Тіпті, ұйқыдан оянған соң да уақытты талап етеді. Бұл түрге жататын адамдардың көбі «ақылдылар» санатына жатады. Өйткені, олар істің шешімін табу үшін жан-жақты зерттеу жүргізеді.

Интроверт адамдар айналамызда жеткілікті. Мүмкін, сіз де интроверт шығарсыз?!