"Интеллектуалдық күш-қуат – қабілеттілікте" деген қағиданы ұстан

"Интеллектуалдық күш-қуат – қабілеттілікте" деген қағиданы ұстан
Фото: geekbrains.ru

Адамның ақыл-ой өрісі, қабілеті мен бейімділігі, мінезі мен түр-әлпеті әрқилы. Әйтеуір, бұл мәселеде бір-біріне жүз пайызға ұқсасы жоқ. Бұл өзі жаратылыстың, адам табиғатының тағы бір құпия сыры. Соған қарамастан әркім өз ерік-күшіне сәйкес өз қабілетін танып-білуге, оны дамытуға талпынады. Керісінше, өз қабілетін тектен-текке құртып (бізге сырттай солай көрінуі мүмкін), оны басқаға жұмсайтындары да аз емес.

Ал қабілет дегеніміз не? Ол – адамның бір іс-әрекетті орындауда әрқилы деңгейде көрінетін жеке қасиеті. Оны данышпандар «асыл мұраға» да теңеген екен. Өйткені, кез келген адамда ерекше бір көзге түсетін қасиет болады. Егер де сол адам оны қастерлеп, өмірмен біте-қайнасып жүруіне үнемі жағдай жасап отырса, иесінің қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Мұндай жан бәрібір өзінің алдына қойған мақсатына жетіп, еңбегінің жемісін жейді. Кісі неғұрлым қабілетті болса, ол соғұрлым қай істі де табысты орындап, сый-құрметке бөленеді. Иә, адамдар үшін өз қабілетін жақсы істерге, ел игілігіне жұмсағаннан артық бақыт жоқ. Тек есте болатын бір жағдай, кейбір адамдарда ерекше бір көзге түсетін бірнеше қабілет кездеседі. Бұл – Жаратқан Иеміздің сол адамға берген несібесі. Бірақ та біз оны күндемей, өз бойымыздағы қабілетті танып-біліп, оны бағалай білуге тиістіміз. Өмірде кездесетін бір сәтсіздіктен соң: «Менің бойымда ешқандай қабілет жоқ, бәрібір мен бұл істі атқара алмаймын», – деп сары уайымға салынатындар ұтылатыны хақ.

Ұлы ойшыл Кіші Сенека: «Адам өз қабілетінің қандай екенін бір іске кіріскенде ғана біледі», – депті. Ол рас. Сол себепті әрдайым өз ісіңе сыни тұрғысынан қарап, одан қорытынды шығара білуің қажет. Сірә, сондықтан да шығар, Дельфий храмында: «Өз-өзіңе үңіл» деп жазылған.

Қабілеттілікті анықтайтын қасиеттер: сезімталдық, байқағыштық, аңғарымпаздық, зеректік, ойлампаздық, көрегендік, зерделілік, идеяларды оңай туындата алушылық, сөз саптау еркіндігі, тұтас қабылдауға, ұғымдарды салыстыруға (алыстату, жақындату, қиыстыру, т.б.), топшылауға бейімділік және тағы да басқалар. Тек есіңізде болсын, өз қабілетің өз ырқыңа көнеді. Саллюстий айтпақшы: «Әр адам өз тағдырын өзі шешуге тиіс». Ал адам қабілетінің қайнар көзі ешқашан да таусылмайды. Адам қабілеттілігінің артуына байланысты оның дарындылығы мен данышпандылығы да айқындала түседі.

Қабілеттің қандай түрі де еңбекпен дамып, қалыптасады. Адам тер төкпейінше, оның бойындағы қабілет ешбір мән-маңызға ие бола алмақ емес. Өйткені, қабілет ойлау, күшті ерік-жігер, тұрақты мінез, қажыр-қайрат, ұшқыр қиял тәрізді адамның жан қуатының сан түрлі жақтарымен тығыз байланысты.

Белгілі бір дүниеге ынта-ықыласының артуы – оянып келе жатқан қабілеттің алғашқы белгісі. Ол негізінен бейімділік деп аталады, қай іс те осы бейімділіктен бастау алады. Адам баласы өзінің бойындағы қабілеттілігінің белгілерін тым ерте байқаса, не нәрсеге бейім екенін мезгілінде сезсе, онда ол өмірде өз жолын табады. Өкінішке қарай, көп адам өз қабілетінің қандай екенін, не нәрсеге бейім екенін іс жүзінде анықтай алмай немесе оған мән бермей, соның салдарынан көпке дейін өмірде өз орнын таба алмайды. Сол себепті, интеллектуалдық күш-қуат – қабілеттілікте.

Жастардың жаһандану жағдайында өзінің ұлттық болмысын жоғалтпау үшін басты қағида – ұлттық болмыс, мәдени мұра мен дәстүрімізді сақтау. Философ Хантингтон: «ХХІ ғасыр – ақпараттық, идеологиялық күрес ғасыры», – деген еді. Бұған жол бермеу үшін тең дәрежеде діни сауаттылық, саяси мәдениет пен саяси сананы қалыптастыру, жалпы алғанда, мәдениет пен білімділік деңгейін көтеру қажет. Яғни «интеллектуалды қоғам» түзіп, барлық жастарға еркіндік пен мүмкіндік беруіміз қажет. Атам қазақтың «Баланың бетінен қақпа, белін бу…» дейтіні сондықтан ғой. Мен бағана қабілет туралы айттым. Тағы бір нәрсе – ұлттық қабілет. Яғни белгілі бір елдің қай нәрсеге, қай салаға бейім екенін анықтау – негізгі нәрсе. Осы орайда қазіргі қазақ халқы неге қабілетті екенін білу, мына сіздің, мына менің, бәріміздің міндетіміз…  

Интеллектуалды ұлт – интеллектуалды деңгейде қоғамдық бағдары, концепттері қалыптасқан қоғам. Ол жерде белгілі бір білім жүйесі орын алады. Сол негізде интеллектуалды қор қалыптасады. Ұлттың интеллектуалды деңгейде мәдени, тарихи алғышарттары қалыптасып, табысқа қол жеткізуді басты мақсат етіп қояды. Интеллектуалды ұлт ұлттық құндылықтың бағдары анықталған шақта жасақталады. Қоғамдық білім тетіктері қалыптасқан жағдайда ғана мүмкін болады. Қоғам прогреске қол жеткізуге, ақпаратқа қолжетімді болған жағдайда мүмкін. Біздің әл-Фараби атындағы  Қазақ Ұлттық университетте бұған кең көлемде жағдай жасалған. Шетелден ғалымдар шақыртылады. Біз шет мемлекетте оқи аламыз. Озық мемлекеттердің үлгілерін өздерімізде қолдану мүмкіндігі бар. Ең бірінші интеллектуалды ұлт қалыптастыру үшін төл тарихымызды жақсы білуіміз керек. Сонда ғана интеллектуалды ұлт тарихи санамен қалыптасады. Әл-Фараби атындағы  Қазақ Ұлттық университет «Интеллектуалды ұлт – 2020» мемлекеттік бағдарламасы еліміздің ертеңі болатын жастардың әлеуетті күшке айналуына мүмкіндіктер беруде. Бәсекеге қабілетті интеллектуалды элита қалыптастыру күн тәртібінде тұр.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетті  бәсекеге қабілетті оқу орыны, адам капиталын дамытуды басты мақсат етеді. Сондықтан интеллектуалды ұлт құрудағы негізгі қозғаушы күш – жастар. Бүгінде интеллектуалды ұлт қалыптастырудың негізгі іргетасы ақпарат заманындағы өзіне қажетті дүниеге тез қол жеткізе алатын, коммуникативті, тапқыр жастар екені белгілі.   Ең көп қаржы бөлінетін сала да – осылар. Сондықтан дамып, өскіміз келсе, ақыл-ой, интеллектіге көп көңіл бөлуіміз керек. Сонда «қабілетті ұлтқа» айналамыз. 

Нұргүл Тоқсанбаева,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
профессор, 1-курс докторанты

 

А. Қажиев