Интеллект ұғымы бәрімізге таныс. Адамның ақыл-ой қабілетінің бүкіл болмысын таным деп атайды. Танымды біз ұстап көре алмаймыз. Тек ұғынамыз. Жансыз, санадан тыс дүние. Сондықтан интеллектінің не екенін тану үшін оның қасиетін, болмысын түсінгіміз келеді.
Сондықтан психологтар интеллект ұғымын тереңірек қарастыру үшін оның түрлерін бөліп көрсеткен екен. Интеллектінің түрлерін барынша нақты әрі кеңірек көрсеткен – Америка психологы Говард Гарднер.
Гарднер интеллектіні ген арқылы, ұрпақтың тегімен келетін құбылыс деп анықтама берген.
"Интеллектінің түрі өте көп. Оның қалыптасуына ұлттық ерекшелік пен адамның өскен ортасы да әсер етеді", - дейді ол.
Дегенмен америкалық психолог танымның түрі көп болса да, басты 8 түрін ажыратып көрсеткен екен:
- лингвистикалық интеллект
- музыкалық интеллект
- логикалық-математикалық интеллект
- кеңістіктікті ажырату интеллект
- экзистенциалды интеллект.
- дене-кинестетикалық интеллект
- тұлғааралық интеллект
- тұлғаішілік интеллект
Яғни, психологтың бөліп көрсеткен таным түрлері күнделікті өмірде айтып жүрген қабілетке тікелей байланысты. Мәселен ән айтатын, әуенді жылдам қабылдап, домбыраны тез үйреніп алатын адамды "мынау әнші, сазгер, сондай ұғымпаз" деп жатамыз. Мұның еш әбестігі не асырып, мақтап айтарлық артықшылығы жоқ. Тек муз ыкалық қабілеті дамыған адамның бойынан табылар қасиет қана. Бұл қабілет сізде болмаса, онда аталған 8 интеллектінің бірі сіздің бойыңыздан табылары шүбәсіз.
Сонымен әр интеллектіге жеке-жеке тоқталайық.
Лингвистикалық интеллектісі дамыған адам тіл үйренуге, көркем, шешен сөйлеуге бейім келеді. Ана тілінің де, үйренген шет тілінің де ой-қырын, заңдылығын жақсы біледі. Тілді тез үйреніп алады. Тіпті, кейбірі білмейтін тілдің өзін сырттай түсініп тұрады. Сыныптастардың ішінде тілге бейім оқушының барын өзіңіз де байқаған шығарсыз. Ондайлар әр сыныпта, әр ортада бар.
Түйсігінде лингвистикалық интеллектісі дамыған адамнан ақын-жазушы, тілші ғалымдар, аудармашы, дипломат, спикер, диктор, заңгер сынды тіл мамандығымен байланысты тұлғалар шығады.
Мұндай адамдар тілтабысқыш келеді.
Логикалық-математикалық интеллект. Аты айтып тұрғандай, адамның есептей алу, санау және санмен жұмыс істеу, математикалық ұғымдарды түсіну қабілеті. Мұндай қабілеті дамыған адам логикалық есеп пен жұмбақты жақсы шешеді. Шахмат ойнауды ұнатады. Құрдастарымен салыстырғанда абстрактілі ойлау деңгейі басым. Сондықтан геометриялық кеңістікті көз алдына еркін елестетіп, өзгеше әлемнің құрылымын дәл көре алады. Қарапайым өмірде басынан бір жағдай не оқиға өтсе, оған логикалық талдау жасап, себебі мен салдарын, жалпы ситуациялық байланысын тез саралай алады.
Математикасы мықты, логикалық ойлауы жақсы оқушы кез келген мектепте, сыныпта бар. Оны да өзіңіз талай байқаған боларсыз.
Кеңістіктікті ажырату интеллектісі. Адамның кеңістікті, әлемді не қоршаған ортасын санасында бейнелей алу қабілеті. Бұл кәдімгі ұшқыштың әуе кеңістігін, теңізшінің су аймағын ойша не көзше ажыратып, бағыт пен жол табуына ұқсас құбылыс. Мүсінші ойша шаблон жасап, бейнені сомдап шығады. Кейде шахматшы да алды-артын ойластырып, кеңістікті келістіру арқылы тактика құрады.
Сыныпта суретті жақсы салатын, сызбаны күшті сызатын оқушы бар шығар.
Егер сізде кеңістіктікті ажырату интеллектісі басым болса және шығармашылықты ұнатсаңыз, онда музыкант немесе жазушы болудан гөрі суретші не мүсінші, сәулетші болуға қабілетіңіз зор. Сол сияқты анатомия және топология, жағырапия сынды кейбір ғылымдар үшін де кеңістік интеллект аса қажет.
Дене қозғалысы интеллектісі. Адамның спортқа, өнерге қаншалық бейім екенін көрсететін қабілет. Мұндай интеллекті дамыған адамның денесі икемді, шебер келеді. Ондай балалардан спортшы, театрда өнер көрсетер биші мен актерлер шығады.
Экзистенциалды интеллект. Өмірді пәлсапалық тұрғыдан қабылдауды үйрететін қабілет. Мұндай қабілеті дамыған адамдардан психолог, саясаткер, ғалым, философ, дінтанушы шығады.
Музыкалық интеллект. Аты айтып тұрғандай, адамның әуен мен музыканы ести, ажырата алу қабілеті.
Мұндай қабілеті мықты адамдар әуен мен өлең сөзін тез жаттайды. Әуеннің ырғағын тез меңгереді.
Тұлғааралық интеллект – бұл басқа адамдармен түсінісу және қарым-қатынас жасау, тіл табысу қабілеті. Бұл қасиет бәрімізге қажет. Бөтен адамдармен үнемі қарым-қатынас жасайтын кез келген адам тұлға аралық қатынастардың шебері болуы керек. Әсіресе, мұғалім, дәрігер, сатушы не саясаткерге тұлғааралық таным аса қажет.
Тұлғаішілік интеллект – эмоционалды интеллектіге өте ұқсас. Яғни, адамның өзінің сезімі мен эмоциясын тани алуы. Тұлғаішілік интеллектісі дамыған адам өзінің мінезін, жақсы қасиеті мен жаман қасиетін, кемшілігі мен артықшылығын жақсы біледі. Қателіктен сабақ алады. Өзін бағалай, сынай біледі.
Өзін қалай басқаруды біледі, жалғыз жұмыс істегенді жөн көреді. Ақылдың бұл түрі өзін-өзі тануға көмектеседі. Психолог, мұғалім мен тәрбиешілер интеллектінің осы түрі дамыған адамдардан шығады.