Жапонияның кішкентай аралы Окинава тұрғындарының орташа өмір сүру жасы басқалармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Ер адамдар — 88, ал әйелдердің орташа өмір сүру жасы – 92. Ұзақ өмір мен баянды ғұмыр кешудің сырын жапон нейробиологы Кен Моги икигаймен түсіндіреді. Бұл терминнің қазақ тіліндегі баламасы – "өмір мәні". Икигай сөзі жапон тіліндегі екі сөздің қосылуынан шыққан: "ики" – өмір, "гай" – себебі.
Икигай құндылығы:
Бұл түсініктің қарапайым түсіндірілуі де оның осыншалықты танымал болуына әсер еткендей. Әрбір мәдениет пен философиялық ағымда икигай мәндес түсініктерді кездестіруге болады: бағыт, борыш, парыз, міндет, мақсат пен өмір мәні деп те атаймыз. Бұл – аталған тұжырымдардың барлығы адамзатты өмір бойы мазалайтын "Мен мына жерде не істеп жүрмін?", "Не үшін өмір сүріп жатырмын?", "Айналама қандай пайдам тиеді?" деген сұрақтардың қысқаша жауабы.
Күнделікті өмірде бір істі құштарлықпен жасайтын жанды, өз ісін сүйетіндігі соншалықты жалындаған қалпында жұмысқа кіріскен жасты, өзінің еңбегін қоғамның жандануына арнаған адамды кездестіремін. Мәдениетімізде ондай адамдарды өз ісінің маманы деп атаймыз.
Ал, икигайдың біздің "мақсатымыздан" не айырмашылығы бар?
"Икигай кез келген ұсақ-түйекте жасырулы болады – дейді "Икигай: жапонша өмір мәні" кітабының авторы Кен Моги – Таңғы балғындық, бір шыны кофе, күн көзі, ұзақ дайындалған тағам мен президент мақтауының құны бірдей. Тек барлық заттың сұлулығын көріп, сезіне білген жан ғана оны бағалап, сол арқылы өмір рахатын сезіне алады".
Сонымен қатар, оған тағы мынадай түсіндірме беруге болады: Икигай – саналы әрі ұзақ өмірге апаратын жол. Бұл қанағаттану мен жайлылық, өзінің маңыздылығын ұғу, оптимистік көзқарас пен қуаныш.
Икигайдың 5 қағидасы
1. Аздан бастау
Кен Моги өз кітабында беделді жапон бас аспаздарының бірі Дзиро Ононың оқиғасын еске алады. Ол кедей отбасында дүниеге келеді, бастауыш сыныпта оқып жүріп, кешкісін мейрамханада жұмыс істейді. Кейін өзінің алғашқы суши-барын ашады. Бірақ, оның мақсаты әдімі ғимарат немесе үлкен мейрамхана емес еді. Шағын суши мейрамханасы үшін небәрі ас үй мен тұтынушыларға арналған ыдыстар мен шағын ғимарат жеткілікті болатын. Сондықтан, ол бар уақытын аспаздық дағдысын жетілдіруге арнайды. Бірте-бірте дағдымен қатар, ыдыс пен құрылғыларды, кейін дизайнды жетілдіреді. Бүгінде оның мейрамханасы Жапониядағы ең үздіктердің қатарына кіреді. Бас аспаз ешқашан асықпай, өз ісін тұрақты әрі сүйіспеншілікпен дамытып отырды. Өйткені, ол кез келген нәрсені азынан бастау керектігін ұққан болатын.
Аздан бастау – өмірді жақсарту үшін оған өзгерістерді бірте-бірте еңгізу және уақытпен санасу. Бірден спорт шебері не маман болу мүмкін емес. Күнделікті қайталау мен уақыт арнау ғана шеберлікке алып келеді.
2. Өзіңізге бостандық сыйлау
Икигайдың екінші қағидасын түсіндіру үшін, Кен Моги кішкентай баланы мысалға алады: "Бала қамсыз өмір сүреді, белгілі бір қоғамның таптаурындарына бағынбайды. Бала мамандыққа не қоғамдағы дәрежеге тәуелді емес. Осынау балалық шақтың бейқамдығын өмір бойы сақтап қалсақ керемет болар еді".
Икигайға қол жеткізу үшін өзіңізді қабылдап, өзіңіздің ойыңызға шырмалған жан-дүниеңізді бар уайымнан босата білуіңіз керек. Адам есейді дегенмен, іштегі бала сол күйі қалады: оны оятып, батыл, ешкімге бағынбайтын, өзгелердің пікіріне тәуелсіз болуды үйрену керек.
3. Өмірмен үндесу және тұрақтылық
"Жапон мәдениетінде қоғаммен, қоршаған ортамен үндесу ғана икигайды табуға көмектеседі", – дейді Кен Моги. Адамның жеке қалауы ешқашан айналысындағы адамдар мен табиғатқа зиянын тигізбеуі тиіс. Онсыз икигайға ие болу мүмкін емес.
4. Азға қанағат
"Жапония тұрғындарының басым бөлігі таңғы асты көк шай мен тәттіден бастайды. Соңғы уақыттары оны кофеге не қара шайға алмастырған, – дейді Кен Моги. – Оның өзіндік мәні бар. Әлемнің қай түкпірінде тұрсаңыз да, таңертең өзіңіздің сүйікті тағамыңызды жеуден бастаңыз (кофе, шоколад). Осылайша миыңыздағы дофамин гормоны бөлініп, күні бойы күліп жүруіңізге әсер етеді".
Бақыт деген тек үлкен нәрседен (жетістік, мансап) немесе материалдық табыстан (жоғары жалақы не үш бөлмелі пәтер) тұрмайды. Бақыт кішкентай нәрседен басталады: дәмді ас, жайма-шуақ күн, балаларды алып, киноға бару немесе кешкісін серуендеу. Саналы түрде сізге күлкі сыйлап, бақытқа бөлейтін заттарды белігілеп қойыңыз және сол үшін айналаңыздағыларға алғысты болғайсыз.
5. Осы сәт, осы уақыт
Болашақты жоспарлаған жақсы. Ал, өткенмен өмір сүру құрдымға жібереді. Осы сәтте ғана өмір сүру – адамның белгілі бір нәрсеге бар назарын аудару және одан өзгені байқамауы. Ол жұмысын асқан құштарлықпен істейді, содан жаны тынығады. Нәтижесінде оның мақсаты өзі ойламаған жерден шындыққа айналады. Яғни, адам жоспарлап, соны асыға күткен сайын одан мақсаты да, арманы да алшақтай бастайды. Сол себепті, икигай қағидасы бойынша бүгінмен өмір сүру жанның саулығы үшін пайдалырақ.
Кен Моги бұл бес қағиданың негізін жапон дәстүріндегі шай беру рәсімімен байланыстырады:
• Шебер барлық нәрсені тыңғылықты ойластырады. Мысалы, ыдыс аяқ дизайны, бөлме стилі ("Аздан бастау" қағидасы).
• Кішіпейілдік рухы – қонақ пен шебердің ерекшеліктері ("Өзіңізге бостандық сыйлау" қағидасы).
• Шай беру рәсімі кезінде қолданатын ыдыстардың басым бөлігі жүз жылға жуық жыл бұрын жасалған. Оларды бір-біріне үйлестіре отырып, қонаққа оң әсер қалдыру үшін баппен таңдайды ("Өмірмен үндесу және тұрақтылық" қағидасы).
• Толыққанды дайындық жүргізгеніне қарамастан шай беру рәсімінің басты мақсаты – тынығу ("Азға қанағат" қағидасы)...
•...Және өзінің жеке әлемінді ұға отырып, жанның тыныштығын сақтау ("Осы сәт, осы уақыт" қағидасы).
Әркімнің мақсаты мен тағдыры әртүрлі болатыны секілді, икигайды табу жолы да әртүрлі. Ешқашан бірдей бағыт не бағдар болған емес. Әркім өзінің өмірлік мәнін, өмір сүру себебін табуы тиіс.