- Негізгі бет
- Психология
- Идеал адам бар...
Идеал адам бар ма?
Сұрақ. Жігіт пен қыздың қарым-қатынасында келіспеушіліктің орын алмауы мүмкін нәрсе ме?
Бүгін осы тақырып аясында массагеттіктермен әңгіме-дүкен құрып көрелік.
Сонымен, бір тудың астына бірікпес бұрын екі тараптың да өз өмірлері болды. Өз әлемдері болды. Екі түрлі ортада тәрбие көрді. Сол көрген-білгендерінің арқасында әркім өз дүниетанымын қалыптастырып, өз көзқарасын дамытты. Яғни екеуінің де өмірді қабылдауы, сезінуі екі түрлі қалыптасты.
Осындай екі параллель өмірде тірлік қылған қос жанның бір тудың астына бірігуі әлбетте нанға сары май жаққандай оңай бола салмайды. Процестің жанама әсерлері міндетті түрде болады. Бұл құдды зауыттан жаңа шыққан мәшине секілді. Оның әбден төселіп, жақсы жүріп кетуі үшін біршама уақыт керек. Сол уақыттың ішінде машинаның детальдары бір-біріне үйкеліп, ысылып киіліп, отырады. Жігіт пен қыз арасындағы одақ та дәл осылай деп ойлаймыз.
Ары қарай, қарым-қатынастың бас кезінде көп орын алатын проблемаларға тоқталып көрелік.
1. Екі жақтың да өмірді қабылдауы екі түрлі. Осының себебінен арада ренжісу көп болады. Мәселен бір тарап өз ісінен ешқандай олқылық, жөнсіздік көрмейді. Өзінің істеп отырған ісіне жеңіл қарап, өте ұсақ нәрсе ретінде баға беруі мүмкін. Есесіне ол ұсақ нәрсе екінші тарап үшін өте үлкен маңызға ие болуы ғажап емес. Мәселен қыздың жігітке ескертпей қыдырып кетуі нәтижесінде біраз кикілжіңдер орын алуы мүмкін.
2. Сыңарынан өзі тектес адам жасауға ұмтылу. Шындығында ешкімге өзі тектес адам жақпайды. Өмірдің өзі сол әрқилылығымен қызық емес пе? Көп жұп осы жерден қателеседі деп ойлаймын. Сыңарын қолдан өзгертіп, соңында өзі жасап шығарған дүниесінен жиреніп, ат тонын ала қашады. Немесе оған деген көңілі суып қала береді.
3. Өзін өзгенің орнына қоя алмау. Көп мәселе өзіміздің тарапымыздан өте дұрыс болып көрінуі мүмкін. Бірақ әркімнің өз шындығы, өз сезімі, өз қабылдауы бар екендігін ұмытпауымыз керек. Сондықтан арадағы орын алған кикілжіңдерді шешудің, шешпестен бұрын оның пайда болуы технологиясын түсінудің ең оңай жолы өзіңді өзгенің орнына қойып көру.
4. Жалпы болмыстың сәйкессіздігі. Бұл жердегі әңгіме темперамент, сонымен қатар, ой ойлау жүйесі туралы. Бұл жағдайда мәмілеге келу өте қиын. Дұрысы өзіңізге сәйкес емес адаммен қарым-қатынасты мүлде бастамау. Бұлайша өзіңізді өмір-бақи проблемаға байлап беруіңіз мүмкін.
P.S. Бірақ адамдардың бір-біріне сай, құйып қойғандай болып сәйкес келуі мүмкін еместігін ұмытпау керек деп ойлаймыз. Одақтың нығайып, берік бола түсуі үшін уақыттың, сонымен қатар, еңбектің керектігін есіңізден шығармаңыз. Идеал адам аспаннан түсе қоймайды.
Осы орайда ата-бабамыздың: "Ет ыстықтан піспейді, бір-біріне үйкелу арқылы піседі" деген асыл сөзі қалған.
Автор: Еркебұлан Қайрахан
сурет: mail.ru