Хобби – жаныңызға жағымды, жақсы көңіл-күй сыйлайтын іспен айналысу. Хоббиім жоқ деп ойлап, достарыңызға жүгіріп, «сенің хоббиің қандай?» деп сұрауға асықпаңыз.
Сізді не қызықтыратынын есіңізге түсіріңіз. Теледидардан, ғаламтордан қандай бағдарламарды үзбей күтесіз? Газет-журналдардан қандай айдарды оқып тұрасыз? Бала күніңізде немен айналысатын едіңіз? Осы сұрақтардың жауабын тауып, сол іспен айналысқыңыз келе ме, жоқ па, соны анықтаңыз.
1. Сізді қызықтыратын нәрселердің тізімін жасаңыз
Қызығатын нәрселер көп болса, тізімін жасап, әрқайсысының жақсы және жаман жақтарын жанына жазып шығыңыз. Егер жұмыс бабымен не қаржы жетіспеушілігінен саяхатқа шыға алмасаңыз, саяхатшылар туралы бағдарлама, фильмдер қарап, журнал сатып алып, сайтқа жазылып, қызықты, ұнамды елдер, қалалар туралы ақпарат жинап, болашаққа жоспар құруыңызға болады. Барғыңыз келетін елдерді тізіп, тіпті, үлкен карта сатып алып, қызыл фломастермен баратын елдерді белгілеп алыңыз. Соған орай жоспар құрып, қаражат жинауыңызға болады.
2. Хоббидің бағасын анықтаңыз
Егер биге бару үшін ақшаңыз жоқ болса, тегін топ тауып алыңыз. Немесе үйде жайлы жер тауып, youtube арқылы бидің неше түрін үйренуіңізге болады. Сондай-ақ хоббиіңізге уақыт бөлу керектігін ескеріңіз.
3. Бас тартудан қорықпаңыз
Егер бір хоббиді таңдап, уақыт өте келе оны ұнатпай қалсаңыз, бас тартуға қорықпаңыз. Басқа хоббиді таңдауыңыз керек. Өзіңізді «тұрақсызбын» деп айыптамаңыз, сіз бар болғаны іздеудесіз.
4. Дайындалыңыз
Хобби таңдаған соң оған керекті аумақты, киім, т.б. дүниелерді дайындаңыз.
Ал сіздің хоббиіңіз бар ма? Қандай нәрселерге қызығасыз?
Сурет: ©Дулат Сепбосынов
Ұқсас жазба:
Табысты болуға дайынсыз ба?