- Негізгі бет
- Психология
- Хоббиді табыс көзіне...
Хоббиді табыс көзіне айналдыра алмауға не себеп?
Ұнаған іспен айналысып, одан табыс табу туралы ойланып көрдіңіз бе? Неліктен хоббимен айналысуда көпшілік адамдар сәттілікке қол жеткізе алмайды? Оның сүйіп істейтін әрбір ісі нәтиже беруі керек емес пе еді?
Сонымен, хоббиді мамандыққа айналдыра алмайтындардың 5 себебін айтып, онымен күресудің амал-тәсілдеріне тоқталайық.
Жұмыс процесінен ләззат алу
Хобби – рахат алу үшін белгілі бір істі жасау болса да, оның кейбір кемшіліктері бар. Хобби көңіл-күйді көтеру, бос уақытты қызықты дүниемен өткізу және демалу үшін жасалады. Бірақ біз жұмыс барысына беріліп кететініміз соншалықты, одан шыққан нәтиже біз үшін маңызын жоғалтып алады. Жазумен, фотографиямен немесе саяхаттаумен ғана шектелмей, сол салаларда қалайша табыс табуға болатынын нақты анықтап алу қажет.
Шешу жолы: мақсатыңызды ойластырып алып, бірнеше бизнес-жоспар жасаңыз. Мұнда өзіңізді шектемей, барлық мүмкін жағдайды қарастырыңыз. Саяхаттауды жақсы көрсеңіз, жол сапарын ұйымдастыратын қызмет ашыңыз, блог жүргізіп, барған жерлеріңіз жайлы қызықты фоторепортаждар жасаңыз. Қызықты сайт ашқыңыз келсе, оған да бірнеше идея тізбегін құрап, айналысуды бастап кетіңіз. Ресурсыңызға оқырмандар не үшін қызығуы керек екенін бақылап, барынша дайындықпен қадам жасаңыз.
"Әй" дейтін әже жоқ...
Хоббимен айналысқанда біз өзімізді белгілі бір заңдылықтар мен ережелерге тәуелді ұстамаймыз. Сондықтан да көп жағдайда жаңа идеяға кірісіп кетіп, кейіндеу сол істі тастаймыз. Бұған көп жағдай себеп болуы мүмкін, мәселен шаршадыңыз, қызығы қалмады, уақыт жоқ, шабыт кетіп қалды... Бұл жағдайда көпшілігіміз нәтижеге мән бермей, жұмыс процесімен ғана тоқталамыз немесе бұл істі кейінге қалдыра береміз.
Шешу жолы: жұмысыңызбен айналыса алмасаңыз – жауапкершілікті сезіну керек. Серіктесті немесе тұтынушыны тауып алыңыз. Сол адамдарға сіз нақтылы нәтижені көрсетуіңіз керек болады. Фрилансерлік жұмыс істеп көріңіз немесе басқа жобаға бет бұрыңыз (ақысыз болса да).
Шабыттан шабытқа
Дәл осы шабыт белгілі бір істің нәтижесін беруге сеп болады. Бірақ жұмыс кезінде шабыт бүгін болса, ертең болмауы мүмкін ғой. Сондықтан да белгілі бір істі бастаған сәтте оның аяғы қалай болатынын, жұмыстың жалпы ауыртпалығын сезініп-білуіңіз тиіс.
Шешу жолы: жаңа шабыт алуға мүмкіндік тудыру керек. Бұл іспен қандай мақсатта айналысып жатқаныңызды таразылап алыңыз. Қаншалықты жұмысты игере алғаныңызды да анықтаңыз. Нақты нәтижесі қандай болатынын жоспарлау керек. Сізге кедергі болатын факторларды жоюмен айналысып көріңіз. Ән тыңдаңыз, серуендеңіз, мотивация беретін фильмдер қараңыз. Өзіңіздің іске қабілетіңіз бар екенін аңғарған соң іске қайтадан кірісіңіз.
Желкелейтін ешкім жоқ
Иә, хоббиіңізге айналған жұмыста сізді желкелейтін, сізден нәтиже талап ететін адам болмайды. Сол себепті көп жағдайда нәтижеге қол жеткізе алмай жатамыз. Ерінеміз. Немен айналысу керектігін таңдау мен қателіктен қорқу сіздің басты жауыңыз.
Шешу жолдары: ойластыра бермей, іске кірісіңіз. Қайбір істе болмасын, істі жасаудың бірнеше нұсқасы болады. Сізден талап етілетіні тек сол істердің бірін уақыт өткізбей таңдап, кірісіп кету. Егер таңдауыңыз сәтсіз болып шықса, өзге нұсқасына көшесіз. Сыныққа сылтау іздей бермеңіз. Өзіңізге қойып алған арнайы кестеден ауытқымай, арманыңызға қол жеткізуге асығыңыз.
Өзіңізге деген сенімсіздік
Қандай да бір іске ынта-шынтаңызбен кірісіп айналысқан соң оның нәтижесін өзгелер сынап ала жөнеледі деп қорқамыз. Жұмысты бағаламайды немесе өзгелер 100 есе жақсырақ етіп жасайды дейміз. «Мүмкін менің бұл іске қырым жоқ шығар?» деген секілді ойлар дендеп алады.
Шешу жолы: өзіңізге баға беруден бұрын көзді жұма сеніп, ісіңізбен айналысып кетіңіз. Барлығына да ұнауға тырыспай-ақ қойыңыз, бар болғаны ісіңізді мінсіз етіп атқарыңыз. Істі өзіңіз үшін жасаңыз. Есіңізде ме, бұл хобби ғой? Сол үшін де айтылған сынның ішіндегі конструктивті, обьективтілеріне ғана назар аударғаныңыз абзал.
Егер өміріңізді өзгерткіңіз келсе «реалист» бола бермей, армандауды үйреніңіз. Ал нағыз арман – бұл нәтиже!
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: mypage.ru
А. Құлтай