Бұл оқиға 1993 жылы көктем мерекесі қарсаңында Гонконг кеденінде болған еді. Кеден тарихындағы жазбаларда осы бір болымсыз оқиға әлі күнге алтын әріппен сақтаулы.
Қытай мен Гонконг шекара кеденінде жолаушылар қайшы алысады. Кеден қызметкерлері де қарбаластықта жүрген. Кенет, әскери шенді киім киген, кеудесінің өңірі медалға толы сақа генерал жұрт назарын бірден аударды. Өйткені, ол қолына бір құмыра асқа қолданылатын күнбағыс майын қатты сығымдап ұстап алған еді.
Кеден қызметкері қариядан:
- Ақсақал, құмыраның ішіндегі не нәрсе? – деп таңырқай сұрады.
- Күнбағыс майы, - деп жөнсал жауап қатты қария.
Мұны естіген көпшілік бір қарт генералдың жарты құмыра күнбағыс майын сонау ұлы құрлыққа не үшін алып бара жатқанына таң қалды.
Қарияның жүзінде қайғы-қасіреттің табы жатқандай сезілді. Ол дауысы қарлығып, қамығыңқы көңілмен:
- Бұл 44 жылдың алдында болған оқиға еді. Бір күні түсте шешем тамақ істеп жатып, үйде күнбағыс майының таусылып қалғанын байқады. Содан мені жақын маңдағы дүкеннен жарты литр май әкелуге жұмсады. Үйден шығарымда, балам, тез орал деп алаңдаушылықпен ескерткен еді, - деді.
Осы кезде қарттың жүзін жас жуып кетті. Ол аз кідірді де, буынын бекітіп сөзін жалғады:
- Мен үйден шыға бере әскери киім киінген бір топ адамға кездестім. Мылтықтарын кезеп біздің қатарымызға қосыл деп қорқытты. Алмағайып заман. Жан сауғалау үшін олармен бірге талай қанды шайқас жүргіздім. Кейін келе әскери қосынмен ілесіп осында келдім. Содан бері отбасыммен хабарласа алмай келемін. Жуықта ғана туыстарымды іздеп табудың орайы туды. Олар маған шешемнің мен із-түссіз жоғалып кеткен соң жынданып кеткенін, кездескен адамға «күнбағыс майын алуға кеткен ұлымды көрдіңдер ме?» деп сұрай беретінін, есі ауысып жылай беретінін айтты.
Қарияның әңгімесі аяқталғанда, кеден қызметкерлері мен жолаушылардың жүзін еріксіз жас жуып кеткен еді.
Дайындаған: Алшын МАТАЙ
Сурет: baidu.com