- Негізгі бет
- Психология
- Ғашықтар арасындағы қорқыныш...
Ғашықтар арасындағы қорқыныш
Ғашықтар неден қорқады? Олардың қарым-қатынасы жақсаруы үшін не кедергі? Әдетте, «сезімін білдіре алмайды», «телефонның ар жағында тым жақсы, көз бен көз түйіскенде, үнсіз» деген сөздерді құлағыңыз шалып қалатын болар. Бұл түсініксіз сезім жұптардың бәріне тән емес. Тек кей адамдар өз сезімін білдіруден жасқанады. Неге?
1. Эмоционалды қорқыныш
Кеңістіктер түйісуі. Қыз бен жігіттің өз кеңістігі бары анық. Бұл кеңістік өз алдына оқшауланады. Оқшаулану бар жерде бірігу де болуы керек. Әркім өз «бөлмесінде» құлыптанып отырса, бір-біріне деген сезім өше бастайды. Яғни, ғашықтар бір-бірінің қызығушылығын бес саусақтай білуі керек. Егер жігіт жауынгерлік күрестерге қызықса, сүйіктісі мұны қабылдай алуы тиіс. Сәйкесінше, егер қыз қыш құмыра жасауды қызықтаса, сүйгені оны «баланың ісі» деп бағаламауы керек. Егер бірі бірінің таңдауын қолдамаса, араларында эмоционалды қорқыныш пайда болады. Яғни, «мен мұны жасасам, оған ұнамайды, ұрысып тастауы мүмкін» деген секілді ой жегідей жейді. Сенімсіздік, уайым, үрей, қорқыныш осыдан күшейе түседі. Одан кейін жеке кеңістік те тарыла бастайды. Еркіндік те бара-бара жоғалады.
Арылу үшін: Бір-біріңізге мақтанышпен қараңыз. Қолдау көрсетіп, әрдайым жанында болатыныңызға сендіріңіз. Сіз де оның кеңістігіне еніп көріңіз. Оны да өз қызығушылығыңызға тартыңыз.
2. Танымдық қорқыныш
Қоршаған ортаны қабылдау. Әр адам бір нүктені әртүрлі көреді, яғни, әртүрлі оймен жеткізеді. Бірі «сөйлемнен кейінгі нүкте» десе, екіншісі «ақтың үстіндегі дақ» дейді, ал келесісі «кінәлі адам» деп басқаша ой өрбітеді. Егер жігіт жауын астында жүргісі келмесе, ал сүйіктісі ақ жауынның нұрына шомылғысы келсе, оған таңырқай қараудың қажеті жоқ. Екеуінің арасындағы таным әртүрлі болса, қорқатын ештеңе жоқ. Ақын мен дәрігер, суретші мен аспазшы, есепші мен әнші. Шабыт, қиял, таным әркімде әртүрлі. Бірақ махаббат бір.
Арылу үшін: Танымды өзгертемін деп ойламаңыз. Егер ол терезеге үңілсе, бір нүктеге 1 минуттан ұзақ қадала қарап отырса, кедергі келтірмей-ақ қойыңыз. Оған қоса, оның қылығын сөкпеңіз.
3. Рухани қорқыныш
Үндестік тапшылығы. Салт-дәстүр әр жерде әртүрлі. Мысалы, еліміздің батыс өңіріндегі салт-дәстүр мен шығыс дәстүрлері аса ұқсай бермейді. Руға байланысты араздықтар, дәстүрдің сәйкес келмеуі ғашық жұпқа кедергі келтірмеуі тиіс. Не болмаса жігіттің өмір сүру қағидалары сүйгеніне таңданыс тудырмауы керек.
Арылу үшін: Бар қалпында қабылдаңыз. Уақыт өте келе ол да сіздің табиғатыңызға икемделуі мүмкін немесе керісінше, сіз оған икемделесіз. Одан қорқудың қажеті жоқ.
Сонымен, ойымызды қорытсақ, ұлы сезімнің арасына ештеңе кедергі бола алмайды. Кедергіні адам өзі жасап алады. «Мен классикалық өлеңдер тыңдаған емеспін, тыңдамаймын да» деген сөз – сыныққа сылтау. Классикалық әуенді тыңдамаған болса, бір рет тыңдап көрсін, кейінгісін көре жатар. «Талғамың төмен екен» деп сөгу мәдениетсіздік әрі бұл сөз сүйіктіңіздің бойындағы қорқынышты тудырады. Есіңізде болсын, сіз де оның талғамындағы адамсыз.
Г. Берік