Көп қыз жігіттің сұлу келбеті мен қалтасының қалың болуынан мейірімділігін, тұрақтылығын, ақыл-парасатын артық көреді. Алайда жігіт бойында бұл қасиеттердің біздің мінезімізге байланысты көрініс табатынын қыз қауымы мойындай бермейді.
Олар өздерін біздің жанымызда барынша мәдениетті, батыл етіп көрсетуге тырысады. Және осылай көріне алғандары үшін іштей масаттанып қояды. Сол себепті, олар үшін өмірлік серік - ең сұлу, ең ақылды, ең табысты бойжеткен емес. Әрдайым демеу болар сүйіктілері – осы күйге түсуге мүмкіндік беретін жандар.
Басқаша айтқанда, жігітті осы күйге түсіре білген қыз оның сүйіктісіне айналады. Олай болса, жігіттердің бойында бойжеткендердің арқасында көрініс табатын қасиеттерді талдайық.
♥ Көркем сөйлеу
Қыз жігітке жылы сөздер айтып, сыпайы сөйлеген сайын олар да өз кезегінде әдеби тіл нормасынан ауытқымауға тырысады. Ал керісінше сүйіктісі былапыт, жаргон сөздерді көп қолданатын болса, олар да дауыс көтеріп сөйлеуге бейімделеді.
♥ Жұмысқа қабілеттілік
Сүйіктісі мазасын алмай, барынша жайлылықты қамтамасыз етсе, жігіттің есте сақтау қабілеті жақсарады. Логикасы жақсы жұмыс істеп, қоғамдағы беделінің артуына септігі тиеді.
♥ Парасаттылық
Сүйіктісі сөзіне құлақ асқан сайын жігіт жауапкершілікті мойнына алып, барлығын ақылмен жеңуге тырысады. Керісінше болған жағдайда бар ақылын арадағы кикілжіңді шешуге жұмсайды.
♥ Мақсаткерлік
Сүйіктісі айналысып жүрген қызметіне қызығушылық танытқан сайын, жігіт бойында мақсатқа талпынушылық қасиет көрініс табады. Және барынша пысық мінезді екенін көрсетуге тырысады. Керісінше сүйіктісі жігіттің қызығушылығына мән бермей, бей-жай қараса, еш нәрсеге қабілетсіз болып қалады.
♥ Шыдамдылық
Сабырлы мінез – көп қыз армандайтын қасиет. Оған кез келгені қол жеткізе алмайды. Әдетте сүйіктісі кемшіліктеріне көз жұма қараған кезде жігіт те оның еркелігі мен қырсықтығына түсіністікпен қарайды.
Сурет: ©Дониер Шарипов