- Негізгі бет
- Психология
- Ғашық жандар неге...
Ғашық жандар неге айғайлайды?
Жүректеріңіздің бір-бірінен алыстауына мүмкіндік бермеңіздер. Араларыңызды суытатын сөздерді мүлдем айтпаңыздар.
Бір күні ұстаз шәкірттерінен: «Адамдар ренжіскен кезде бір-біріне не себепті дауыс көтеретінін білесіздер ме?» - деп сұрады.
Шәкірттерінің бірі: «Адамдар сабырлы болу сынды қасиетін жоғалтқанда айғайлайды», - деп жауап берді.
«Бірақ айғайлаудың не қажеті бар? Ол адам жаныңда тұр емес пе?» - деп ұстаз қайта сұрады. - «Ақырын сөйлеуге болмай ма? Қатты ашуланып тұрсаң да, жақсы көретін адамыңа дауыс көтерудің не қажеті бар?»
Шәкірттері түрлі жауап айтса да, ұстаз олардың біріне де қанағаттанбады. Соңында өзі түсіндіріп берді.
«Адамдар бір-біріне көңілі толмаған кезде ренжіседі. Нәтижесінде жүректері бір-бірінен алыстайды. Осы ара-қашықтықты жеңу үшін, дауыстарын бір-біріне естірту үшін қатты айғайлайды. Қаншалықты қатты ренжісе, жүректері соғұрлым алыстап, дауыстары да соғұрлым көтеріңкі болады.
Ал адамдар ғашық болған кезде қандай құбылыс жүзеге асады? Олар айғайламайды. Олар барынша ақырын сөйлейді. Мұның барлығы қос ғашықтың жүректерінің түйісіп, бір-біріне жақын тұруынан».
«Ал адамдар қатты ғашық болған кезде не болады?» - деп ұстаз сөзін жалғады. - «Ғашық жандар бір-бірімен тілдеспейді. Бар болғаны сыбдырласады. Осылайша махаббаттарына жақындай түседі. Артынша сөйлесуді де қажетсінбейді. Бір-біріне үнсіз ғана қарап, сөзсіз түсінеді. Бұл құбылыс барлық ғашық жанның басынан өтеді.
Олай болса, жанжалдасып, сөз таластырып жатқан кезде жүректі қарып өтетін ауыр сөздер айтпаңыз. Осылай жалғастыра беретін болсаңыз, қайтар жолы көрінбейтін тығырыққа тірелуіңіз мүмкін.
Қарым-қатынас құру өте қиын. Бірақ өзіңіз үшін әрекет етпесеңіз, мұны сіз үшін кім жасап береді?
Қ. Бүйенбай