- Негізгі бет
- Психология
- Ғашық болғым келеді......
Ғашық болғым келеді...
Ұзақ қысты өткеріп, көктемге де жеттік. Шуақты күндер романтикалық көңіл-күйге бөлеп қоймайды. Алайда сіздің әлі жігітіңіз жоқ. Неге? Неліктен ғашық бола алмай жүрсіз?
Көзін қысып жүрген жігіттер, неліктен екені белгісіз, көңіліңізден шықпайды. Барған кеште, оқитын университетіңізде, тіпті көшеде де танысуға тұрарлықтай ешкімді таппайсыз. Мүмкін мәселе сізде болар? Өзіңіздің белгілеріңізді іздеп көріңіз.
Тым талғампазсыз
Бала кезіңізден қасыңызда тек ерекше сұлу, сәтті, бай ер кісілер болған шығар. Әкеңіз, ағаңыз, бұрыңғы жігітіңіз нағыз еркектер қатарынан ба? Мүмкін сіз жұбыңыз рөліне осындай аса мінсіз, керемет жанды іздейтін боларсыз? Ал қасыңыздағы жігіттер олардың қасында да тұрамайтын болып көрінеді.
Кеңес: Егер сіз талғампаздықтың құрбанына айналсаңыз, барлық еркек атаулысынан бас тартуға асықпаңыз. Көрінген жігітті бұрынғыларымен салыстыру әдетінен арылыңыз, әр жігітті адам, тұлға ретінде қабылдап, өзіндік ерекшеліктеріне назар аударыңыз. Сол сәтте өзіңіздің қасыңыздан сұлу, мейірімді, жомарт жандарды байқайсыз. Соған көз жеткізгеннен кейін, арасынан таңдай беріңіз.
Қолыңыз бос емес
Сабақпен не жұмыспен бос уақытыңыз мүлдем болмайды. Кездесуге бару тұрмақ, танысуға мұрша болмағанда, қандай сезім? Алайда оқуда не жұмыста сәтті болумен бірге жаныңыз жылу мен қамқорды қалайды.
Кеңес: Ең бастысы өзіңізге не қажет екені жайлы ойланыңыз. Егер оқуыңызда не жұмыста маңызды кезең болса (мысалға, диплом жазу, шетелге оқуға түсу, жаңа қызметте жақсы көріну, өз ісіңізді ашу), қасыңызда сіз сияқты сәтті жігіттің жоқ екендігін айта бермей, махаббат жетіспейді деп күрсінудің қажеті жоқ. Өзіңіздің басты мақсатыңызды айқындап, соған тезірек жетіңіз. Мүмкін сол кезде махаббатқа да уақыт табылар.
Ал егер жұмысыңыз не оқуыңыздан бірер уақыт жігітке бөле алсаңыз, жігітке кәсіби тұрғыдан қарау әдетін тастаңыз. Қанша айлық табасыз, қандай жоба жасадыңыз, дипломның тақырыбы - бұндай мәселелер жігіттерге еш қызық емес. Ол сізді мансап жолындағы сәттіліктер үшін сүймейді. Жігітке бар керегі сіздің қасыңызда ыңғайлы, жайлы болуы. Сондықтан жігіттерге әріптес, бәсекелес ретінде қарамаңыз.
Ғашық бола бересіз
Кездескен жігіттердің бәріне болмаса да, жартысының көбін ұнатып қаласыз. Жұмыстағы әріптес, бұрынғы сыныптас жігіт, жаңа таныс... Әрине бұл махаббат емес, алайда солардың көз қысулары мен екі мәнді әзілдері көңіліңізді көтереді. Нәтижесінде - жігіт көп, алайда махаббат жоқ.
Кеңес: Махаббат, ғашықтық жайлы ойламаңыз. Әр жігіттен өзініңіздің ханзадаңызды көрсеңіз, шешім жасай алмай, тығырыққа тірелесіз. Шын мәнінде кімге не сезетініңізді білмей, жалғыз қаласыз. Одан да жігіттер, көктем, махаббат, романтика жайлы ұмытыңыз. Өзіңіздің істеріңізбен айналысып, жаңа қызығушылықтар табыңыз. Сіздің адамыңыз өміріңізде пайда болғанда, оны байқамай қалу мүмкін емес болады.
Махаббаттан көңіліңіз қалды
Жас кезіңізде басыңыздан сұмдық махаббат оқиғасы өткен дейік. Сезімнің тәттісін де, ащысын да татып, оны енді қажет қылмаймын деп жүрген боларсыз?
Кеңес: Өзіңзден жасы үлкен әпке-жеңгелермен әңгімелесіп көріңіз. Олардың өмірлік тәжірибесі молырақ, солардың махаббат хикаяларын тыңдап көріңіз. Махаббат деген не? Олардың махаббаты неден бастау алды? сынды сұрақтар қойыңыз. Әрине біреудің тағдырын қайталауыңыз екіталай. Алайда тәжірибе жинап, өмірдің сан қилы болатындығына көз жеткізесіз.
Ал сіз ғашық болуға дайынсыз ба?
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: vk.com
С. А