- Негізгі бет
- Психология
- Ғалымдар тұжырымы: Баламен...
Ғалымдар тұжырымы: Баламен аз сөйлесудің зияны көп
Бала туа салысымен онымен сөйлесе алмайтының анық. Тіпті, түнде дұрыс ұйықтамайтын баланы бағамын деп өзіңде де әл болмайды. Бала өсе келе әңгімеге жауап бере бастайды. Дегенмен, зерттеулер көрсеткендей, кейбір ата-ана балаларымен мүлдем сөйлеспейді және оның ұзақмерзімді кері әсері өте көп, - деп жазады ВВС.
Автордың айтуынша, адамның болашағына көп әсер ететін негізгі фактордың бірі – тіл. Ал көптеген нейробиологтардың зерттеулері бала тілінің шығуы мидың дамуына жақсы әсер ететінін көрсеткен еді.
"Нейробиологтар бала сөйлей алмаса да, оған тіл қатудың пайдалы екенін анықтады. Ата-анасы көп әңгіме айтқан балалардың ой қабілеті жоғары деңгейде болады. Яғни, пассивті тыңдау да балаға жақсы әсер етеді. Мидың әлеуметтік және тілдік қатынастарға жауап беретін бөлігі балалардың ата-анасымен қатынасына байланысты болады. Ата-анасы баласына қарап сөйлегенде тілдік қабілеттер дамиды және дүниетаным деңгейі артады",- дейді ғалымдар.
Бұл қызық: Ақша мен бала
Сонымен қатар, ғалымдар ата-анасы сөйлесу үшін баласына уақыт бөлген балалардың тіл байлығы мол болатынын да анықтаған.
"Ересектер күнделікті күйбең тірлік пен күйзелістен балалармен сөйлесуге аз уақыт бөледі. Дегенмен, біздің балалармен қалай сөйлесетініміз, оларды қалай тыңдайтынымыз олардың миының дамуына жақсы әсер етеді",-делінген мақалада.
Т. Раушанұлы