Сандардың адам өміріне әсері жайында ғалымдар көптен бері айтып келеді. Олардың ұзақ жылдар бойы жүргізген зерттеулері сандардың адамның денсаулығына, бақытына, мансабына тікелей әсер ететіндігін көрсетіп отыр. Бұл тақырып ғалымдардың зерттеулерінің арқасында кеңінен талқыланды.
Мұнымен қатар, ғалымдар туған күннің өмірге әсерін зерттеген. Қант диабеті, жүрек-қан тамырлары, түрлі аллергиялар және басқа да аурулардың адам бойында көрініс табуы да осымен түсіндірілген. Тіпті, оң қолмен немесе сол қолмен жазатындығымыз, жалқаулығымыз бен жігеріміз, ұрпағымыздың саны да осыған байланысты екендігін дәлелдеген.
Аустриялық дәрігер 1950 жылдардың өзінде жазылмайтын аурумен ауыратын науқастарының бір уақытта туылғандығын байқаған. Бұл оның қызығушылығын арттырып, артынша онкологиялық аурумен ауырған 3 000 адамның туған күнін салыстырған. Жорамалы ақталып, мамыр мен тамыз айларының аралығында туылған адамдардың бұндай аурулардан аулақ болатындығын айтқан. Бұдан кейінгі зерттеулер де өз нәтижесін берді.
Күз мезгілінде туылған жандар туған күнін күн сәулесімен жарқырап тұрған шақта жасай алмаса да, көпшіліктің ортасында атап өтеді. Макс Планка атындағы демографиялық зерттеулер жүргізетін университеттің ғалымдары бұл мезгілде туылған адамдардың ұзақ өмір сүретіндігін анықтады. Бұл үшін Аустрия, Дания, АҚШ, Аустралия сынды мемлекеттерде 1968-1998 жылдар аралығында өмір сүрген адамдар зерттеу нысаны етіп алынған.
Ал қыс мезгілінде туылған адамдар жиі ауырады екен. Бристоль университетінің мамандары Ұлыбританияда 1919-1940 жылдар аралығында өмір сүрген 60 және 79 жас аралығындағы әйелдерді зерттеген. Ол әйелдердің барлығы 23 түрлі ауданда тұрады. Қыс мезгілінде туылған адамдардың денесінде холестерин мөлшері көп болады әрі жүрек-қан тамыр ауруларына шалдығады. Суық мезгілде дүние есігін ашқан адамдардың жүрек-қан тамырлары ауруына шалдығу мүмкіндігі басқаларымен салыстырғанда 24 пайызға артық.
Адамның туылған айы мінезі мен бойына тікелей әсер етеді. Венский университетінің 500 адамға жүргізген зерттеуінің нәтижесі бойынша көктем мезгілінде дүниеге келетін жандардың оптимист әрі бойшаң келетіндігін айтқан. Ал солақайлар көп жағдайда қыркүйек айында туылады екен.
Ең бақытты жандар қыс мезгілінде дүниеге келеді. Бұны Хертфордшир университетінің мамандары дәлелдеп отыр. 40 000 адамға сауалнама жүргізген профессор адам туылған айлардың өмірлік көзқарастарына әсер ететіндігін айтқан. Жаз мезгілінде туылған адамдар барынша бақытты, белсенділігі жоғары, өмірге позитивтік тұрғыдан қарайды екен.
Ғалымдар бір ауыздан жоғарыдағы зерттеулердің жұлдызнама мен астрология ғылымына ешқандай да қатысы жоқ, бұлардың ананың сол мезгілде тамақтануына, климатқа, ағзадағы гармондарға байланысты екендігін айтады.
Жоғарыда аталған Цюрих университетінің мамандары бір топ адамдардың дәл туған күнінде өзіне қол жұмсайтындығын анықтаған. Мұндай күндері атаққұмар адамдар эмоциясына бой алдырып, артық әрекеттерге барады екен. Бұл зерттеу эмоциямен байланысты болса, канадалықтар мансап пен туған күн датасының ара-қатынасын ғылым тұрғысынан зерттеді.
Саудер университетінің мамандары жазда туылған адамдардың басқаруға қабілетсіз келетіндіктерін айтады. Бұны анықтау үшін 1992-2009 жылдар аралығында басшылық қызметте болған 500 компанияның 375 бастығының өмірбаяны пайдаланылған. Шілде мен тамыз айларында туылған балалар ерекше жағдайда ғана бастық болады екен. Ал наурыз бен сәуір айларының аралығында туылған адамдар керісінше бұл лауазымға әбден лайық.
Жазда туылған балалар мектепке ерте баратындықтан, өзгелеріне қарағанда қабілеттерін толық көрсете алмайды. Осының нәтижесінде бұл қабілет жасқаншақтыққа ұласып дамымай қалуы да мүмкін. Сол себепті баланы мектепке берерде мұқият болу керек. Адам баласының тұлға болып қалыптасуына физиологиялық факторлармен қатар қоғам да әсер етеді.
Ал сіздің туған күніңіз қашан?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: tourblogger.ru, oformi.ru