- Негізгі бет
- Психология
- Ғалым: Қыздарға қызыл...
Ғалым: Қыздарға қызыл киімдегі жігіт жағады
Қытайлық Уань университетінің ғалымдары қыздарға гардеробында қызыл киімі көп жігіттер ұнайды деген шешімге келіп отыр. Бұл туралы furfur.me хабарлайды.
Қытай зерттеушілері бұл арқылы британдық ғалымдардың бұған дейін жасап кеткен тұжырымын растады. 2010 жылы Рочестер университетінің ғалымдары «Зертханалық психология журналына» қызыл киімді еркектердің өзге ер атаулыларға қарағанда сұраныста болады деген тұжырым жасаған еді. Британдықтар бұл зерттеуді жасағанда қызыл реңкі бар киімнің әлеуметтік жоғары статустағы және басқаруға, билікке жақын адаммен байланыстырған.
Рочестер университетінің профессоры Эндрю Эллиот (Andrew Elliot) «Әйел адамның көз алдындағы қызыл киімде тұрған жігіт қалталы әрі мансап жолында жолы болған адамға ұқсайды. Ал әйел адамдар еркектің дәл осы қырына қарайды», – дейді. Ғалымның жасаған зерттеулерінде қызыл түстің әсерін білмеген қатысушы әйелдер бейсаналы түрде осы түсті таңдапты. Профессор Эллиот мұны қыз балалардың биологиялық тегімен байланыстырады.
Маманның ойынша, ер адамдар табиғатынын жабайы әрі жыртқыштық өмір салтына бейімделсе, ал әйелдердің табиғатын дәл осы таңдаудан байқауға болады екен. Зерттеуге барлығы 288 әйел мен 25 ер адам қатысып, 7 түрлі кезеңнен өткен. Олар осы кезеңдерде әртүрлі түстегі киім киген ер адамдардың сымбаттысын таңдауы керек болыпты. Жігіттер жағы киім түрі мен түсіне аса назар аудармаса, әйел адамдардың басым бөлігі тартымдылық, тұрмысқа шығуға дайын үміткер және басқа да қарым-қатынас құруға болатын ер адам деген топтарға бөліп, оның ішіндегі қызыл киімділерге көңіл аударған. Нәтижесінде ғалымдар АҚШ, Англия, Германия және Қытай елдеріндегі қыз балалар «қызыл киім эффектісінің» қақпанына көп түсетінін анықтады.
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: photo.99px.ru
А. Құлтай