- Негізгі бет
- Психология
- Ғаламтордағы ғашығым... ...
Ғаламтордағы ғашығым...
Заман көші ілгерілеп, адамзат баласы техникаға телмірген сайын тағдырлар да сан түрлі тоғысады екен. Жиырма бірінші ғасырға аяқ басқалы, ғаламтормен танысу қанымызға сіңіп кеткендей. Тіпті, ғаламтор желісімен де бірін-бірі тауып, отау құрып кеткендер кездесіп жатады. Бұндай оқиғаларға күнделікті өмірде жиі куә болып жүрміз.
Біреулері уақыт таппай, жай әңгімелесіп жүрсе, бірі мониторда көрінген екі-үш ауыз жылы сөзге шаттанып, қиял жетегінде кетіп жатады. Расымен, интернет – жалғыздықтан арылу құралы. Кешкілік әлеуметтік желілерге кірсеңіз болды, сізді барлығы «қуана қарсы алады». Әрине, дүниеге келген әр жаңалықтың өзіндік артықшылығы мен кемшіліктері болады. Танысу сайттарының артықшылығы – әңгімелесушіні жақынырақ танып, мінез-құлқын аңғаруға мүмкіндік береді. Оның қосымшасында тұрған әндерді тыңдап, жан дүниесін, талғамын байқауға болады. Әсіресе өз сезімдерін қыздарға білдіре алмайтын, өзіне сенімсіздеу жігіттерге пайдалы. Өкінішке орай, қазір хат жазатын заман болмағандықтан, өз сезімдерін қыздың бетіне емес, осылайша желілермен жеткізеді. Сөйтіп ғашықтар жүрегі бір деммен соқпай, алыста отырып, үйленіп не виртуалды «кездесіп» жүргендер көп. Алайда осы виртуалды өмірдің кесірінен, небір алаяқтардың құрығына түсіп, алданған қыздарымыз қаншама? Сондықтан бұл танысу түріне арнайы шектеулер мен ескертулер қойған абзал:
* Ғаламтордағы әңгімелесушінің парақшасын түгел қарап, танысып шығу қажет;
* Әңгімелесу барысында нақты позициядан таймаңыз, яғни танысқан күні кездесу ұсынса, ұсынысын елеусіз қалдырғаныңыз жөн.
* Бейтаныс жігітпен дөрекі сөйлеспеңіз. Ұнамайтын, не жағымсыз әңгіме айтып жатса, жауаптан сытылып, қара тізбектер тізіміне қосқан дұрыс.
* Күнделікті онлайн-ханзадаңыз жазған «сен үшін бәріне дайынмын», «өмірімнің мәні тек сенсің» деген секілді сөздерге мән бермеңіз. Әдетте осындай сөздерден кейін, әйелдер қауымы қиялға батып, экранның арғы жағындағы адамнан ерекше тұлға жасайтыны бар.
* Егер әңгімелеріңіз жарасып, жақын араласып кетсеңіздер ол сізді кездесуге шақырары анық. Кездесу мекенін өзіңіз белгілеңіз. Көпшілік ортада яғни саябақта, не ойын-сауық орталықтарына барыңыз. Мейлінше, кеш батпай кездескеніңіз жөн.
Бұндай сайттардың тұрақты мүшелері, жалғызбасты әйелдер мен жас қыз-жігіттер. Статистикалық мәлімет бойынша, 14-35 жас аралығындағылар. Бұл кезеңде адам жетілу мен әлсіреуді бастан кешіреді. Көңілшек боп, әр сөзге мән беріп, айтылған не жазылған жылы сөздер көңіліне медеу болады. Онлайн-ханзаданың құрығына түсіп қалмас үшін, адамның мінезін тану керек. Олар көбіне парақшадағы басқы бетке түр-әлпеті келіскен сұлу әншілерді, актерлерді, танымал адамдарды қоюы мүмкін. Өзі туралы сауалнамада толтырылған бағананың аз болуы да адамның жұмбақ екенін аңғартады. Желіде отырған кезде, жазған сөздерін, көңілден шығарып, жүрек жібітіп, ерекше сезімге бөлейтін «романтиктер» қателіктің себепшісі болуы әбден мүмкін. Егер ол, өзі айтпақшы сымбатты, ақылды, табыскер болса, ол кісіге монитордың ар жағына тығылудың қандай қажеті бар? Өзі бейнелегендей жігіт болса, оған қыздардың көңіл аудармай, бей-жай қалдыруы мүмкін емес. Осындай жандарға алданған қыз-келіншектер жай ғана қызыл тілдің құрбаны болып отыр.
Сурет: frau-liebe.com
Н. Айдархан