Әлемде ара секілді шыбындар бар. Мұны биология эволюциясында мимикрия, яғни қорғаныш реңі деп атайды. Бұл – эволюция барысында бір түрдің өзге түрге еліктеуі немесе өз тұқымын сақтау үшін күштірек нәсілдің кейбір қабілетін өз бойына сіңіру қабілеті. Яғни, шыбын жасанды араға айналады.
Еліктеу қаншалықты дұрыс? Неге көзге қораш көрінетін заманауи өзгерістерге үлкендер үрке қарайды? Өйткені, қазіргі қоғамның созылмалы резеңкеге айналғаны соншалық, еліктеудің әсерінен адам ойына келмейтін іске барады.
Жастар тың идеяны жүзеге асырып, жаңа тұлға қалыптастырудың орнына өзге біреудің сыртқы сәттілігіне, олардың болмысы мен іс-әрекетіне бас иеді.
Бұл – адамдардың арасындағы мимикрия құбылысы, жастардың тілінде айтсақ «фейктердің» әлеміне өтіп барамыз. Фейк (ағылшынша fake – жасанды, көшірме, алаяқ әрекет). Сіз күнделікті өміріңізде мыңдаған фейктерді кездестіресіз.
Фейк адамдар – кімдер? Олар – кәсіби мамандар емес, жай ғана қызығушылар. Олар – бастаушы күш емес, артынан еретіндер. Олар барлық іспен бір уақытта айналысады, бірақ жан-тәнімен белгілі бір іске кірісе алмайды. Олар – әлемдік трендтің барлығынан хабардар. Бірақ, білімі таяз.
Еліктеу керек, дегенмен оған бару үшін де ақыл керек. Сіз өзгенің өмір сүру стратегиясын көшіріп ала аласыз. Әрине, оны толық зерттеп, сізге неге керек екенін ұқсаңыз болды. Гете: «Жастардың ең сорақы қателігі – олардың өзгелер мойындаған ақиқатты мойындаса, өздерінің ерекшелігін жоғалтып аламын деп пайымдауында»,– деген болатын.
Дегенмен, әлемде еліктеу кезеңдерінің соңғысына өтіп кетіп, жапа шегіп жататындар бар. Олардың қателігі неде деген сұраққа былай жауап береміз.
Біліктілік пен мінез арасындағы айырмашылықты түсінбеу.
Егер адам белгілі бір нәрсеге қатысты маман болса немесе «жұлдыз» атағына ие болса, ол ақпараттың барлығын біледі деген сөз емес. Оның, тіпті, барлық жағдайда кеңес айтуға құқы жоқ. Біліктілік білім деңгейінің бір санатына қатысты. Мінез де сол секілді.
Себеп пен салдар арасындағы байланысты ұға бермейді.
Адамдардың назарын аударту үшін қабілет пен жеке қасиеттердің жинағы керек. Көп адамдар салдар мен себеп арасындағы байланысты шатастырып алады. Толық түсіну үшін сіздерге мына мысалды айтайын. Бірнеше табысты кәсіпкерлер университетті орта жолдан тастап кеткен. Енді сұрақ: Бұл кәсіпкер болу үшін университетті тастап кету керек деген түсінік қалыптастыра ма?
Сұраққа бір жақты жауап беру қиын. Өйткені, атақты болмаса да, университет бітіріп табысқа қол жеткізгендердің саны қанша екенін дөп басып айту қиын. Екіншіден, бар ойын бір арнаға бұру үшін университетті тастап кеткендердің нешеуі биікті бағындырғанын да білмейміз. Сондықтан, біреудің жетістік жолымен жүремін деп, себепсіз шешім қабылдау – ақымақтық әрі жасанды өмірге деген тәуелділік.
Сәттілік пен батырлық қаншалықты сәйкес келеді?
Батыл қадам жасап, дегенмен, сәтсіздікке ұшырайтын адамдар бар. Бірақ, батылдық болмаса, сәтсіздіктің не екенін де білмеуші еді. Яғни, өмірде бір нәрсеге қол жеткізу үшін бойыңызда батылдық болу керек. Әрине, қажетті мөлшерде ақыл артық етпейді.
Фейктер көп жағдайда еріншек болады. Өйткені, ойлануға уақыт пен күш жұмсағаннан гөрі, бар нәрсенің көшірмесін жасағанды оңайырақ көреді. Еліктеңіз, бірақ керекті ғана алыңыз. Көзсіз еліктеу нәтижесінде өзіңізді жоғатасыз.
Шынайы болыңыз!