- Негізгі бет
- Психология
- Есімді есте сақтау...
Есімді есте сақтау жолдары
Танысыңызды кездейсоқ кездестіріп қалдыңыз, бірақ есімін еске түсіре алмадыңыз ба? Немесе жаңадан танысқан кезде 5 минуттан кейін есімін қайтадан ұмытып қалсаңыз не істейсіз? Бұл көп адамда кездесетін жағдай. Сонымен, адамның есімін қалай есте сақтау керек? Алдымен оның себептерін анықтап алайық.
Есімдерді неге ұмытамыз?
Психологиялық зерттеулерге сәйкес, адамның жасы ұлғайған сайын, есте сақтау қабілеті де төмендей түседі екен. 85% егде кісілердің есімдерді ұмытып қалуы дәлелденген. Бірақ ұмытшақтық тек қарт кісілерде ғана емес, жастар арасында да жиі байқалады.
Біз бір адамды жаңадан кездестіргенде оның даусына, сөйлеу мәнеріне, жүзіне, сыртқы келбетіне, ым-ишарасына басты мән береміз және оның біз туралы жақсы әсерде қалуын ойлап тұрамыз. Осындай миға көп ақпарат жинап тұрғанда, қарсы алдымыздағы адамның есімін ұмытып қаламыз.
Есімді есте сақтау маңызды!
Әңгімелесушіңіздің есімін атап қаратсаңыз, көңілін өзіңізге аудару оңай. Тіпті ең шулы жерде сол адамның атын атағанда оның миы іске қосылады. Сондықтан көптеген көшбасшы саясаткер есімдерге көп мән беріп, оны көбірек пайдалануға тырысады. Мұның нәтижесі белгілі: сіздің есіміңізді біреу атап шақырса, оның есінде екеніңізді білу жағымды әсер етеді және керісінше, ұмытшақтық жағымсыз эмоцияларға жол ашады.
Егер сіз есімдерді тез ұмытатын болсаңыз, төмендегі бірнеше кеңеске құлақ асыңыз.
Қайталаңыз
Танысқан кезде басыңызды изей салып, әрі қарай әңгімені жалғастыра бермей, сұқбат арасында әңгімелесуші адамның есімін атап отырғаныңыз дұрыс. Мысалға: «Сәлем, Дәулет, танысқаныма қуаныштымын» немесе сұрақ қойыңыз: «Дәулет, сізге қандай іспен айналысқан ұнайды?» тағы сол сияқты. Бірақ тым артық кетпеңіз – есімін көп айта бермеңіз. Сонымен қатар, қоштасар кезде атын атап, бет-бейнесін жақсылап есте сақтап қалыңыз. Бұл келесі кездескенде есімін ұмытып қалмауға көмегін тигізеді.
Жазып алыңыз
Кездесуден кейін әңгімелескен адамыңыздың есімін жазып алыңыз. Тегін, мамандығын да жазып қою ол адам туралы көпке дейін біліп жүруіңізге сеп болады. Егер сіздің визуалды есте сақтау қабілетіңіз жақсы дамыған болса, әңгіме кезінде оның визит карточкасын сұрап алыңыз. Әңгімелесу барысында оқып отырып, кейін еске қайта түсіру оңайырақ болмақ. Ес психологиясын зерттеу саласының сарапшысы Гари Смол егер адамның есімі қиын әрі сирек кездесетін есім болса, жазып беруін өтінуді ұсынады.
Байланыстырыңыз
Жаңа есімді естіген кезде басқа бір затпен, көрініспен ассоциация жасау пайдалы. Ол оның мамандығы, қызығушылығы, тұратын жері болуы мүмкін. Мысалға, Жібекті – жібек матаға, Әлияны – атақты әнмен немесе Әлия Молдағұловамен, Гауһарды – гауһар тасымен деген сияқты.
Ұқсатыңыз
Кездескен адамыңыздың келбеті ерекше ме? Сіз танитын адамға ұқсай ма? Тіпті, туыстарыңыздың арасында аттас жандар болса, солармен байланыстырыңыз. «Мына қыз Мөлдір Әуелбековаға ұқсайды екен, есімі – Салтанат» немесе Жансұлу – Күнсұлу деп байланыстырсаңыз, Жансұлуды көргенде Күнсұлу көз алдыңызға келіп, Жансұлу есімін еске түсіресіз.
Мән беріңіз
Бірінші рет кездесіп тұрған адаммен танысқанда есіміне үлкен мән беріңіз. Егер сіз жаңа есімді есте сақтауға саналы түрде бел бусаңыз, еш нәрсе кедергі болмайтынын есте сақтаңыз.
Дайындаған: Назерке Смағұл
Сурет: vz.ua
Y. Smaghul